Басты бет / Балалар әлемі / Бала тәрбиесі / Балаңыз өтірік айта бастаса…

Балаңыз өтірік айта бастаса…

Өтірік айтпайтын бала болмас. Кез-келген ата-ананың алдынан осы проблема ерте ме, кеш пе шығатыны анық. Психолог мамандардың пікірінше, дер кезінде қолға алса, бұл «аурумен» де күресуге болады.
Бала не үшін өтірік айтады? Бұл туыла сала пайда болатын қасиет емес. Жағымсыз әдеттен арылту үшін оның себебін анықтап алғанның маңыздылығы зор. Себебі әр түрлі болуы мүмкін. Біз өте жиі кездесетіндерін талдап көрейік.

Еліктеу
Әдетте бала 3 жасқа дейін жалған айтуды біле бермейді. Одан кейінгі уақытта айналасындағы адамдарға (ата-ана, достар, бауырлары) еліктей бастайды. Егер жан-жағындағылар баланың көзінше өтірік айтса, еліктеу арқылы жалған айтуды үйренеді. Мәселен, бірде балаңызды алдағы демалыста саябаққа алып баратындығыңызға уәде бердіңіз дейік. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты баруға мүмкіндік болмай қалды немесе ұмытып кеттіңіз. Тағы бірде телефон соққан адамға «үйде жоқ екендігін» айтуды тапсырдыңыз, т.с.с. Айта берсек, мысал өте көп. Ең бастысы, өзгеге ақыл айтпас бұрын дәл сол кемшілік өз бойыңызда бар ма, жоқ па соны анықтап алыңыз. Ұлыңыздың жасырын темекі шеккендігін анықтадыңыз. Бірақ, ол мойындамады. Әкеге қарап бой түзейтін ұл бұл қылығын ерте есеюдің амалы деп қабылдап, еліктей бастайды.

Бұған күнделікті теледидар арқылы көріп жатқан кино, мульфильдердің әсерін қоспай кетуге болмас. Өйткені, барлық телеэкран арқылы беріліп жатқан кино, мульфильм, сериалдардың тәрбиелік мәні зор деп айта алмаспыз. Ел-жұртты алдап-арбап жүрген басты кейіпкерлерге табынып, олардың айлакерлігіне қызығып, ұқсап – бағуға тырысатынын жасыруға болмас. Осының өзі балаңыздың да болашақта шыншыл болатындығына сенімді азайтады.

Қорқу
Баланы тәрбиелеу барысында жұдырық ала жүгіретіндер аз емес. Ұрып-соқпаса да, дауыс көтеріп, қорқу сезімін тудыруға әрекеттенетініміз жасырын емес. Сондықтан, жазатайым кесені сындырып алған бала ата-анасының басынан сипамасын біліп, өзі сынып қалғандығы туралы дереу миға қонымсыз оқиғаны айта бастайды. Оған қоса, мектептен алып келетін «екілік» те бірталай кикілжіңге алып баратындығын білгендіктен, «күнделік дәптерін жоғалтып алғандығын» айтып «ақталады». Жазадан қорыққан бала өтірікке жүгінеді. Міне, өз қолымызбен болашақ «Алдар көсені» жасап шығарамыз.

Өзіне көңіл аударту мақсатында
Отбасында тіршілік қамымен түрлі жағдайлар орын алып жатады. Ерлі-зайыптылар арасында кикілжіңнің кесірінен, әсерінен бала өзін керексіз сезінуі мүмкін. Мұндай жағдайлар жұмыстан қолы тимей, ерте кетіп, кеш келетін жанұяның балаларында да кездеседі. Болмаса, тұңғыш ұлына не кенже қызына ерекше назар аударылып, өзгелеріне ата-ананың махаббаты жетіспеген жағдайда көңіл бөлгізу үшін өтірік айтуы мүмкін.

Әдеттену
Баланың бал тілін қызықтап, осы әдетті бойына сіңіріп келе жатқанын аңдамаған болсаңыз, уақытында ескертілмегендіктен әдетке айналып кетуі мүмкін. Үлкендер тыймай, керісінше мадақ айтып, қызықтағандықтан, бала санасында қалыпты жағдай ретінде қалып қояды.

Жалқаулық
Жалқаулық та өтірікті жеңіл айта салуға үйретеді. Мәселен, балаңыз киімдерін шашып тастады. Оны кімнің шашқандығын анықтамақ болғаныңызбен, оны істеген қарындасы екендігін айтып бой бермейді. Өйткені, сіз оған шашылған заттарды жинауды бұйырар едіңіз.

Не істеуге болады?
Ең алдымен, перзентіңіздің білінер-білінбес өтірік айтса да, мән беріңіз. Күнделікті көретін кино, мультфильмдеріне ерекше мән беріңіз. Шыншылдықтың жалғандықты, әділдіктің әділетсіздікті жеңетіндігі туралы балалар киноса мен мультфильмдер көрсетіп, ертегі оқып беріңіз! Сіз де балаңыз үшін өзіңізді өзіңіз тәрбиелеңіз! Жаман қылықтан арылыңыз!

Жекіп, ұрыспаңыз! Керісінше, қай уақытта да ең жақын әрі сенімді өзіңіз екендігін ұқтырыңыз. Қандай жағдайда болмасын, не бүлдіріп, не сындырмасын қолымен істегенді мойнымен көтере білсе, көптеген қиындықтардың мәселесін бірлесе отырып шешуге болатындығына сендіріңіз! «Екілік» алды екен деп тым шектен шыға жазаламаңыз. Келесі жолы «бестік» алуға бірлесе күш салыңыз!
Әр балаңызды ортақ махаббатқа бөлеңіз! Бөліп-жармаңыз!

Бала қиялының да шегі бар. Өтірік айтуы жиілеп бара жатса, қол қусырып отырмаңыз!
Еңбекқорлыққа тәрбиелеңіз! Үйдің жұмысын әр балаға міндеттеңіз. Мысалы, бірі ыдыс жуса, екіншісі, ас даярлап, кенжесі үй жинап дегендей ата-анаға қолғабыс жасауға әдеттенсін.

Барлық тәрбие амалдарына қарамастан, оқиға жалғаса берсе, психологтың көмегіне жүгініңіз! Өйткені, әр бала – тұлға. Біріне бірі ұқсамайды. Әрқайсысының ойлау қабілеті әр түрлі. Тығырықтан шығар жол қалмаған жағдайда мамандардың көмегі артықтық етпес.

Ұқсас мақалалар

Бала тәрбиесі жатырда басталады

Тсс! Жаман сөз айтпа…

«Папа» мен «мама» сөздері жайлы

Балаңыздың алдында айтылмайтын әңгімелер

Қызықты мақалалар

Бала күтуші ананы айырбастай алсын ба?!

«Бала — балым, баламның баласы — жаным» деп есептейтін еді біздің бабаларымыз. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз …

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика