Басты бет / Сұрақ-жауап / Эндометриоз ауруы туралы сұрақтар

Эндометриоз ауруы туралы сұрақтар

Сұрақ Эндометриоз деген не?

Эндометриоз (эндо — ішкі; метра — жатыр) — жатырдың эндометрий қабатындағы (жақсы қанданатын, циклды түрде жаңарып тұратын жатырдың ішкі шырышты қабаты) жасушалардың жатырдан тыс жерлерде (мысалы: жатыр түтігінде (фаллопий түтігі), жатыр мойнында, қынапта, аналық безде, бауырда, ішек-қарында) өсуі, таралуы. Эстроген гормоны эндометрий қабатының өсуін реттейді.

Әдетте, эндометриоз гинекологиялық аулардың қатарына жатады. Таралуы жағынан жатыр миомасы мен жыныстық мүше аймағындағы түрлі аулардан (генитальды аурулар) кейінгі орында. Бала туу жасындағы әйелдердің оннан бірінде болады. Бұл аурудың сипаты гормональды тәуелділік ауруларыныкіндей болып келеді. Яғни, жоғарыда аталған эстроген гормонына тікелей тәуелді.

Эндометриоз ауруы, Эндометриоз ауруы: генитальды эндометриоз

Эндометриоз ауруы екі түрлі болады:

  • генитальды — эндометрий қабатындағы жасушалардың ішкі жыныстық мүшелерде (жатыр түтігі, аналық без, қынап) болуы;
  • экстрагенитальды — эндометрий қабатындағы жасушалардың басқа мүшелерде (өкпе, бауыр, ішек-қарын, қуық) болуы.

Сұрақ Эндометриоздың белгілері қандай?

Ауру белгілерінің болуы да болмауы да мүмкін. Әр әйелде әрқалай. Жиі кездесетін белгіліренің қатары төмендегіше:

  • гормоналдық қызметтердің бұзылуы (ауытқушылық);
  • дисменорея — етеккір кезінде (алдында немесе соңында да болады) іштің төменгі жағының ауруы. Етеккір циклы секілді циклды түрде келеді;
  • жамбас тұсындағы ішкі ағзалардың ауыруы;
  • диспареуния — жыныстық қатынас кезінде жайсыздықтар мен ауырсынулардың болуы;
  • бедеулік — жүкті болуға қабілетсіз әйелдерде эндометриоз жиі кездеседі;
  • меноррагия — етеккір кезінде көп мөлшерде қан жоғалту;
  • етеккір келердің алдында жатырдың үлкеюі;
  • етеккірден тыс уақыттарда қан ағу;

Байқағандарыңыздай, эндометриоздың белгілері басқа аурулармен сипатталған, яғни аурудың белгілері басқа да гинекологиялық ауруларға тән. Демек, әйелдерге тән аурулардың бірінің екіншісіне себеп болатындығы байқалады. Аурудың белгілеріне қарап, еш тексерілусіз тура қандай ауру екендігін дөп басып айту мүмкін емес.

Аурудың белгілері байқалмағанымен де эндометриоздың болуы мүмкін. Сондықтан тұрақты түрде алты ай сайын гинекологтың тыңғылықты тексеруінен өтіп тұру керек.

Сұрақ Эндометриоздың себептері қандай?

Гинекология ғылымында «ретроградты етеккір теориясы» деген түсінік бар. Мағынасы: етеккір кезінде бөлініп, сыртқа шығуы тиіс сұйықтықтың кері кетіп, жатыр түтігіне енуі. Соның салдарынан жатырдан тыс жүктіктің пайда болу ықтималдылығы артады, әйел эндометриоз ауруына шалдығады.

Басқа да себептері мынадай:

  • аборт жасату: жасанды жолмен түсік тастаудың кері әсері көп. Солардың бірі — эндометриоз;
  • кесар тілігі: ішті жару арқылы босанған әйелдің жатыры да тілінеді. Сол себептен жатырдың ішкі ортасы бұзылады;
  • жатыр мойны эрозиясын күйдіру: емдеудің бұл түрі кері салдарларға әкелуі мүмкін. Соның арасында эндометриоздың пайда болуы да бар;
  • жатыр түтігі құрылысының өзгешелігі:
  • тұқымқуалаушылық: ирландиялық ғалымдар эндометриоздың тұқымқуалаушылық арқылы да таралатындығын анықтаған;
  • иммундық жүйенің бұзылуы: мұндай жағдайда адам ағзасында түрлі аурулар мен әлсіздіктер пайда болады. Иммундық жүйенің әлсіздігі мен бұзылуының салдары түрлі аурулардың пайда болуымен сипатталады;
  • қартаю: жасы егде тартқан әйелдердің ішкі жыныстық мүшелерінің қызметінде өзгерістер болады, бала тууға деген қабілеті төмендей түседі;
  • экологиялық әсерлер: химиялық заттар, темекі, улы түтін сынды зиянды заттар мен қосылыстар эстроген гормонына әсер ету арқылы эндометриоздың пайда болуына әсер етеді.

Сұрақ Қандай қауіп бар?

Эндометриоз ауруының жатырдан тыс жүктілікке себеп болуы мүмкін (ол жағы эндометриоздың түріне байланысты). Жоғарыда айтылғандай, жатыр түтігіне қаннан және эндометрий қабатындағы жасушалардан тұраты бөлінді сұйықтық құйылады. Ол жасушалар эмбрионды ары қарай дамытуға қабілетті болып табылады. Олай болса, эндометриялы қабаттың жатыр түтігінде түзілуі эмбрионның сол жерде дамып, жатырдан тыс жүктіліктің орын алуына себеп болады.

Бедеулікке шалдығуға эндометриоздың да тигізетін әсері бар. Егер әйелдің жатырында эмбрионның (ұрықтың) дамуына қолайлы жағдай туғызатын эндометрий қабаты болмаса, ұрық алғашқы кезеңдерінде-ақ өмір сүруін тоқтатады. Ұрықсыз жүктілік жалғасын таппайды. Жүкті болып, перзент сүйе алмаған әйел бедеу әйел болады.

Анемия. Егер эндометриоздың салдарынан әйел көп қан жоғалтса, қан тапшылығы пайда болады. Ал қаназдықтың (анемия) да қаншама ауру-сырқауға себеп болатындығы тағы бар.

Сұрақ Эндометриоз ауруы қандай әйелдерде болады?

Эндометриоз бала тууға қабілетті әйелдерде болады. Олардың арасында 40–44 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездеседі. Ал жас қызар мен жасы үлкен әйелдерде өте сирек кездеседі: кездесу жиілігі 2–5% құрайды. Көп рет бала туған әйелдерде сирек кездессе, бедеулікке шалдыққан әйелдер мен аборт жасатқандар арасында жиі кездеседі.

Сұрақ Эндометриоз диагнозы қойылған әйел бала туа ала ма?

Әрине, туа алады. Бала туу ықтималдылығын сізді емдейтін дәрігерлер анықтауы тиіс.

Бала тууға қабілетті болу не болмауыңыз тек қана эндометриозға тәуелді болмауы да мүмкін ғой. Сондықтан аурудың шығу себебін толықтай анықтап алуға тура келеді. Содан соң оның салдары қаншалықты ауыр-жеңіл екендігін дәрігердің өзі және емдеу нәтижесі көрсетеді.

Сұрақ Эндометриозды емдеуге бола ма?

Емдеуге болады. Емдеудің екі түрлі әдісі бар: дәрі-дәрмектер арқылы емдеу және хирургиялық ота арқылы емдеу. Сүлік арқылы емделу қосымша емделу әдісі болады. Оны негізгі емдеу әдісі ретінде пайдалануға болмайды. Өйткені сүлікпен емдеу жатырдың эндометрий қабатына тікелей әсер ете алмайды.

Дәрі-дәрмектер гормоналды түрде әсер ету арқылы емдесе (етеккірді уақытша тоқтатады), хирургиялық отада лапароскопиялық (кішкентай тілік арқылы ота жасау) әдіс арқылы ем-дом жасалады. Соңғы әдіс эндометриоз ошақтары ірі болған жағдайда жасалады.

Ескерту! Дәрі-дәрмектермен емделуді өз бетіңізше жасауыңызға болмайды.

Сұрақ Мирена (жатырішілік спираль) эндометриозды емдеуде қаншалықты тиім?

Жалпы алғанда, эндометриозды Миренамен емдеуге болатындығы рас. Бірақ оның қаншалықты тиімді екендігін гинеколог анықтайды. Себебі біреу үшін тиімді болған Мирена басқаларға тиімсіз болуы мүмкін.

Ұқсас мақалалар

Жүктілік кезінде Нафтизиннің зияны болады ма?

Жұқпалы эритема деген қандай ауру?

Балаларға тән ауруларының жүкті әйелдерге әсері

Жүктілік кезіндегі індеттер мен аурулар

Қызықты мақалалар

Кішкентай жатырмен бала көтеру мүмкін бе?

«Жатырдың кішкентай болуы» деген не? Оның себебі неде? Кішкентай жатыр немесе ғылыми тілдегі жатыр гипоплазиясы дегеніміз …

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика