Басты бетке Жүктілік & босану Жетілмей қалған жүктілік

Жетілмей қалған жүктілік

178
0
Бөлісу

Жетілмей қалған жүктілік кезіндегі ұрықЖетілмей қалған немесе дамымай қалған жүктілік (орыс.: замершая беременность) — жатырдағы ұрықтың жүктілік барысында дамымай қатып қалып, тіршілік етуін тоқтатуы. Бұл патологиялық жағдайға жатады. Жүкіліктің мұндай сәтсіз түрі алғашқы триместрде (12-13 аптаға дейін) көп болады. Бұрынғы уақыттарда менопаузаға жасы таяп қалған әйелдер көп ұшырасса, қазіргі күндері жиырманың үстіндегі жас келіншектер де ұрынып жатады. Отандық гинеколог мамандардың деректеріне сүйенсек, жетілмеген ұрықтардың саны жылдан-жылға артып келеді екен.

Басында қалыпты жүктілік сияқты басталып, соңы тұралап қалатын жүктілік кезінде әйел денсаулығына көп зиян келмес үшін тұрақты түрде тексеруден өтіп тұру қажет (мысалы, уақытылы ультра-дыбыстық зерттеуден (УДЗ) өту арқылы анықтауға болады). Қазір «Бұрындары апа-әжелеріміз ешқандай тексерусіз-ақ 10-12 бала туды ғой» дейтін заман емес. Жүкті әйелдің денсаулығына әйелдің өзі және айналасындағы жақын адамдары немқұрайлы қарамау керек.

Жетілмеген жүктілік пен жасанды түсік тастауды шатастыруға болмайды. Алғашқысы патологиялық жағдайға байланысты болса, екіншісі жүкті әйелдің опасыздығына байланысты.

Дамымай қалған жүктіліктің белгілері

Бұл жүктілікті сол мезетте жалаңаш қолмен (ешқандай құралсыз) анықтау мүмкін емес. Соңында зардаптары немесе белгілері біліне бастағанда ұрықтың жетілмей қалғанын сезуге болады. Жатырдағы ұрықтың дамымай қалғанын бірнеше күн өткенде мынадай белгілер арқылы білуге болады:

  • қалтырап дірілдеу;
  • дене температурасының жоғарылауы;
  • іштің төменгі жағының ауыруы;
  • әйелдің көңіл-күйінің және денсаулық жағдайының нашарлауы;
  • қан аралас бөліндінің шығуы;
  • егер токсикоз болса, токсикоздың бірден тоқтап қалуы;

Жоғарыда көрсетілген белгілердің, кем дегенде, біреуі анықталса, уақыт өткізбестен дәрігерге қаралу керек. Қанның гормональдық сараптамасын және ұрыққа ультра-дыбыстық зерттеу жасатуға тура келеді. Егер УДЗ ұрық дамуының тоқтағанын көрсетсе, зерттеу бірнеше күннен соң қайтара жасалады. Екінші ретте де «ұрықтың дамуы тоқтаған» деген қортынды жасалса, әйелдің жатырындағы ұрықты алып тастау әрекетіне кіріседі.

Дамымай қалған жүктіліктің себептері

Себептері көп. Мысалы, жүктіліктің алғашқы триместрінде жүкті әйел қатты тұмауратса, жейтін тамағы құнарсыз болса, жыныс жолдары арқылы инфекция жұқтырса, әйелдің бойында генетикалық ақаулар болса, гормондық ауытқушылықтар болса (эстроген және прогестерон гормондары арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы), стрестік жағдайларда антидепрессанттар қолданылса, спиртті ішімдіктер, есірткі заттары және темекі секілді зиянды заттар пайдаланылса, зиянды (радиациялы, улы) ортада жұмыс істейтін болса, ұрықтың жетілмей қалуы мүмкін.

Жұғуы мүмкін инфекциялардың қатарына мына кеселдерді жатқызуға болады: цитомегаловирус, герпес, хламидиоз, токсоплазмоз, уреаплазмоз, микоплазмоз, қызылша және т.б.

Екінші триместр мен үшінші триместрдің басында болуы мүмкін жетілмеген жүктіліктің (кеш басталатын жетілмеген жүктілік) себебі зиянды орта болады.

Жатырды өлі ұрықтан тазарту және емделу

Тазарту дегеніміз емдеудің алғашқы кезеңі. Екінші кезеңі тазартудан кейінгі емделу-сауығудан тұрады. Емдеудің бекітілген стандарты жоқ. Дәрігерлер ұрықтың дамымай қалуына себеп болған жағдайларды анықтап барып, тиісті емді бекітеді. Дәрігердің көмегінсіз ешқандай дәрі-дәрмекті өз бетіңізше қабылдамаңыз.

Егер уақытылы анықталса, ұрықтың өз еркімен сыртқа шығуын күтеді. Ал егер ұрықтың өліп қалғанын білмей 2-3 апта уақыт өткізіп алған әйел болса, оның денсаулығына да қауіп төнуі ықтимал. Өйткені өлі ұрық токсинге (улы затқа) айналып, әйелдің қанына қосылып кетеді, денесіне тарайды. Ондай жағдайда жатырды тазалағаннан соң әйелге ем-дом жасалады. Әдетте, жатырды тазалау (өлі ұрықты қуып шығу) дәрі-дәрмектердің көмегімен немесе вакуумды аспиратор құралының көмегімен іске асады.

Жатырда қалып қойған өлі ұрықты алып тастамаса, жатырдың қабынып кетуі әбден мүмкін. Сол себептен дамымай қалған жүктіліктің мәселесін уақыт жоғалтпай шешіп алу қажет. Дер кезінде әрекет етіп, емделуге кіріссеңіз, келесі жүктілігіңіздің сәтті болуына кепілдік береді.

Жетілмей қалған жүктіліктен кейінгі тексерулер мен сараптамалар

  • генетикалық ауытқушылықтарды анықтау үшін ұрыққа цитогенетикалық зерттеу жасау;
  • жатыр ішіне гистологиялық сараптама жасау;
  • кіші жамбас аймағын УДЗ арқылы тексеру;
  • жасырын инфекцияларды анықтау сараптамасы;
  • қынаптан гонококкқа және қынап флорасына жағынды алу;
  • қан құрамындағы гормондар сараптамасы;
  • иммунограмма;
  • спермограмма;

Мұндай жағдайдан соң қайта жүкті болуға бола ма?

Дәрігерлердің бақылауында болып, дұрыс ем қабылдасаңыз, тиісті сараптамаларды тапсырып тұрсаңыз және олардың нәтижелері жақсы болса, дұрыс тамақтанып жүрсеңіз, сәтсіз болған жүктіліктен кейінгі емделуден соң жарты жылда немесе бір жылда қайта жүкті болуға болады. Мерзімі сараптамалардың жақсы немесе нашар нәтижелерді көрсетуіне тікелей байланысты. Осыған қарамастан, жыныстық қатынаста бола беруге болады.

Жетілмеген жүктіліктен кейінгі кезеңде (екінші реттік жүктілікте) қалыпты жүктіліктің болуы — қалыпты жағдай. Яғни екінші рет бала туу мәселесін көп уайымдап, жүйкеңізге қатты күш түсірудің қажеті жоқ. Барлығы өз уақытымен. Салауатты өмір салтын ұстанып, гинекологқа тұрақты түрде қаралып тұру керек.

Ұқсас мақалалар

Жатырдан тыс жүктілік

Темекі жатырдан тыс жүктілікке себеп болады

Бойға бала біткендегі және жүктілік кезіндегі қауіптер

Достарыңызбен бөлісіп, бізге қолдау көрсетіңіз!