Басты бетке Аналар әлемі Босанудан кейінгі сұлулықты сақтау

Босанудан кейінгі сұлулықты сақтау

313
0
Бөлісу

Міне, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген балаңыз жарық дүниеге келді! Бұл — отбасыңыз үшін, өзіңіз үшін де үлкен қуаныш. Дегенмен, перзентханадан келгеннен кейін айнадан өзіңізді көріп, көңіліңіз жабырқап қалды ма? Жүктілікке дейінгі сымбатыңыздың ізім-қайым жоғалғанын аңғардыңыз ба? Артық салмақ өз алдына, ұйқысыздықтың салдарынан бетіңіз бозарып, көзіңіздің асты қарайып, теріңіз құрғап кеткенін байқадыңыз ба? Онда тез арада қимылдау қажет. Мұның бәрін ағзаңыздың дабыл белгісі деп қабылдаңыз. Өйткені, жыл бойы сізге қажетті дәрумендерге сәбиіңіз ортақтасқандықтан, әрбір мүшеңіздің оған деген сұранысы артады.

Сонымен, өзіңізді өзіңіз қолға алуға бел будыңыз ба? Онда іске кірісейік. Ескерте кетейін, қалыпқа келу — өте ұзақ әрі жай жүретін процесс болғандықтан, бірден ғажайып сұлулыққа ие болудан дәмеленбеңіз. Шыдамдылық — сіздің басты көмекшіңіз болсын!

Бет күтімі. Әйелдердің көбінде дерлік бетінде пигментті дақтар пайда болады. Әдетте, ол босанғаннан кейін өздігінен жоғалып кетуі керек. Олай болмаса, табиғи құралдардың көмегін пайдаланып көріңіз. Мәселен, қыз-келіншектердің арасында танымал ашытқы маскасының беделі зор. Ол бетті нәрлендіріп, дақтардан құтылуға көмектеседі. 1 шай қасық ашытқыға сондай мөлшерде лимон сөлін араластырып, бірнеше минутқа қоясыз. Одан кейін бет, мойын терісіне біркелкі етіп жағып, 20 минуттан кейін жылы сумен жуып тастайсыз. Бірақ, бет пен мойын терісі өте сезімтал болғандықтан, сүлгімен ақырын ғана басып құрғатасыз. Нәрлендіретін кремдеріңіз болса, бетіңізге жағып қоюға болады.

Бетке маска жасау
фото: christycoleman.com

Пияз сөлін балмен 1:1 есебінде бетке жағып, 15-20 минуттан кейін жуасыз. Бұл да пигментті дақтармен күресте ең оңтайлы тәсіл.
Ал, құрғап кеткен теріге арналған масканы қолдансаңыз бетіңіз көп кешікпей қалпына келгендігіне өзіңіз де көз жеткізесіз. Ол үшін табиғи қаймақтан 1 шай қасық алып, 1 жұмыртқаның сарысын араластырып, бет пен мойынға жағып шығасыз. 10-15 минуттан кейін жылы сумен шайып тастаңыз. Қаймақтың өзі майлы болғандықтан артынан крем жағудың қажеті жоқ. Немесе көк шөптен (аскөк, петрушка) жасалған мұзды кесекпен сүртіп шығуға болады.

Қол күтімі. Нәресте денесі өте нәзік, айналасын қоршаған бактериялармен күресуге дәрменсіз. Жаңа туылған сәбиді тамақтандырып, жыласа, жұбатып,  бір сөзбен айтқанда қашанда қасынан табылатын анасы болғандықтан, қол тазалығына ерекше мән беріңіз! Лас қолмен сан мыңдаған бактериялар қоса жүретіндігін ескерсек, аурудың алыстан келмейтіндігі анық. Сондықтан,  жиі-жиі сабындап, тырнағыңызды өсірмей алып отыруыңыз қажет. Оған қоса, баланың жаялығын, ыдысын, т.б. жуу керек. Ал, сабын терінің басты жауы болғандықтан, қол бірінші зақымдалатыны анық. Қалпына келтіру үшін қолданатын қарапайым әдістермен бөлісейін.
Аптасына 2-3 рет жылы суға бірнеше тамшы глицерин, лимон тамшысын қосып, қолыңызды малып отырыңыз. Артынан майлы крем жағып, бірнеше минут бойы ерінбей уқалаңыз. Кремнің қалғанын сүртіп тастаңыз. Одан кейін күнделікті асүйдегі жеміс-жидектердің, көкөністердің қабығын, қалдығын лақтырып тастамас бұрын қолыңыздың терісін сүртіңіз. Тері қажетті дәруменді осылай ала алады.

Аяқ күтімі. Ғалымдар әйел баласының күніне 5 км-ге дейін жаяу жүретінін анықтаған. Бұл көшеде ғана емес, асүйдің іші мен өзге де бөлмелер арасында тыным таппай жүгіретін әйелдерге қатысты. Сондықта, аяққа да міндетті түрде күтім қажет. Сәбиіңіздің ұйықтаған сәтін ұтымды пайдаланыңыз. Аяғыңыздың астын биіктетіп 10-15 минут қойып жатыңыз. Егер жүктілікке дейін бізөкшелі аяқкиімге құмар болсаңыз, қантамырлардың кеңеюі (варикозға) дертіне ұшырау қаупі үлкен. Сол үшін аса көп салмақ аяқтың тамырларын білеулендіріп жібереді. Кешке қарай жылы суға аяқты малып отырсаңыз, шаршағанын алады. Суды шөптердің қайнатпасынан әзірлеген болсаңыз, тіпті, тамаша. Оған қарапайым кез-келген үйден табылатын түймедақ, жалбыз шөптері жарай береді. Балалы әйелдердің педикюрге баруға уақыты бола бермейтіндіктен, үй жағдайында да аяққа күтім жасап отырыңыз. Башпайлардың тырнағын жиі-жиі алып, артық еттерін өсірмеңіз. Мен алуан түрлі рецепттердің ішінен кез-келген әйелдің асүйінен табылатын қарапайым заттардан жасалатын маскаларды ұсындым. Оны іске жарату сіздің еңбекқорлығыңызға байланысты.

Денеңіздің терісін де ұмытпаңыз. Менің бір құрбым босанғаннан кейін бала қырқынан шыққанша, яғни қырық күнге дейін мүлде шомылуға болмайды деп танысының «ақыл» бергендігін айтқан еді. Бірақ, бұл қате түсінік. Өйткені, қырық күнге дейін босанған әйелге етеккір келеді. Оның үстіне босанудан кейін әйел әлсірейтіндіктен тершеңдік пайда болады. Сондықтан, жылы душты (2-3 аптаға дейін моншаға түсуге болмайды) жиі қабылдап, тазаланып отырыңыз. Оған қоса, ана сүтімен тамақтанатын сәби жағымсыз иістен жеруі мүмкін. Сергітетін дезодаранттарды пайдаланып, таза жүруге тырысыңыз. Киіміңіз де жұмсақ, ыңғайлы матадан тігілген болса, теріңізді зақымдамайды әрі ауаны жақсы өткізетіндіктен терлетпейді. Оған қоса, жан-жақтан айтылатын «қамқор» ақылдарға құлақ аса бергеннен гөрі дәрігерден немесе тәжірибеге бай адамдардан, дәлірек айтсақ, анаңыздан, енеңізден кеңес сұраңыз.

Есте сақтаңыз! Әйел қашан да сұлу. Тек сол сұлулықты сақтай біліңіз. Бойына күтім жасай білетін әйел сүйікті де сүйкімді. Сондықтан, сұлу емес әйел болмайтындығын, сұлу боп көріне алмайтындар болатындығын ұмытпаңыз!

Ұқсас мақалалар

Жүктілік кезіндегі шаш пен тері

Достарыңызбен бөлісіп, бізге қолдау көрсетіңіз!