Басты бет / Жүктілік & босану / Жүктілік / Жеріктік: Жүкті әйелдердің талғамы неге өзгереді?

Жеріктік: Жүкті әйелдердің талғамы неге өзгереді?

Жүкті әйелдердің талғамы неге өзгереді?

Жүктілік әр әйелде әрқалай өтеді. Бірі – ешбір белгісіз, бірқалыпты өткізсе, екіншісінің тағамға деген талғамы ауысып, өзгелердің санасына сыйымсыз азық-түлікке жеріктігі пайда болады. Таныстарыңыздың бірі сыраға, енді бірі қыс ортасы бола тұра қарбызға, сағызға, шекілдеуікке, қандай да бір иіске құмар болады. Оған таңқала қараудың қажеті жоқ  Бұл — әйел ағзасында жүріп жатқан өзгерістердің белгісі. Бірнеше апта, тіпті бірнеше айға дейін созылатын процесс. Оның себебін қарапайым сөзбен түсіндіріп көрейік.

Прогестерон. Жүкті әйелдің бойындағы барлық өзгерістер мен өзгелер таңқаларлық іс-әрекеттерге кінәлі осы — прогестерон. Өйткені, бойға бала бітісімен әйелдің миында жатырмен байланыстыратын доминант пайда болады. 9 ай бойы іштегі бала мен ананы тікелей байланысына жауап береді. Ұрық жатырға бекігеннен кейін прогестерон түзіледі. Оның маңыздылығы неде? Прогестерон ананың сүт бездерін дамытып, жатырдың бұлшық еттерінің жұмысын арттырып, кеңеюіне сеп болады. Жүкті болғанға дейін де кез-келген әйел баласының бойында прогестерон кездеседі. Бірақ, жүктілікті 7-8 аптасына қарай екі есеге дейін белсенділігі артады. Дәл осы кезеңдерде ананың бойында өзгерістер жүре бастайды. Киімге, тағамға деген талғамы өзгереді. Бұрын тәттіні жақсы көрсе, енді ащы тағамдарға деген «махаббаты» оянады. Ал, оның кем не артық болуы дәрігерге жүгінудің белгісі. Тағы бір артықшылығы – болашақ ананың ағзасындағы қажеттіліктерді анықтап отырады. Мәселен, ағзаға қай дәруменнің жетіспей жатқандығына белгі береді. Белгі беріп қана қоймайды, орнын толтырудың «қамын» жасай бастайды. Осы сәтте аскорбин қышқылы жетпей жатса, жеміс-жидекке, кальций тапшы болса, борға, әкке, құртқа деген құмарлығы артады. Бұл сигнал түрінде асқазанға түседі де, ананың дәл сол дәрумен кездесетін тағамға деген тәбеті ашылады. Дәрігерлер мұндай жағдайда белгілі бір дәрумендерді ішуге кеңес береді /Ескерту: тек дәрігер нұсқаған дәруменді ішіңіз. Дәріханадағы кез-келгенін пайдалануға болмайды/.

Тұздалған қияр, Жеріктік, Жерік асы, bonappetit.com.ua

Әйелдер арасында жерік астардың көш басында қызанақ пен қияр тұр. Әсіресе, тұздалғаны үлкен сұраныста. Одан кейін балық, ет өнімдері. Жеміс-жидектер де қалыспай тұр. Таңқаларлығы – кейде ащы тағамдардан (лимон, ащы бұрыш) еш тұшынбай, тіпті, тұздалған балық пен тәтті пирогты араластырып жегенді ұнататандар да кездеседі. Жақындарының тынышын алып, анда-мұнда жүгіртіп алғызған тағамын көргеннен кейін бас тартуы да ғажап емес. Мұндай жағдайда, қазақ халқы әйелдің қалағанын тауып беріп, жеріктігін қанағаттандыруға тырысатын. Олай болмаған жағдайда, баланың дені сау болып тумайды деп түсінген. Қазіргі медицина тұрғысынан алғанда да әйелдің ағзасындағы тапшылықтың орнын толтыру үшін дәрумендердің қажеттілігін мойындап отыр. Дегенмен, кейде сирек болса жанармай, спирт, бояу, т.б. өткір иісті, зиянды заттардың иісіне, топырақ, борға құмарлығы оянған келіншектерді кездестіреміз. Жеріктігі басылсын деп мұны иіскетіп-жегізген қателік болады. Оның орнын дәрумендермен алмастыру қажет. Бұрын-соңды дәмін татып көрмеген асқа тәбетіңіз шапса, сақтықпен жеген дұрыс. Өйткені, құрамындағы белгісіз заттардың аллергия туындатулары мүмкін. Одан ана мен балаға да қауіп тууы ғажап емес.

Әйел табиғатының өзгешелігі әлі күнге толық зерттеліп бітпеген. Әсіресе, жүктілік барысындағы ағза өзгерістері туралы бәрін ашып айту мүмкін емес. Сондықтан, сіздің де жақындарыңыздың арасында қылықтарымен өзгелерді таң-тамаша қалдырып жүрген жүкті әйел болса, қолдай біліңіз. Басты мәселе – оның не жегенінде емес, дені сау ұрпақ алып келетінінде.

фото: bonappetit.com.ua

Қызықты мақалалар

Абайла! Токсоплазмоз індеті жұғады

Жүкті әйелдер денсалуықтарын дұрыстап күту керек. Болашақ ананың денсаулығы болашақ сәбидің денсаулығына тікелей әсер етеді. …

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика