Басты бет / Аналар әлемі / Ана сүтінің пайдасы мен ерекшеліктері

Ана сүтінің пайдасы мен ерекшеліктері

Сәбидің ана сүтін емуінің маңызы зор

Сәбидің тіршіліктегі ең алғаш татар нәрі – анасының сүті. Ана сүті өмірге жана келген сәби үшін бірден-бір таптырмайтын қорек. Ана сүтін беру интеллектуальды және эмоциональды дамудың жақсы негізін қалайды. Ал ана сүтін ембеген бала, көп жағдайларда, аурушаң болып өседі.

Сәби мұрнында сүт иісін тез сезетін қасиеті дамыған. Соның арқасында жас нәресте ерніне тиген нәрсеге дереу ауыз салып, еме бастайды. Тіпті, туылғанына жарты сағат өтпей жатып оның еміп кетуі таңғаларлық. Ему кезінде баланың бүкіл ағзалары жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшық еттері тез жетіледі. Оған ең алдымен уыз берілуі де ғажап. Өйткені, уыз құрамы сәбидің әл жинауына, тез ширауына қажетті витаминдерге өте бай. Бір қызығы, бала өскен сайын ана сүті құрамындағы қоректік заттар да қоса өзгеріп отырады. Бұл – оның ғажайыптығы. Қазақтың әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп жатуының мәні осы.

Ана сүтінің ерекшеліктері мен ондағы дәрумендер

Ешқашан бірдей екі ана сүтін кездестіру мүмкін емес. Өйткені, олардың құрамы, майлылығы баласының қажеттілігіне қарай әр әйелде өзгеріп отырады. Ана сүті мынадай тиім-ділігімен ерекшеленеді: ол қашанда қасыңызда, ылғи да тұтынуға дайын, арнайы әзірлеуді қажет етпейді; бірнеше күн анасы емізбесе де көкіректе не ашып, не бұзылып кетпейді; оны еш жерден сатып алмайсыз; ол тек сіздің балаңызға ғана арналған. Мамандардың айтуынша, сүт қоспаларында кездеспейтін 400 түрлі қоректік зат ана сүтінде ғана кездеседі. Мысалы, сиыр сүтіне қарағанда емшек сүтінде балаға ең керекті А, Е, Д дәрумендері (витаминдер) көп. Ана сүтінің құрамына мыналар кіреді: белок, май, түрлі витаминдер, гормондар, темір, көмірсутектер, үнемі жеткілікті су, минералды тұздар, кальций, фосфат, өмірге керекті микроэлементтер (селен, мыс, мырыш, молибден, магний, марганец). Емшек сүтінде арнайы ферменттердің және оның қалыптасқан құрамының болуы,  баланың тамақтануы кезінде ас  қорытудың ешқандай бұзылуын туғызбайды. Ол баланың ішектерінде патогенді бактериялардың таралуына кедергі қойып, пайдалы микроорганизмдердің қоныстануына жағдай жасайды. Ұзақ уақыт емшек емген балалардың, болашақта гипертониялық аурулармен атеросклерозбен, қант диабетімен де сирек ауыратыны белгілі жайт. Ана сүті ми тканьдарының дамуын камтамассыз ететін және қалыпты интеллект қалыптастыратын май қышқылдарына қанықпаған тауринге (аминоқышқыл) бай келеді.

Емізудің ана мен балаға пайдасы

Емшек еметің балалардың ізгі ниетті, көпшіл, анасымен тығыз байланыста болатындығы байқалады. Емізу әйелдің денсаулығына да оң әсер береді, маститтің, сүт бездері мен аналық без ісіктерінің болу мүмкіндігін азайтады.

Психологтардың айтуынша, емізу кезінде шешесінің бар жан-тәнімен сәбиді көкірегіне қысуы, аймалауы, бөбектеуі, сөйлеуі, еміренуі, мейірленуі, маңдайынан иіскеуі, сылап-сипап, еркелетуі арқылы бала мен ана арасындағы ұзақ жылдарға жалғасатын өзара сүйіспеншілік, махаббат, қимастық сезімдері қалыптасады, баланың физикалық, әлеуметтік, психологиялық, рухани жан дүниесі толысады. Ал, сүт қоспаларымен қоректендіруде бұндай жылы сезімдердің болмасы анық. Ана сүтін емген балалар тез тіл табысқыш, адамға жұғымды болып өседі. Ал, ана сүтін ембей өскен балаларда жасөспірім шақта қатігездік, қылмысқа бейімдік көп байқалған. Емізу баланы да, ананы да жайлы сезімге бөлейді. Сәбидің тәтті ұйқыға кетуі сүт құрамындағы белок арқылы жүзеге асады. Баланың борпылдатып емуі ананың денесін жұмсартып, еміренуін арттырады, шаршағанын басады. Баламен қатар ананың жүйке жүйесіне де емізудің пайдасы зор.

Ғалымдардың зерттеу нәтижесі

Түрлі зерттеулер негізінде ана сүтінің бала үшін пайдасы мол екендігін шетелдік көптеген ғалымдар мойындап отыр.   Американдық медициналық ассоциациясы журналы жариялаған мақалада үш мың дат азаматына он жыл бойына жүргізілген түрлі  интеллектуалды тестілеу нәтижелерін қорыта келгенде, туылған алғашқы тоғыз айда ана сүтін емгендерде естілік, ақыл-ой зеректігі анағұрлым озық болған. Ғалымдар ми дамуында ана сүті құрамындағы галактозалармен қатар ананың аялауы мен бөбектеуі де психологиялық әрі жағымды себептерге жатады деуде. Бұны Норвегияның ғылым және техника университеті мамандары да қуаттауда. 345 балаға арнайы тексеру жүргізген Доктор Торстейн Вик жетекшілік еткен ғалымдар тобы 1 жасқа дейін емшектен ерте шыққан балалардың өз құрдастарына  қарағанда сана-сезім тұрғысынан анағұрлым төмен тұратындығын байқаған.

Адамзатқа түсірілген қасиетті Құран Кәрімде «Бақара» (2/233) мен «Лұқман» сүресінде (31/14) баланы емізу мерзімінің екі жыл екендігі айтылған. Оны бүгінгі дүниежүзілік ұйымдар да кезекпе-кезек мойындауда. Мәселен, ДДҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰ жанындағы Балалар қоры баланы емшекпен емізу мерзімі екі жыл екенін әрі 6 айға дейін емшек сүтінен басқа ештеңе бермеу керектігін ескертуде. Америкалық Педиатрлар акамедиясы, ең жоқ дегенде, баланы алғашқы жарты жыл емізу керектігін айтуда.

Ұқсас мақалалар

Сәбиді емізу барысында кездесетін қиындықтар

Мастит және оның алдын алу

Емшектен сүт емудің жақ сүйекке пайдасы

Ана сүтінің мөлшері мен сапасы емшектің өлшеміне тәуелді емес

Баланы емшектен шығару

Ана сүтінің құрамы мен қасиеттері

Қызықты мақалалар

Шылым шегудің зияны, темекі шегудің зияны, жатырдан тыс жүктілік

Темекі шегу жатырдан тыс жүктілікке себеп болады

Темекінің зияны көп-ақ: материалдық, моральдық, денсалулыққа байланысты зияндар. Әйелдің немесе еркектің денсаулық жағдайына кері әсер …

2 комментария

  1. Гүлнұр

    Ана сүтін ембеудің балаға немесе оның болашағына қандай да бір зияны бар ма?

  2. Мөлдір

    Əрине баланы кем дегенде жарты жыл емізу керек кой

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика