Басты бет / Балалар әлемі / Бала денсаулығы / Балалардың құлақ, мұрын, тамақ ауруы

Балалардың құлақ, мұрын, тамақ ауруы

фото: activkiddy.ru

Балалар арасында тамақ, мұрын, құлақ ауруларына шағымданған ата-аналар жиі кездеседі. Жыл өткен сайын олардың қатары көбеймесе, азаяр емес. Құлақ аурулары жедел және созылмалы деп бөлінеді. Оған қоса, ішкі және сыртқы түрлеріне де бөлінеді. Жиі кездесетін сыртқы құлақ ауруларына перихондрит, отогематома, құлық жатады. Әсіресе, балаларда жиі ұшырасатын түрі – сыртқы есту жолына бөгде заттың түсуі. Бұл жағдайда құлақ қышып, есту қабілеті төмендейді. Бұл есту жолының терісінің қабынғандығын білдіреді. Кейде сұйық зат ағады. Мұндай жағдайда спиртті тамшы тамызады, арнайы ерітіндімен тазалайды. Асқынып кеткен жағдайда ота жасалады.
Ішкі құлақ ауруларына неврит пен отосклероз жатады. Ол көбіне-көп инфекциялардың құлаққа енуінен болады. Белгісі – құлақ үнемі шуылдап тұрады. Ал, отосклерозда екі құлақтың да қызметі бұзылады. Ішкі және сыртқы бөлімдерді байланыстырып тұратын бөлімдерге зақым келетіндіктен дыбыс есту жүйкелеріне әсер етпейді. Бұл дертке шалдыққандар бірден байқай бермейді, дәрінің әсері бола бермейтіндіктен хирургиялық жолмен емдеуге тура келеді.

Баспа. Жиі кездесетін аурудың түрі. Жас балаларды айтпағанның өзінде үлкендердің өзі осы дертке жиі шалдығады. Баспа – тамақ безінің қабынуынан пайда болатын ауру түрі. Жылына 2-3 реттен артық аурып, әр ауырған сайын өте ауыр түрде өтетін болса, оны хирургиялық жолмен алдырту қажет. Ондай болмаса, пышаққа түспеуге тырысыңыз. Тамақ безі адам ағзасының иммунитетін көтеруге сеп болады. Сондықтан, артық қыламын деп тыртық қылып алуыңыз бек мүмкін. Ал асқынған жағдайда бүйрек, жүрек секілді маңызды органдарға әсері үлкен. Баспамен қыс мезгілінде ғана емес жазда да ауырады. Оған себеп – ыстық күні терлеп тұрып, салқын су ішіп, өзен-көлдерге шомылу. Тамақ ісініп, құрғап, жұтыну кезінде ауырсыну пайда болады. Иммунитеттің төмендеуінен адам әлсірей бастайды. Егер уақытында емді қолға алмаса асқынып, құлаққа зиянын тигізуі мүмкін. Ол үшін үйде жатып, тамақты жылы орап, жылы, лимон, шие немесе таңқурай (малина) қосылған жылы шайды жиі-жиі ішіңіз. Ертеден аналарымыз жасайтын халықтық емдердің де көмегі көп. Мысалы, жылытылған арақты жұмсақ шүберекке малып, біраз уақытқа тамаққа орап қойыңыз. Мұны компресс деп атайды. Аз ғана мөлшерде ас содасы, тұз салынған қайнаған сумен күніне бірнеше рет ішке жұтпай, тамақты шайыңыз. Түймедақ тұнбасын әзірлеп, буын ішке тартып, жұтыңыз (тұнбаны емес буды!). Мынаны есте сақтаңыз: баспа — қол сілтей салатын жеңіл-желпі ауру емес. Дұрыс емделмесе, есейген уақытта зардабын тартатын болады.

Гайморит – мұрынның екі жағында орналасқан гаймор қуысының қабынуы. Аурудың көзі – түрлі жолмен мұрынға түсетін вирустар мен бактериялар. Олар гаймор қуысына жиналып, ауруды қоздырады. Оның белгілері бірден байқала бастайды. Ең алдымен, бас жиі ауырады, мұрынмен тыныс алу қиындайды, мұрыннан қою сұйықтық ағады. Қазіргі кезде гайморитті емдейтін түрлі аппараттар шығарылған. Мысалы, лор- дәрігер Оттос аппаратымен іштегі іріңді ауыртпай сорып алады. Соңынан арнайы дәрілермен жуады. Бұрынғы кезде балалар арасында мұндай аурудың түрі жиі кездесе бермейтін. Алайда, соңғы кездері гайморит ауруына шалдыққан балалардың қарасы қалың.

Дәрігерлер бір ауыздан бұл дерттердің алдын-алмағандықтан, дер кезінде мамандарға жүгінбей, асқынып кеткендіктен пайда болатындығын айтып отыр. Оның үстіне, тазалықтың да сақталмауы, лас өзен, көл, тоғандарда шомылу да түрлі инфекциялық аурулардың таралуына себепші болады екен.

Қызықты мақалалар

Ангина, тонзиллит

Балаларда жиі кездесетін ангина

Ангина (асқынған тонзиллит) — балалар үшін өте қауіпті инфекциялық ауру, таңдай (көмекей) бадамшаларының қабынуынан болатын ауру. …

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика