Басты бет / Жүктілік & босану / Босану / Перзентханаға не алып бару керек?

Перзентханаға не алып бару керек?

Жүктіліктің соңғы апталары жақындаған сайын әрбір ананың бойында қорқыныш пен үрей билейтіні жасырын емес. Мейлі, біріншісі болсын, мейлі, төртіншісі болсын, қобалжымайтындар некен-саяқ. Толғақ кенеттен басталса абыржып, перзентханаға қажетті заттарды ұмытып кетуіңіз мүмкін. Сондықтан, алдын-ала әзірлеп қойыңыз! Енді босанғанға дейін қажет болатын заттардың тізімін жасасақ:

  • Ең әуелі, құжаттар. Жеке бас куәлігі немесе паспорт, жүкті әйелдің картасы (обменная карта беременной), СПИД-ті анықтауға арналған сараптамалар, УЗИ қорытындылары.
  • Киім. Жұмсақ матадан тігілген ішкиімдер, түнгі көйлек, жұмсақ шұлық. Ластанған жағдайда ауыстыратын қосымша ала  барыңыз. Оңай жуылатын сүйретпе.
  • Гигиеналық заттар. Сүлгі, сулы салфеткалар.
Перзентханаға алып баратын заттар
фото: malych.ru

Ал, босанғаннан кейін қайта-қайта жақындарыңыздың мазасын алып, өзіңіздің де өзгенің де жүйкесін жұқартқанша, қажетті заттарыңызды алдын ала дайындап, сөмкелерге салып қойыңыз. Тек қайсысын қай уақытта перзентханаға жеткізу керектігін ескертсеңіз болды.

Босанған әйелге қажетті заттар:

  • Киім-кешек. Алды ағытылатын ішкөйлектер, жеңіл халат, емізулі аналар пайдаланатын төстартқыштар, ішкиімдер, шұлық. Әдетте ана мен бала бөлмесі жылы болады. Сондықтан, өте қалың киім алудың қажеті жоқ. Босқа терлей беретін боласыз. Ал, жағымсыз тердің иісі нәрестені жиіркендіруі мүмкін.
  • Гигиеналық заттары: Тіс жуатын щетка, паста, сүлгі, сулы салфеткалар, табиғи мақтадан жасалған төсемелер, қолға, бетке арналған кремдер, иіссабын, айна-тарақ,
  • Дәрі-дәрмек. Жаңа босанған әйелдерде іштің қатуы жиі кездеседі. Сол үшін ішті жүргізетін таблеткалар, свечалар алуға болады. Емізу кезінде көкіректің ұшында жарақат пайда болуы мүмкін. Оған дәрігердің рұқсатымен дәріханаларда сатылып жатқан кремдерді дайындап қойыңыз.
  • Азық-түлік. Кез-келген перзентхананың қабылдау бөлімінде ауруханаға кіргізуге рұқсат етілмейтін азық-түліктердің тізімі ілініп тұрады. Оның үстіне, аурухана жаңа босанған әйелдерді тамақтандырады. Өйткені, ана мен балаға күш жинау үшін екеуіне де ауырлық етпейтін, бірақ дәрумені мол тағам түрлерімен қоректену қажет. Шөл қандыруға газдалмаған минералды су алдырыңыз.
  • Ыдыс-аяқ. Бокал, қасық, шай қасық, ас құйып ішетін шұңғыл тәрелке.

Жаңа туылған сәбиге қажетті заттар:
Баланың заттарын алмас бұрын перзентхана дәрігерлерінен алдын-ала сұрап алуға болады (егер толғақ басталған жағдайда бірден баратын перзентханаңызды анықтап, дәрігерлермен келісіп қойған болсаңыз). Әр перзентхананың өз талабы бар.

  • Әдетте жаңа туылған балаларға жаялық пен жөргектерді сұрайды. Дегенмен, соңғы жылдары бір реттік пайдаланылатын жаялықтарға рұқсат беріледі.
  • Үстіне өте жұмсақ матадан тігілген табиғи иткөйлектер қолданылады. Басына да жұмсақ бас киім, бетін тырнап тастамас үшін қолғап, аяғына шұлық кигізеді. Одан кейін орайтын кең жаялық пайдаланылады. Дегенмен, қазіргі кезде баланы аяқ-қолын ескі әдіспен байламай, еркін жіберетін перзентханалар да кездеседі.
  • Дәрі-дәрмек. Кейде бір реттік жаялықтардан баланың төменгі жағында қызыл бөртпелер пайда болады. Емдеу үшін балалар кремін қолдансаңыз жеткілікті.
  • Гигиеналық заттар. Күнделікті таңертең ұйқыдан оянған соң беті-қолын, жыныс мүшелерін жууды әдетке айналдырыңыз. Оның үстіне, алғашқы айларда күніне бірнеше рет үлкен дәретке баратындықтан, қайта-қайта жүгіре бермес үшін, сулы салфеткалар көмек бере алады.
  • Ыдыс-аяқ. Ана сүті аз болып немесе мүлде шықпай қалатын жағдайлар орын алса, бөтелкемен қосымша тамақтандыруға тура келеді. Нәрестеге соруға ыңғайлы аузы шағын бөкелкені дайындап қойыңыз.

Енді  перзентханадан үйіңізге оралар кезде қажетті заттар:

  • Бұл әр отбасы үшін мереке болғандықтан, естелік суретке, видеоға түсесіз. Отбасылық мұрағатта сақталатындықтан, сұлу, сымбатты жас ана болғысы келмейтіндер жоқ шығар, сірә. Сол үшін әдемі көйлек дайындаңыз. Бірақ, әйел баласы босанғаннан кейін біршама салмақ жоғалтатындықтан, шақ келетінін таңдаңыз. Кейінірек күйеуіңіз немесе өзге жақындарыңыз бірден таба алатын орынға іліп қойыңыз. Егер күн салқын болса, сырт киімге де мән беріңіз.
  • Ал, балаға арнайы сатылатын жаялықтар топтамасын алыңыз. Күннің жылы-суықтығын ескеріңіз. Салқын мезгілге жылы иткөйлек, бас киім, аяғына шұлық, бір реттік жаялық (памперс). Сыртынан мақтадан тігілген көрпе, байлайтын лента. Көрпені үшбұрыштап баланы орайсыз. Күн жылы болса, киімдері де, орайтын жаялығы да жеңіл, жұмсақ болғаны жөн. Кей аналар орағаннан гөрі, комбинезон секілді өзге де киім кигізгенді құп көреді. Ол сіздің қалауыңызға да байланысты. Жаңа туылған сәби құс қанатының көлеңкесінен де тоңады деген қазақ халқында ұғым бар. Ең бастысы, сәбиіңіздің тоңып қалмауын ескеріңіз.
  • Перзентханадан туу туралы анықтама алуды ұмытпаңыз. Оны кейінірек АХАЖ бөліміне өткізіп, туу туралы куәлік аласыз.
  • Баланың денсаулығы туралы дәрігердің анықтама қағазы да жергілікті педиатр-дәрігерді үйге шақыртқан сәтте қажет болады.

Сіздердің назарларыңызға ұсынған қажетті деген заттардың тізімі перзентхананың талабына сай өзгеріп отыруы мүмкін. Өйткені, жекеменшік клиника болсын, мемлекеттік перзентхана болсын, әрқайсысының өз талабы бар. Сондықтан, жоғарыда айтып өткеніміздей, ең алдымен, алдын-ала дәрігерлермен ақылдасқаңыз жөн.

Қызықты мақалалар

уақытынан бұрын босану, ерте босану, шала туу

Түсік және уақытынан бұрын босану

Сыртқы әсерден болмаған түсік (спонтанды аборт – ішкі құбылыстардың салдарынан болатын түсік) Белгілері: іштің төменгі …

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика