Басты бет / Балалар әлемі / Бала денсаулығы / Балам жиі ауырады. Неге?

Балам жиі ауырады. Неге?

Ауру бала, ауырып жатқан қыз, Бала денсаулығыАурухана есігін қаққан аналардың көбі перзентінің жиі ауыратындығына шағым жасайды. Кейбір таныстарымыз мұны баланың қалыпты дамуы деп қабылдаса, бірі қауіптілігін айтып, үрейлендіріп жатады. Дрігерлер қауымының бұған көзқарасы қандай? Тараз қалалық №2 қалалық емхананың балалар дәрігері Сәуле Қуатбекова не дейді екен?

Дәрігерлер жиі ауыратын бала деп кімді айтады?

Жауап: Дәрігерлер қауымы 1 жасқа толмаған балаларды жиі ауыратындар санатына қосады. Өйткені, олар тым әлсіз, кез-келген ауруды бойына жұқтырып алуы ғажап емес. Одан кейін жылына 4-5 ретке дейін ауыратын балалар да осы санатқа жатқызылады. Ауру кезеңі 10-15 күнге дейін созылса да ол жиі ауыратын болып саналады. Педиатрлар бұл балалармен ерекше жұмыс жасайды. Жиі-жиі үйіне барып, жеке қадағалауына алады. Аурушаң бала ретінде тіркеуге қояды. Жылына 3-4 рет ауырса, алаңдаудың қажеті жоқ. Әсіресе, балабақшаға баратындардың сырқаттануы қалыпты жағдай болып саналады. Өйткені, олар көпшілік ұжымда жүргендіктен инфекциялық жолмен таралатын тұмау секілді ауруларды тез қабылдайды.

Бала неге жиі ауырады?

— Жаз өтіп, күз келсе болғаны, көптеген ата-аналар үшін уайым басталады. Өйткені, әдеттегідей балалары аурудан көз ашпай жатады. Тіпті, жарты жылдап, күрк-күрк жөтеліп, я іші өтіп, не болмаса мұрыннан аққан су мен дене қызуымен күресіп әлек болып жататындар бар. Сыртқа белгілері әр түрлі болғанына қарамастан, олардың жауабы біреу-ақ: иммунитет әлсіздігі. Адамның иммунитеті ана құрсағында жатқанда пайда болады. Иммунитет — сыртқы ортадағы түрлі аурумен күресте таптырмас «қару». Сондықтан, «қару» әлсіз болса, аурумен күресте жеңіліс тауып отыратын боламыз. Аурушаңдықтың тағы бір себебі – ана сүтінің жеткіліксіздігі. Емшектегі балалар анау-мынау ауруды қабылдамайды. Керісінше, сүтпен бойында қалыптасқан иммунитет ағзаға енген ауруды жойып отырады. Ерте қосымша тағамдарға ауысқан баланың көп инфекциялармен күресуге дәрменсіз болып келетіні сондықтан.

Иммунитет әлсіздігінің өзге де себептері бар ма?

— Иммунитетті тым әлсіретіп жіберетін дерттің түрлері бар. Олар: рахит, витамин жетіспеушілігі (авитаминоз), ішек қызметінің бұзылуы, сальмонеллез, дизентерия, өкпе қабынуы (пневмония), баспа (ангина). Одан бөлек, ауыр, созылмалы сырқаттармен ауырған соң, ота жасалғаннан кейін иммунитет әлсірейді. Вирусты жолмен таралатын аурулар да қауіпті. Тұмау, желшешекпен ауырған соң да жиі сырқаттанатын балалардың қатарына қосылуы мүмкін. Кейде дәрігер балалардың басқа ауруын емдеу үшін түрлі дәрі-дәрмек жазып береді. Мысалы, іссікке қарсы, стереоидты гормональды дәрілер, антибиотиктер. Аталған дәрілерді қабылдау кезінде баланың иммунды жүйесі қалыпты жұмысынан ауытқумауын педиатр қадағалап отыруы керек. Өйтпеген жағдайда, бір жағын дұрыстаймыз деп екіншісін бүлдіріп алуы мүмкін. Көп жағдайда байқала бермейтін ішек құрттары да себепші бола алады.
Иммунитеттің жұмысын жақсартуда астың орны ерек. Толыққанды және дұрыс тамақтану – ешбір дәрінің көмегінсіз-ақ ауруды жеңе алады. Ол үшін кішкентай баланың тағамдары дәрумендерге бай болу керек. Оған қоса, тамақтану ережесінің үйлемсімділігі де маңызды нәрсе. Мәселен, оның тамағы тым майлы, не майсыз, көміртегі мол, алайда, ақуызы жоқ болуы мүмкін. Тамақ үйлесімділігін дәрігерден сұрап, жазып алуға болады. Осылайша, кез-келген уақытта өзіңіз дәрумендер мен астан алынатын өзге қажетті заттардың ағзаға дұрыс енуі қадағалап отыра аласыз.
Таза ауада жеткілікті деңгейде серуендемеу, қимыл-қозғалыстың аздығы иммундық жүйені әлсіретеді де, салдарынан бала аурудан көз ашпайтын болады.

Аурушаңдық несімен қауіпті?

— Біріншіден, бала көп ауырған соң балабақшадан, мектептен жиі қалатын болады. Сабаққа үлгере алмай, үлгерімі төмендейді. Егу (вакцинация) шаралары дер кезінде жүргізілмей, кейінге ысырылып қалады. Ауру баланың қасында отыруы керек болған соң ата-анасының бірі әрдайым жұмыстан босатылуына қажеттілік туындайды. Одан кейін, жиі ауырған соң ағза тым әлсірейді де, инфекциялық аурулар созылмалы басқа ауруларға айналып кетеді. Мысалы, тұмау жұқтырса, соңынан бронхит, отит, бронхиалды демікпеге ұласады.

Бала аурушаңдығының алдын-алып, жеңуге бола ма?

— Бала қоғамдық ортада қалыптасады. Ауру жұғады деп оны ортадан бөліп тастау оңай емес. Көпшілік ұжымда жүргендіктен инфекциялық аурулардың алдын-алу қиын шаруа. Ал, баланың ағзасын қатайту үшін иммунитет тапшылығын жүкті кезде-ақ қолға алу керек. Болашақ ана жүктілік кезінде баланың денсаулығын жақсартуға тырысады. Темекі шекпей, алкогольді өнімдерді ішпей (бұлар іштегі баланың иммунды жүйесін бұзады), дәріменге бай азық-түліктерді тұтынуы қажет. Бойдағы дертті дер кезінде алдын-алып, емдеуге кірісу керек. Қазіргі кезде дүниеге келген сәбиді анасының кеудесіне жатқызады. Осы сәтте, баласын көріп, еміренген ана иіп, көкірегінде иммуноглобулинге бай уыз бөлінеді. Оны емген баланың ағзасында қуатты иммун пайда болады. Сондықтан, ана сүтінің пайдалы екендігін барлық дәрігерлер мойындап отыр. Ал, қосымша тағам ішетін балаларды тұрақты түрде біреуімен ғана тамақтандыру қажет. Қайта-қайта бір түрінен екінші түріне ауыстыра бермеңіздер.
* Айтып өткенімдей, иммунның әлсіздігі ішек дисбактериозы мен дәрумен жетіспеушілігінің салдарынан болады. Оның нақты себебін дәрігер анықтаған соң, ем-шара жасайды. Мысалы, көктем, күз айларында D дәрумені бар препараттар ішкізіп, өздігінен тамақ іше алатын болса, осы дәрумені бай — балық секілді тағамдарды жегізу керек. Ал, жаз айында қосымша дәрумендер қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені, күн сәулелері арқылы қажетті иммунитетті сіңіреді. Осы орайда, ескерте кеткім келеді. Дәрумен берудің жөні осы екен деп баланың аузына дәрінің кез-келгенін тыға беруге болмайды. Оның бірі- аллергиялық реакция берсе, енді бірі – дұрыс қабылданбағандықтан ауыр тиюі мүмкін. Сондықтан, өзіңіздің учаскелік дәрігер жазып берген дәрумендерді ішкізіңіз.
* Иммунитетті жоғары деңгейде сақтау үшін туылған күннен бастап салқын ауаға үйрету керек. Күннің суығынан қорқып үстіне қалың киім кигізіп, үй температурасын шамасын тыс ыстық етпеу керек. Кішкентайынан салқын, таза ауада өскен баланың ағзасы кей ауруларға бой бермей кетеді. Қазіргі кезде отбасымен Д. Ивановтың тәсілі бойынша шынығатындарды кездестіріп жүрмін. Олар жаңа туылған сәбиден бастап, үстіне суық су құйып шынығады. Бірақ, бұл да дәрігердің қадағалауымен жүргізілетін іс. Ең дұрысы, ауа ваннасы деп есептеймін. Кез-келген шынығуды өмір салтына енгізуді біртіндеп бастаған жөн. Одан кейін мүлде үзуге болмайды.
* Аурудың алдын-алу үшін вакциналар енгізуге болады. Күз айларынан бастап, барлық емханаларда егу жұмыстары жүргізіледі. Бұл алдағы уақытта тұмау секілді вирусты инфекцияларды жұқтырмауға көмектеседі. Одан кейін туыла салысымен туберкулезге, кейінірек, полиомиелит, қызылша, сары ауру секілді дертке қарсы егу жүргізіледі.
* Ішек құрттары да иммунның жауы. Ағзаға түскен дәрімендерді сіңірмей, көзін жойып отырады. Сол себепті де, кішкентай кезінен тазалыққа үйреткен дұрыс. Тамақтанар алдында қолды жуып, тіс тазалап отыруды да әдетке айналдырған дұрыс.
* Ұйқы режимінің бұзылуы. Таңды таңға соғып, теледидар мен компьютер алдында отыратын балалардың жүйкелері қалыпты жұмысынан айырылады. Қолбасшысыз сарбаздар жаумен қайда, қалай күресу керектігін біле алмай сандалып қалады. Жөн білетін «сардардан» бұйрық түспегендіктен айналадағы анталаған «жаумен» күресте дәрменсіз болып қалады. Мұндағы «қолбасшы» — ми, «сарбаз»- адам ағзасындағы барлық мүшелер, «жау» – түрлі аурулар. Сондықтан, әбден шаршап, қажыған ми да жұмысын қалыпты атқара алмайды.

Баласы жиі ауыратын ата-аналарға берер кеңесіңіз бар ма?

— Мұндай балалардың ата-аналары иммунологқа көрінуі қажет. Ол қаны мен зәрін сараптамаға жіберіп, аурудың ошағын анықтайды. Тек содан кейін ғана аурушаңдыққа себеп болатын – иммунитет төмендігімен күресті қолға алады. Бұл өте ұзаққа созылатын процесс. Өйткені, қалыпты жұмысы бұзылған иммун жүйелерін қайта орнына келтіру оңай шаруа емес. Сол үшін де ата-анаға сабырлылық қажет. Мектеп жасындағы аурушаң баланың өз-өзіне сенімсіз бола бастайды. Өйткені, қатарластары секілді емес: жиі-жиі ауырады, сабақтан көп қалғандықтан, үлгерімі нашарлайды. Одан бөлек, өңі әрдайым бозарып жүреді, бойын әлсіздік билейді. Құрбы-құрдастары сияқты алысып-жұлысып ойнай да алмайтындықтан, кейбір сыныптастары күлкіге айналдыруы мүмкін. Осы сәтте өз-өзінен тұйықталып, іштей жегіге түсіп кетеді. Егер балаңыздың бойынан осы өзгерістерді байқай қалсаңыз, дереу онымен сөйлесіп, өзгелерден кем еместігін, тек аз уақыттан соң барлық ауру атаулыны жеңетіндігін санасына сіңіру керек. Психологтардың пайымынша, аурудан айығатындығына іштей өзін сендіре білу — күшті емнің бірі. Ал, менің тілегім – ешбір ананың баласы ауырмасын!
фото: yamolodayamama.ru

Ұқсас мақалалар

Гипертермия

Баланың ішінің қатуы қауіпті ме?

Балалар арасындағы тершеңдік

Дене қызуы: себебі, салдары, қызуды төмендету амалдары

Балаларда жиі кездесетін ангина

Балалардағы анемия (қаназдық)

Науқас баланың күтімі

Қызықты мақалалар

Майтабандық, майтабан, Майтабандылық

Майтабандық

Майтабандылық (майтабандық) – табанның сыртқы және ішкі пішінінің өзгеруі (деформацияға ұшырауы) салдарынан пайда болатын ауру, …

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика