Басты бет / Балалар әлемі / Бала тәрбиесі / Ұрлық па, шалалық па?

Ұрлық па, шалалық па?

Екі жастан асқан балалар арасында ұрлық атаулы арагідік болса да кездесіп қалады. Кей ата-аналар асығыстық танытып, әркімнен кеңес сұрап, мазасыздана бастаса, кейбірі, керісінше, баланың шылылығына балап, қолды сілтей салады. Бұл екеуі де дұрыс емес. Өйткені, ең алдымен, ұрлық жасалғанын байқасаңыз ескерусіз қалдырмаңыз. Өйткені, бәрі де осы кезде басталады. Дегенмен, 5 жасқа дейінгі балақай ұрлықтың байыбына бара бермейді. Сондықтан, елді дүрліктіріп, жазалауға асығудың да қажеті шамалы. Ұрлыққа алып баратын себеп көп. Ең әуелі, соны анықтап алғанымыз жөн болар.

фото: krasena.ru

2 жасқа дейінгі балаларда меншік ұғымы мүлде болмайды. Кейінірек, өзге балалармен ойнауды үйрене бастаған соң, қатарластарының ойыншығына немесе өзге де заттарына көзі қызыға бастайды. Менікі-сенікі дәл сол кезде пайда болады. Балабақшадағы кішкентай Тәуекел тәрбиешілері берген зырылдауықпен күні бойы ойнады. Дегенмен, қызылды-жасылды ойыншығынан айырылғысы келмегендіктен, байқатпай, сөмкесіне салып алды. Үйге келген соң өзінің дұрыс жасамағандығын аңғарып, іші алай-дүлей бола бастады. Анасы біреудің затын алмау керектігін санасына құйғандықтан болар, өзін кінәлі сезініп, келесі күні орнына қайта қоюға, енді ешқашан, ешкімнің затын рұқсатсыз алмауға бел буды.
Міне, мысалдан ата-ананың тәрбиесі байқалады. Отбасындағы тәртіп пен тәрбие жас өскінді қалыптастырады.

Ұрлықтың себебін іздеңіз
5 жасқа дейінгі балалар арасында бұл өте сирек кездесетін жағдай. Бала материалды жетіспеушілік салдарынан осы жолға барады. Өзінде жоқты өзгеден тегін алуға ұмтылады. Бұл себеп жиі кездеседі. Келесісі – ата-ананың назарын аудару. Көбіне елеусіз қалатын бала- үлкендердің өзіне көбірек уақыт бөлуді қалағандықтан, ішкі жан айғайын ұқпағандықтан болады. Кей бала бірге ойнайтын достарының арасында беделге ие болып, өзінің батылдығына мақтану үшін осы қадамға барады.

Сіздің іс-әрекетіңіз
Тіпті, көңіліңізде күдік болса, оңаша сәтті тосып, заттарын қарап шығыңыз. Ақ бола тұра қаралау да бір жағынан балаға соққы болып тиеді. Өйткені, кейде ақшаңыз әмияннан байқаусыз түсіп қалып немесе басқа жерге өзіңіз ауыстырып қоюыңыз мүмкін.
Көзіңіз жеткен болса, дүрсе қоя бермеңіз! Өзін мойындатуға, кінәлі екендігін сезіндіруге тырысыңыз. Мысалы, екі сағат бұрын ұрланған ақшаны одан басқа ешкімнің алмағандығына сенімді болсаңыз, сол уақытта үйде одан өзге ешкімнің болмағандықтан, тек балаңыздың ғана алуы мүмкін екендігін ақырын ғана дәлелдеңіз. Тығырыққа тірелген соң, өзі-ақ мойындауы ғажап емес.

Жазалау керек пе?
Жазалаңыз. Қамшымен дүрелеп емес, әрине. Дауыс көтеріп, қатты ұрсудың да қажеті шамалы. Тек жақсы көретін нәрсесінен айырыңыз. Киноға, туған күнге, достарымен кездесуге жібермеңіз. Осының өзі жеткілікті.
Ескерту: Бұл 5 жастан асқан балаларға қолданылатын жаза. Одан кіші болса, оңайырақ. Түсіндіріңіз!

Алдын алуға бола ма?
Болады. Ұлыңызға немесе қызыңызға жақын болыңыз. Не қалайтынын, не армандайтынын, кімге ренжіп, кімді жақсы көретінін біліңіз. Есейе келе, ішкі сырын жасыруды үйренеді. Бірақ, ең жақын адам әке-шеше болғандықтан, олардан ішкі сырды жасырмай, сырласа білсе құба-құп. Егер үйіңізде ақша, яки бір заттың жоғалғанын білсеңіз, балаңызды жазғыра жөнелмеңіз. Ойланып көріңіз: ұрлық болған уақытта бала қайда болды? Ұрлауға мүмкіндігі болды ма? Осы кезге дейін мұндай қылығын байқадыңыз ба? Жақсы мен жаманды ерте бастан үйретсеңіз, есейе келе жаманнан жиренуді ұғынады.

Ұқсас мақалалар

Баланы жазалаған дұрыс па?

Бала күтуші ананы айырбастай алсын ба?!

ХХI ғасырдағы бала тәрбиесі

Балаңызбен ақылдасыңыз

Бала тәрбиесі жатырда басталады

Баланы неге ұруға болмайды?

Қызықты мақалалар

Бала күтуші ананы айырбастай алсын ба?!

«Бала — балым, баламның баласы — жаным» деп есептейтін еді біздің бабаларымыз. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз …

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика