Басты бет / Балалар әлемі / Бала тәрбиесі / Балаңызды ұрасыз ба?

Балаңызды ұрасыз ба?

Сіз балаңызды ұрасыз ба? Осы сұраққа жауап беруден бастасақ. Кейбіреулер «Онда тұрған не бар? Бізді де ұрған. Қисайған жеріміз жоқ. Керсінше, көп жайтты түсініп өстік» деуі мүмкін. Сонда қаншама көз жасыңыз төгіліп, жаныңыздың ауырғанын ұмыттыңыз ба? Өзіңізді керексіз жандай сезініп, ата-анаңызға талай рет өкпелегеніңіз ше? Тіпті, «өліп қалсам, жақсы болар еді – менің қадірімді білер еді» дегеніңіз де есіңізден шықты ма? Онда неге сіз балаңыздың дәл сол азапты сәттерді басынан өткізгенін қалайсыз? Қиналып, жүрегінің сыздағаны сіз үшін түкке тұрғысыз нәрсе ме? Өкінішке орай, кейбіреулер, бала тәрбиесін жұдырықсыз елестете алмайтындай. «Аюға намаз үйреткен — таяқ» деп ақталатынын қайтерсің?! Онда неге сіз ата-анаңыздан таяқ жегеннен соң: «Сіздерге үлкен рахмет! Маған ұнады» деген сөзді айтпадыңыз? Өйткені, тәрбиенің бұл түрі сізге де ұнамағаны анық. Ендеше, болашақ АДАМ тәрбиесіне басқаша көзбен қарасақ қайтеді?

Баланы ұруға болмайды, Балаңызды ұрасыз ба?
фото: stepandstep.ru

Қараусыз қалған жеміс ағашының бұталары қисайып кетіп, мәпелеп, үнемі су құйып, баптап өскен ағаштың тіп-тік, жайқалып өскендігі туралы аңызды бала күннен естіп-білдік. Сондықтан, жас өскін жапырағын жайғанша қамқорлыққа зәру. Бірақ, сол «қамқорлық» әркімнің түсінігінде әрқалай. Бірі – анда-санда болса да, ұрып тұрудың керектігін айтса, енді бірі – үзілді-кесілді қол жұмсаудың арты жақсылыққа апармайтындығына сенімді. Қалай дегенмен, ерлі-зайыптылар бала тәрбиесі тек ішкі мәселе деп қарайды. Бұл – қате пікір. Сіздің сәбиіңіз — ертеңгі қоғамды қалыптастырушы. Сондықтан, ол атаның емес, адамның баласы болуы тиіс.

Құранда «Балаңызға 5 жасында намаз оқу керектігін айт. Жеті жасында оқымаса, ұр» делінген. Мұндағы «Ұр» сабап таста емес. Бірақ, ата сөзін қаперіне алмағаны үшін жазалау керектігін астарлап ескерткен. Таяқпен ұруға болады. Бірақ, ұрпағыңыздың теріс жолға түсіп бара жатқандығын басқаша түсіндірудің амалы қалмаған жағдайда ғана. Әйтпесе, ушықтырмай-ақ, уақытыңызды бөліп, балаңыздың ішіне үңіле білсеңіз көп жайттың шешімі табылатындығы сөзсіз. Тек сіздің тарапыңыздан шыдам болса болғаны.

Тәжірибелі кинологтар иттерді үйреткенде әдейі арандататын көрінеді. Ызасына тие берген соң, хайуан қабаған болады. Адам да сондай. Кішкентайынан таяқ жеп өскен бала, есейген соң ызақорға немесе қорқаққа айналады. Нәтижесінде ол да өз баласын осылай тәрбиелеуге кіріседі.

Көзіңізге елестетіп көріңізші: ұлыңыз немесе қызыңыз үстел үстінде жатқан пышақты қолына алады. Сіз мұны байқап, қолынан жұлып аласыз да, шапалақпен салып қаласыз. «Бұдан кейін қолыңа пышақ алғаныңды көрсем, жаныңды шығарамын» дейсіз. Балаңыз пышақты ұстаудың жақсы еместігін білді. Бірақ, неге олай екендігін түсіне алған жоқ. Өйткені, сіз оның өткір құрал екендігін, аңдамаған жағдайда жарақаттанып қалуы мүмкін екендігін егжей-тегжейлі түсіндірген жоқсыз. Керісінше, таяқтың көмегіне жүгіндіңіз. Бұл сіздің тәрбие барысындағы ең үлкен қателігіңіз. Баланың айналасынан қабылдайтын ақпараты өте көп болғандықтан, кейде анасының ескертпелерін ұмыт қалдыруы мүмкін. Бірден ашуға ерік бермей, қайта түсіндіріңіз. «Ұстама, тиме, жүгірме» деп белгілі бір шектеу қойғаннан гөрі, себебін анықтаған оңайырақ болар.

Ғалымдар әлі күнге баланы неше жастан бастап және қалай тәрбиелеу керек деген сұраққа бастарын қатырып жатыр. Ал, қазақ халқы оны әлдеқашан шешіп қойған. Тәрбиенің негізгі көзі – ана құрсағында басталады. Аяғы ауыр әйелге ерекше қамқорлық жасап, оның жеріктігін қандырып, айналасын мейірімге толтыруға тырысқан. Жаны тыныштықта болған әйелден, дені сау, мейірімді, текті баланың туылатындығын ескерткен. Одан кейін «Бес жасқа дейін балаңды – патшаңдай көтер. Он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, одан кейін досыңдай сырлас» деген. Бұл 5 жасқа дейінгі балаңды ұрма, соқпа. Жақсы мен жаманды айырып, түзу жолға бағытта деген сөз. «Құлыңдай жұмса» дегені – еңбекке баулы. Еңбекпен тапқан нанның тәтті екендігін ұғындыр десе керек. Ал, ес біліп, етек жиған соң, яғни 15 жастан кейін өзіңмен тең адамдай сырласып, өмірді таныт, ол да ертеңгі күні бір шаңырақтың әкесі болады дегені. Осы бір мақалдан-ақ халқымыздың бала тәрбиесінің басты құралын суреттеп кеткендігін аңғаруға болар.

Қызықты мақалалар

Бала күтуші ананы айырбастай алсын ба?!

«Бала — балым, баламның баласы — жаным» деп есептейтін еді біздің бабаларымыз. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз …

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика