Балаға аяқкиім таңдау

Баланың аяғы ана құрсағында жатқанда алтыншы айда-ақ жетіле бастайды. Ал, 20 жасқа жеткенде қалыптасу процесі тоқтайды. Дүниеге келген соң алғашқы 2-3 жылда аяқтарының өте жылдам қарқынмен өсетіндігі соншалық, сатып алған аяқ киімдеріңіз тозбай жатып сыймай қалады. Сондықтан, балаңыздың аяғына дәл келетін аяқ киімді таңдау оңай шаруа емес. Әдетте, балаға 9-10 айға толған соң аяқ киім кигізуге болады, яғни, енді ғана тәй-тәй басып, жүре бастаған шақта. Ал, оған дейін салмағы жоқ жеңіл шұлық тәрізді аяқ киімдерді пайдалану ыңғайлы. 1 жасқа толған соң барлық ата-аналардың алдында аяқ киім сатып алу міндеті тұрады. Сондықтан, дүкенге бара жатқан ата-анаға бұл мақала көмек берері сөзсіз.

Балаға аяқкиім таңдау, аяқ киімнің суреті, Аяқкиімнің суреті

Қыстық аяқкиім таңдау
Қыстық аяқ киімнің өз ерекшеліктері болады. Оны ескермей болмайды. Сонымен, қақаған аязда да бүлдіршіннің кішкентай башпайлары тоңбау үшін не істеу керек?
Сатып алып жатқан аяқ киім тым тар да, тым кең де болмау керек. Өйткені, тар болса, башпайлары қимылдай алмай, қозғалыссыз қалған соң тез тоңа бастайды. Ал, үлкенін алсаңыз, бос кеңістік көп болғандықтан, жылу сақталмайды. Қат-қабат кигізілген шұлық та аяқты жауратады.

Тек сапалы аяқ киім таңдаңыз. Теріден жасалған аяқ киім ауа өткізіп тұратындықтан, аяқтағы қан айналымды қалыпты ұстап, суықта тоңдырмай, ыстықта ысытпайды. Егер мұндай етікті қалтаңыз көтермесе, мақта матадан (текстильден) тігілгенін алыңыз. Оны таңдағанда ішкі жағына мән беріңіз. Тігіс жатыңқы, бір тегіс болуы керек. Өйткені, ішкі жағында тұратын қандай да бір бұдыр бала табанына батады. Өндірушілер бала аяқ киімін аяқтың үш түрлі өлшеміне қарап шығарады. Біріншісі- жалпақ табанға, екіншісі – қалыпты табанға, үшінші — жіңішке аяққа арналған. Сондықтан, аяқ киімді сатып аларда осы өлшемдерге назар аударыңыз!

Жаздық аяқкиім таңдау
Жаздық аяқ киімнің ерекшелігі – баланың нәзік аяғын терлетпей, ауа өткізіп тұрады. Балалар ересектерге қарағанда қолайсыздықты ажырата білмейді. Аяғына кигені қолайлы болып тұр ма, жоқ па бірден біле алмайтындықтан, дүкен ішінде бірнеше қадам жасатып көріңіз. Жазғы аяқ киім таңдағанда оның сыртқы пішініне көп көңіл бөлеміз. Бір қарағанда, сыртқы бейнесінің сүйкімді болуын қалаймыз. Оған қоса, қауіпсіздігін де ескерейік.

Сандал. Жаз мезгілінде сандалдан ыңғайлы аяқ киім жоқ. Ластанған жағдайда жуып қайта киіп алуға болады. Әрі бағасы арзан. Аулада ойнайтын балаларға өте қолайлы.

Туфли. Жан-жағы ашық туфли. Ілгекпен ілінетін болғандықтан, жүгіріп жүрген баланың аяғынан түсе қоймайды. Оған қоса, ауа жақсы өтетіндіктен, терлетпейді.

Сүйретпе. Аяқ киім дүкендерінде сүйретпенің түр-түрі бар. Әшекейленген, қарапайым түрлері бар. Материалы да жеңіл. Жаздың аптапты ыстықтарында да тері демалатындықтан, аяқ киімнің бұл түрі өте қолайлы.
Матадан тігілген аяқ киім. Оның бір кемшілігі – жаңбырлы күндері су өткізеді.

Көктем мен күзге арналған аяқкиімдер
Көктем мен күзде ата-аналар баланың аяғынан өткен сумен алысып әлек болады. Балалығын жасап, жол ортасындағы көлшіктер мен шалшықтарды әдейі басатындықтан, аяқ киім жиі лайланып, кір болады. Ондай кезде аяқ киімді дұрыс таңдау қиынға соғады.

Теріден жасалған аяқ киім – жылы, табиғи болғанымен, су өткізгіш.

Сноубутсы. Қазіргі кезде үлкен сұранысқа ие болуда. Өйткені, ол үш қабаттан тұратындықтан, суды оңайлықпен өткізе қоймайды. Сыртқы қабаты – ауа өткізетін пропиленнен жасалса, екінші қабаты жұқа алиминді фольгадан тігіледі. Ал, үшінші қабаты – войлоктан жасалады.

Резеңке етік. Жылдың салқын мезгіліне дәл осы аяқ киім қолайлы. Одан ешқашан су өтпейді. Алайда, оның да кемшілігі бар: күнұзақ кие алмайсыз. Өйткені, ауа өткізбейтіндіктен, аяқ терлеп, етіктің іші буланады. Үш жасқа толмаған балаларға резеңке етікті кигізуге мүлде болмайды.

Үйдің ішіне арналған аяқкиім
Ортопед мамандар баланың үй ішінде жалаңаяқ жүргенін құп көреді. Ал, жылдың салқын мезгілінде ондай мүмкіндік бола бермейтіндіктен, жеңіл үй ішінде киюге арналған аяқ киім алуыңыз керек. Табиғи материалдан тігілген, табаны мен арқалығы қатты, жоғарғы жағы мен екі қапталы жұмсақ, аяғының көлеміне сай келетін аяқ киім таңдаңыз. Дүкен сөрелерінде тұрған ортапедиялық деп аталатын аяқ киімдерге қызыға бермеңіз. Қажет кезде дәрігердің өзі кеңес береді. Үй ішінде киілетін аяқ киімнің өздігінен жапсырылатыны (орыс тілінде липучка деп те атайды) болғаны жақсы. Өйткені, бау мен ілгектерді кішкентай бала өздігінен пайдалана алмайды.

Спорттық аяқкиім
Әсіресе, мектеп жасындағы балалар жиі киеді. Дене шынықтыру сабақтары мен қосымша спорттың түрімен айналысатын балаларға өте қолайлы. Бір қарағанда, спорттық аяқ киімді таңдағаннан оңайы жоқ сияқты. Дүкенге бара қалсаңыз, спорттық аяқ киімнің түр-түрі алдыңызда самсап тұрады. Таңдау көп жерде ең сапалысы мен ағзаға зияны тимейтінін айыру қиын. Бір қарағанда қай-қайсысы да спорттық болып көрінуі мүмкін. Бірақ, оның спортпен айналысушыларға және көшеде серуендеуге арналғаны бар екендігін білетіндер кемде – кем. Бұл екеуін шатастырып алмас үшін мынаған назар аударыңыз:

  • Материал. Қазіргі кезде теріден жасалған аяқ киімнен осал түспейтін синтетикалық материалдар көп. Олар, ауа өткізіп тұратындықтан, аяқтан жағымсыз иіс шығып, түрлі аурулардың таралуына жол бермейді.
  • Байлану тәсілі. Ересектеу балаларға бауы барын, ал кішкентайларға өздігінен жабыстырылатыны бар спорттық үлгілер ыңғайлы болмақ.
  • Табаны. Спорттық болғандықтан, табаны тегіс болмау керек. Құлап, жарақаттанудан сақтайды. Биік аяқ киім де қауіпті. Аңдаусызда аяғын шығарып алуы ғажап емес.

Кез-келген аяқкиімді таңдауда ортақ талаптар бар

  • Сапасы. Мүмкіндігінше атақты брендтердің аяқ киімін алуға тырысыңыз. Өйткені, олар тұтынушының үдесінен шығу үшін баланың аяғына қажетті талаптардың барлығын сақтауға тырысады. Тек таза, табиғи материалдардан тігілген киім алғаныңыз дұрыс.
  • Климаттық ерекшеліктер. Ауа-райына сай етіп алыңыз. Күз, көктем, мейлі жаз болсын, әр мезгілдің өз талабына сай киіндіріңіз.
  • Ұлтарақ. Ол да басты – атрибуттардың бірінен. Ұлтарақ жайлы, жұмсақ, супинаторлы болуы тиіс.
  • Өкше. 7 мм ғана биік болғаны дұрыс. Мүлде өкшесіз де алмаңыз. Өкше – аяқтың дұрыс қалыптасуы мен арқа омыртқаларының дұрыс бітуіне көмекші болады. Ондай болмаса, бала бүкірейіп кетеді.
  • Арқалығы. Аяқ киімнің арқалығын қолыңызбен басып көріңіз. Егер ол майысқан күйі қалса, алмауға тырысыңыз. Өйткені, мыжылған арқалық – сапасының төмендігінен хабар береді.
  • Өлшем. Кей ата-аналар баласына аяқ киімді көз мөлшерімен ала салады. Ол дұрыс емес. Өйткені, кей баланың табаны жалпақ болса, үстіңгі беті кішкентай, немесе керісінше болуы мүмкін. Дәлме-дәл өлшеп алынбаған аяқ киім кейін қолайсыздық туғызады.

Ұқсас мақалалар

Майтабандық

Тәй-тәй, балапаным, келе ғой!

Қызықты мақалалар

Дүкенде, Ойыншық, Бала, жылаған бала

Балаңызға ойыншық алып бересіз бе?

Үйде кішкентайыңыздың бөлмесі соңғы үлгідегі барлық ойыншықтардың жаңа түрлеріне лық толы. Ас үйде де балаңыздың …

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика