Басты бетке Энциклопедия Ауру түрлері Фетальді алкогольді синдром

Фетальді алкогольді синдром

42
0
Бөлісу
Фетальді алкогольді синдром, fetal alcohol syndrome, Фетальный алкогольный синдром фото
ФАС бар бала: үстіңгі ерні жіңішке, мұрны мен ернінің арасы тегіс, көзі қатты ашылмайды

Фетальді алкогольді синдром немесе ұрықтың алькогольді синдромы (басқа атаулары: эмбриональді алкоголь синдромы, фетальды алкогольді салдарлар) — әйелдің жүктілік кезінде және оған дейінгі уақытта алкогольді (құрамында спирті бар) ішімдіктерді тұтыну салдарынан нәресте бойында пайда болатын психикалық және физикалық ақаулардың жиынтық атауы. Мұндай ақаулар алкогольді ішімдіктерден болатын зардаптардың ең қауіптілеріне жатады.

ФАС зардаптары сәби туылған кезден бастап, адам өмірінің соңына дейін сақталады. Ал ол кемшіліктерден емделу, құтылу жағы  екіталай мәселе.
Әйелдің арақ, сыра, шарап және тағы да басқа алкогольдік ішімдіктерді пайдалануының ұрпаққа тигізер кері әсері — осы. ФАС ішімдікке салынып кеткен әйелдер мен жиі ішіп тұратын әйелдерден туған балалар арасында көптеп кездеседі.

 «Фетальді (фетальды)» сөзінің мағынасы «жүктіліктің 9 аптасынан бастап жатырда дамитын ұрыққа қатысты (байланысты)» деген мағынаны береді, яғни баланың жолдасы  мен кіндік арқылы ұрықтың бойына уытын тарататын зиянды заттар ұрықтың дұрыс дамуына айтарлықтай кедергі келтіреді.

Фетальді алкогольді синдромы бар адамның жүйке жүйесі мен дене құрылымындағы кемістіктері көрініп тұрады. Бірақ Даун синдромының белгілері сияқты айқын болып көрінбейді. Олардың өзін-өзі ұстаулары, қимыл әрекеттерінде аурудың ізі байқалады. Соның барлығы алкогольдік ішімдіктерді көп мөлшерде пайдаланудан туындаған салдарларға жатады.

Эмбриональді алкоголь синдромы бар нәрестенің белгілері мынадай:

  • массасы аз болып туылады (аз салмақты);
  • бойы аласа, бойының өсуі баяу жүреді;
  • құлақтары өзгеше пішінде болады;
  • кейбір мүшелерінде ақау болады (мыс.: жүрегі, өкпесі дұрыс жұмыс жасамайды);
  • түр-әлпетінде ауытқулар болады;
  • ағза функционалының бұзылуы (мыс.: тітіркенгіштік, әлсіз сору рефлексі, мазасыздық);
  • ақыл-ойындағы кемістіктер (мыс.: зияткерлік қабілетінің төмендігі, оқу-білімге қабілетсіздігі, зейін шоғырлануының бұзылуы).

Фетальді алкогольді синдромы барлардың бойындағы және психикасындағы ақаулардан арылуы өте қиын, арылуы мүмкін жағдайлардың аз болатындығы соншалықты, мамандар арасында тартысты пікір бар. Мысалы, біреулері «айығу мүмкін емес» деген тұжырымды жақтаса, басқалары емделуге болатындығын айтады. Қалай болғанда да, толықтай құтылу мүмкін болмағанымен салдарларын жеңілдетуге болады. Сондай әрекеттердің қатарына көзінде  ақауы бар балаларға көзілдірік арқылы көру қабілетін жақсартуға мүмкіндік беру әрекетін жатқызсақ болады.

Анасының ішкен шайтансуынан келген зардаптарды өмір бойы көріп өтетін адамдар көп жағдайларда басқа адамдардың көмегі мен назарына мұқтаж болады.

ФАС-ты зерттеу тарихынан

Алкогольді ішімдіктерді тұтынудың салдарынан сәби бойында пайда болатын синдромдарды зерттеп, олар туралы алғаш жазған француз ғалымы Лемонье болды. Ол 1968 жылы өзінің зерттеу жұмысының қортындысын баяндады. Еңбегі «Карнавал балалары» деп аталды.

1973 жылы американдық зерттеуші Лионс Джонс және оның әріптестері анасы тұтынған ішімдіктердің салдарынан болатын ақауларды жүйелі түрде зерттеп, түсіндіріп, «Фетальді алкогольді синдром (Fetal alcohol syndrome)» деген атау берді.

ФАС пен Даун синдромының айырмашылығы

Екі синдромның басты айырмашылығы: біріншісі адами факторлардан болуды, екіншісі адамдардың қатысынсыз болады. Даун синдромы бар адамның бет-әлпетіндегі кемістіктер көзге бірден және алыстан байқалса, ФАС белгілері алыстан оңай байқалмайды. Баланың ақыл-ойының жағдайын салыстырғанда, Даун синдромы бар баланың ақыл-ойындағы даму мен жетілуде үлкен ауытқушылықтардың бар екендігі байқалады.
фото: wikimedia.org

Ұқсас мақалалар

Даун синдромы

Жүктілік кезіндегі өмір салты

Жүктілік кезінде жасауға болмайтын әрекеттер

Аяғы ауыр әйелдердің дұрыс тамақтануы

Темекі жатырдан тыс жүктілікке себеп болады

Достарыңызбен бөлісіп, бізге қолдау көрсетіңіз!

Жауап жазыңыз

Пікіріңізді жазыңыз
Өз атыңызды осында жазыңыз