Басты бет / Балалар әлемі / Бала тәрбиесі / Баланың мінезі қалай тұйық болады?

Баланың мінезі қалай тұйық болады?

Тұйық мінезді бала, Тұйық бала
фото: lady.ru

Сонымен, отбасында өзін жалғыз сезінгендіктен балаңыздың мінезі тұйық болады. Ата-анасының өзімен әңгімелесуден қашатынына, бірдеңені сылтауратып кетіп қалатынына, әңгімесінің қызықсыз екенін ашық айтқанына әдеттенген соң, бала өзінің көңіл күйін, қайғысын білдірмеуге, ішінде сақтап қалуға үйрене бастайды. Ол ата-анасымен сөйлесуге тырыспайды, ал егер одан бірдеңе сұрай қалсаң, қысқа ғана жауап береді. «Бәрін дұрыс емес істеймін, үлкендерге кедергі келтіремін, аяғына оратылып жүремін» деп ойлайды. Ашуланады, ұрысады, жазалайды деп сізден қорқады.

Кешке қарай үлкендердің үй шаруасына байланысты кез келген жұмыстары басталады. Шаршап келгендіктен, тезірек аяқтағысы келіп, үй шаруасына баланы араластырмайды. Мұндайда оған «кедергі келтірмей, басқа бөлмеге барып ойнасаңшы» дейді. Сұрақтың астына алмасын, мазаламасын деп ата-аналары баласына көптеген әдемі ойыншықтар сатып алып береді. Сол себепті бала басқа бөлмеде, бұрышта өзімен-өзі, ойыншықтарымен жалғыз ойнап отырады. Кей ата-аналар баланың денсаулығын ойлап, жағдайын жасап жатырмыз деп әке мен ананың арасында тығыз байланыстың орнауын назардан тыс қалдырып жатады. Ата-анасы үйінде, бірақ бала оны сезінбейді, — олар оның жанында емес, жырақта, әркім өз шаруасымен әуре. Мұндай ата-аналардың махаббаты бір жақты, онда сезім жоқ. Ал бала бұдан қатты қиналатынын ата-анасы білмейді де. Өйткені қанша сүйікті болғанымен де, ойыншықтары анасы мен әкесінің орнын алмастырмайды.

Тіпті үлкендер де өз қуанышын, қайғысын біреумен бөліскісі келеді. Ал баланың бойында мұндай ниет анағұрлым күшті – ол өмірді жаңадан танып келе жатыр, әрбір минут оған қызықты, таңғажайып, ерекше, жаңа нәрсе сыйлайды! Бала алған әсерімен, сезімімен бөліскісі келеді… Бірақ ол – жалғыз, онымен ешкім сөйлескісі келмейді, күлкі етеді, сондықтан оған ішінен шыққан эмоциясын тежеуге, көрсетпеуге тура келеді.

Мынандай оқиғаны елестетіп көріңізші: баласы қуанып, диванда газет оқып жатқан әкесіне жүгіріп келіп, салған суретін көрсетеді: «Әке, қарашы, мен керемет машинаның суретін салдым» дейді. Әкесі газеттен көзін алмай: «Жарайсың!» дейді. Бала сонда да қоймайды: «Әке, сен тіпті қараған да жоқсың ғой!». Бір минуттан соң әкесі суретке көз жүгірте қарап: «Әдемі екен» дейді. Бала тағы: «Әке, екеуміз бірігіп сурет салайықшы» десе, бұл өтінішіне әкесі: «Ертең саламыз, қазір қолым бос емес, мазалама» деп теледидарды қосады. Қанша жалынып-өтінгенімен айтқанын орындамайтынына көзі жеткен соң баласы екі иығы салбырап, көзі жасқа толып, бөлмесіне сүйретіліп кетеді.

Бұл жағдай баланың дамуына ғана емес, денсаулығына да зиянын тигізеді. Себебі психологтардың өзі де үлкендерге арасында өз эмоциясын ішінде сақтамай, сыртқа шығарып тұрған дұрыс деп кеңес береді.

Бірақ балаға аса көп көңіл бөліп, оны тым еркелетіп жіберген де дұрыс емес. Бала ата-анасының отбасы алдында орындауы қажет міндеті бар екенін түсінуі керек: егер анасы кір жумай, тамақ дайындамай, онымен ойнауға кетсе, бұдан бәрі зардап шегеді – кір киіммен жүрулеріне, аш қалуларына тура келеді. Бала әр адамның сүйікті, міндетті ісімен айналысуына және демалуына құқығы бар екенін ұғынуы тиіс (ата-анасы жұмыстан, үй шаруасынан шаршайды, егер олар аз да болса тынығып алмаса, ауырып қалады). Ең бастысы – балаға дауыс көтермеңіз, ақырын ғана айтып түсіндіріңіз.
Дер кезінде мінезіндегі өзгерісті байқамасаңыз, балаңыз көптеген кемшіліктерге ие, өз-өзіне сенімсіз болып өседі. Балаңыздың тағдыры сізді толғандыратын болса, тәрбиелеуге қазірден бастап кірісіңіз. ХІХ ғ. орыс педагогі П.Ф.Каптерев: «Бала үшін жылу, мейірім, махаббат – ауадай қажет; ол аштыққа шыдайды, бірақ мейірімсіз, жылусыз, махаббатсыз өзін жетім сезінеді. Махаббат пен мейірімсіз өскен бала солып, бұзыла бастайды. Ал бұл махаббат пен мейірімді оған отбасы ғана бере алады» деген.

Барлық ата-ана өз баласын жақсы көреді, оған қамқор болады. Бірақ әрқайсысы өз сезімін әртүрлі білдіреді. Біреуі жұмсақ болса, біреуі – қатаң. Ата-аналардың мұндай әрекетінің себебі әртүрлі, дегенмен де барлығының да мақсаты бір – бәрі де бала игілігі үшін. Бірақ бала әлі кішкентай болғандықтан, мұндай қатынасты түсінбеуі мүмкін, мені жақсы көрмейді деп ойлайды. Ата-ана махаббаты баланың дамуында, моральдық қасиеттерінің қалыптасуында үлкен рөл атқарады.

Сондықтан оған мейіріммен қарап, жылы сөздеріңізді аямаңыздар. Бұл баланың өзіндік орнын байқатады, өз-өзіне деген сенімі жоғарылайды, жанына жылу береді: тәттім менің, күнім менің, қозым менің, сенсіз не істер едім, сен менің қолғанатымсың, қолыңнан бәрі де келеді, қапаланба, ренжіме, уайымдама, мен сенімен біргемін… Бұл баланы тым еркелетіп жібереді деп уайымдамаңыз. Ерте кезеңде мұндай байланыс оған өте қажет. Бала көзін ашқаннан бастап әкесінің анасы туралы, анасының әкесі туралы, екеуі өзі туралы ойлайтынын көрсе, болашақтағы тәрбиенің бастамасы қаланады. Бұдан келіп бала ұжымда өзін солай ұстайды (балабақша, мектеп, достары арасында, т.б.), ал өсе келе осы қағида бойынша өз отбасындағы байланысты құрады.

Балаңызға деген махаббатыңызды білдіремін деп тым әсірелеп жібермеңіз. Балаға деген махаббатыңыз шексіз болуы мүмкін, бірақ еркелетудің, мейірімнің де өз шегі бар. Кейбір балалар білдіртпей анасының көйлегін кесіп тастауы мүмкін, қонаққа келгенде сүйікті асы болмағандықтан бақырып жылауы мүмкін, бірдеңені сындырып, төгіп-шашуы мүмкін. Балаңыз белгілі бір ортада өзін ұстауды үйренсін десеңіз, үйге қонақтарды жиі шақырыңыз. Оны басқа бөлмеге қамап қоймай, үстелге бірге отырғызып, өзін қалай ұстау керектігін үйретіңіз. Өскенде әртүрлі адамдармен байланыста болатынына қазірден бастап әдеттенуі қажет.

Мектепке дейінгі жастағы балалардың әсіресе құрбыларымен қарым-қатынаста болғаны пайдалы. Өзі шамалас балалармен араласып, бала толық жетіледі, себебі олардың бір-бірімен ой-өресі ұқсас келеді. Ең алдымен оның қарым-қатынас қажеттілігі қанағаттандырылады (үйде мұндай байланыс болмауы да мүмкін).

Айтқаны қате болса да бетіне баспаңыз. Балаңыз сіздің айтқаныңызды тыңдап, орындаған күннің өзінде ол сізбен келісті деген сөз емес. Өкінішке орай, көптеген ата-аналар баласын тыңдап отыруға уақытын кетіргісі келмейді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бірнеше сағат бойы ақыл айтып, ұқтыруға тырысады. Бала үлкенге қарсылық көрсете алмағандықтан, тыңдағансымақ кейіп танытып отырады. Баланы тыңдауды үйреніңіз. Өзіңіздің ілікпе сөздеріңізбен оны бөлмеңіз. Айтқандары күлкілі, мағынасыз болса да ештеңе білдіртпеңіз. Әңгімесіне байланысты өзіңіздің шешіміңізді айтып, басын қатырмаңыз. Бірақ сіздің араласуыңыз қажет деп есептесеңіз, оны мәжбүрлемей, ақырындап кеңес беріңіз, соңғы шешімді өзі қабылдағандай сезінсін.

Кей ата-аналар «3-4 жасар баламен не әңгіме айтасың? Ол толық сөйлей де алмайды ғой» деп қарсылық білдіріп жатады. Бұл – қате көзқарас. Мектепке дейінгі бала мен ата-ана арасында шынайы байланыс орнауы керек. Бұл болашақта жасөспірім шақта өте қажет болады. Оған қоса, сіз онымен сөйлеспесеңіз, оның сөздік қоры қайдан молаяды?

Жалғасы: Тұйық мінезді балаларға арналған жаттығулар

Ұқсас мақалалар

Бала неге өтірік айтады?

Баланың өтірігінің алдын алуға бола ма?

Баланы балабақшаға жіберу қажет пе?

Баланы неге ұруға болмайды?

Қызықты мақалалар

Бала күтуші ананы айырбастай алсын ба?!

«Бала — балым, баламның баласы — жаным» деп есептейтін еді біздің бабаларымыз. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз …

Ерке балалармен қарым-қатынас

Жалғасы. Басы: Балаңыз ерке болса … Қарым-қатынас орнатуға шақыру Дүниеге келгеннен бастап бала ата-ана махаббатына …

бір пікір

  1. маған өте унады

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика