Басты бет / Жүктілік & босану / Жүктілік / Жүкті әйелдердегі қаназдық ауруы

Жүкті әйелдердегі қаназдық ауруы

Қаназдық (анемия)Қаназдық (анемия) — жүктілік кезінде өте жиі кездесетін ауру. Үнемі басты ауыртып, балтырды сыздатпағанымен, болашақ ана мен болашақ сәбидің денсаулықтарының мықты болуына кедергі келтіреді.

Қаназдық дегеніміз анемия. Ол байқалған кезде қан құрамындағы эритроциттерде кездесетін гемоглобин (оттегі тасымалдағыш ақуыз) мөлшерінің кеміп кетуі орын алады. Гемоглобинмен бірге эритроциттердің кеміп кетуі де мүмкін. Бұл кесел жылдың қыс және көктем мезгілдерінде, азық-түліктерде дәрумендер азайып кеткенде жиі кездеседі. Жүкті әйелдердегі анемия жүктіліктің екінші жартысында қатты байқалады. Басқа адамдарға қарағанда жүкті әйелдер арасында қаназдық ауруы өте жиі кездеседі. Оның себебі жүктілік кезінде әйел ағзасында болатын өзгерістерге, дәлірек, қажетті минералдар мен дәрумендерге деген сұраныстың артуына байланысты.

Гемоглобиннің құрамында ағзаға қажетті темір элементі (темір ионы) болады. Темір ионы қанның құрамындағы гемоглобиннің негізгі құраушысы болып табылады. Ол оттегі тасымалдауға қатысады. Егер темір ионы аз болса, гемоглобин де аз болады. Гемоглобин аз болса, денеде таралатын қанның құрамында оттегі аз болады. Оттегінің аз болуы ағзаны жаймен өлтіре бастайды. Өле бастаған ағза ауруға бейім тұрады. Иммунитеттің мықты болмайтындығы да сондықтан.

Қанның азаюы жайлы айтқанда «Қан көп кетсе, міндетті түрде қаназдық болады» деген дұрыс тұжырым емес. Қаназдықты қызыл сұйықтық күйіндегі қанның ағып кетуімен байланыстыру үнемі дұрыс бола бермейді.

Анемияға себеп болатын жағдайлар көп-ақ. Мысалы, ауру-кеселдерді айтпағанда, қан физикалық әрекеттердің кесірінен де азайып кетеді (денеңіздің бір жерін кесіп алсаңыз, қан кетеді). Сондай-ақ, мұрныңыз бен тістеріңіз қанаса да қан кетеді. Бұл себептер барлық адамға тән. Ал енді әйелдерге ғана тән негізгі факторды айтсақ, ол — етеккір кезінде кететін қан.

Түрлі себептермен қан денеден шығады. Қан жоғалту дегеніміз қанның құрамындағы эритроциттерді жоғалту. Ал эритроциттер жоғалса, гемоглобин де жоғалады. Осылайша тізбектеліп кете беретін процестердің соңы адамның әлсіреуіне, иммундық жүйесінің әлсіреуіне әкеп соғады. Иммунитеті нашар адамға болмашы аурулар да оңай жұғады, адамның аурудан айығуы ұзаққа созылады. Осы аталған жағдайлардың барлығы қосылып денсаулықтың нашарлауына себеп болады. Дені сау емес анадан дені сау баланың туыла қоюы ақылға сыймайтын нәрсе емес пе?!

Жүктілік кезінде пайда болатын қаназдық

Денсаулығы жақсы болып жүрген әйелдің жүктілік кезінде қаназдыққа шалдығуы таңқаларлық жағдай емес. Аяғы ауырлаған әйелдің бойында көптеген өзгерістер болады. Солардың бірі — қан құрамының өзгеруі. Қан құрамының өзгеруінің салдарына анемияны да жатқызуға болады. Мынадай жағдайда жүкті әйелде қаназдық байқалады: аяғы ауырлағанға дейін қанының құрамындағы гемоглобин мөлшері төмен болса (қалыпты жағдайда 120 г/л).

Дені сау әйелдердің жүктілік кезінде анемияға шалдығуына мынадай физикалық емес жағдайлар себеп болады:

  • азық-түліктің құрамындағы темірдің ішектерде дұрыс сіңірілмеуі (қорытылмауы);
  • асқазан-ішек жолынан қан кету (мыс.: геморрой);
  • баланың жолдасының (плацентаның) жатырдың төменгі жағында орналасуы;
  • жатырда екі немесе одан да көп сәби болса (егіздер болса);
  • созылмалы аурулар (мыс.: гепатит, пиелонефрит).

Жиі кездесетін анемия — темір тапшылығынан болатын анемия. Мұндай жағдайда қанның құрамындағы гемоглобиннің құрамдас бөлігі болып табылатын темір элементінің тапшылығы қаназдықтың басты себебі болады. Қаназдық ауруларының 90% бөлігін темір тапшылығы анемиясы құрайды.

Жүктілік кезіндегі қаназдықтың зардаптары

Әйел үшін
Қаны аз болашақ аналарда жүктіліктің барысында көптеген қиындықтар болады. Мысалы, қаназдыққа шалдыққан жүкті әйелдерде токсикоз 1,5 есе жиірек кездеседі. Қаназдыққа шалдыққан әйелдер арасында гестоздың пайда болуы жиілігі 40 пайызды құраса, түсік тастау жағдайының кездесуі жиілігі 15-42 пайызды құрайды екен. Босану кезінде түрлі асқынуларға қаназдық себеп болады.

Сәби үшін
Қаназдыққа шалдыққан әйелден туылған бала өмірге келгенде алғашқы жылдарында  қаназдық ауруына жиі тап болады. Одан бөлек, түрлі ауруларды жұқтыруға бейім келеді, атап айтсақ, тыныс жолының өткір вирустық ауруы көп кездеседі. Сондай-ақ, энтероколит, пневмония және түрлі аллергиялық кеселдердің пайда болу ықтималдылығы артады.

Қаназдық ауруының деңгейлері
Дәрігерлергер қаназдық ауруының күйін үш деңгейге бөледі. Олар:

  1. Жеңіл түрдегі қаназдық — гемоглобиннің мөлшері 90-110 г/л
  2. Орташа түрдегі қаназдық — гемоглобиннің мөлшері 80-89 г/л
  3. Ауыр түрдегі қаназдық — гемоглобиннің мөлшері 80 г/л

Жүкті әйелдердегі анемияны қалай жоюға болады?

Егер жүктілікке дейін қандағы гемоглобиннің мөлшері 120 г/л-ге жетпесе, көп рет бала туған әйел болса, бұрын қаназдық ауруымен ауырса, ішкі ағзаларында созылмалы аурулар болса, қаназдық ауруының жүктілік кезінде пайда болуы әбден мүмкін. Басқаша мүмкін емес те сияқты.
Жүкті әйелдің қаназдық ауруына шалдыққандығы расталса, міндетті түрде емделіп, болуы мүмкін зардаптардың алдын алған абзал. Ондай жағдайда дәрігерлер темір препаратын қабылдауға кеңес береді. Оны жүктіліктің 15 аптасынан бастап 4-6 ай уақыт бойына қабылдау керек.
Препараттарды қабылдау арқылы емделу ұзақ уақыт алатын емделу әдісі болып саналады. Мысалы, темір препаратын тұрақты түрде қабылдаған жағдайда үшінші аптадан соң ғана қан құрамындағы гемоглобин мөлшері жаймен көтеріледі. 9-10 аптадан соң толықтай қалпына келеді. Осы уақыт аралығында перпаратты қабылдауды үзбеу керек.
сурет: tiensmed.ru

Ұқсас мақалалар

Мастит және оның алдын алу

Жүктілік және гломерулонефрит

Балалардағы анемия (қаназдық)

Қызықты мақалалар

Абайла! Токсоплазмоз індеті жұғады

Жүкті әйелдер денсалуықтарын дұрыстап күту керек. Болашақ ананың денсаулығы болашақ сәбидің денсаулығына тікелей әсер етеді. …

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика