Басты бетке Балалар әлемі Бала тәрбиесі Ерке балалармен қарым-қатынас

Ерке балалармен қарым-қатынас

67
3
Бөлісу

Жалғасы. Басы: Балаңыз ерке болса …

Қарым-қатынас орнатуға шақыру
Дүниеге келгеннен бастап бала ата-ана махаббатына зәру болады. Алайда, оған артық қамқорлық көрсетіліп, артық көңіл бөлінсе, болашақта ол мұны сізге қарсы пайдалануы мүмкін. Көз жасы оның ата-анасын өзіне қарату әдісі болып табылады. Оған ата-анасымен арадағы тығыз байланыс өте қажет. Бірақ әрбір айқайына, көз жасына жүгіріп келіп, оның тілектерін орындай беруге де болмайды. Әйтпесе кейін өсе келе опық жеп қалуыңыз мүмкін.

Мынандай мысалды келтіріп көрейік:

Мөлдір есімді қыз (11 айлық). Ата-анасы соңғы кездері қыздың жылауық болып алғанын байқайды. Анасы үй шаруасымен айналысып кетсе болды, ол жылай бастайды. Ал егер анасы жанына келмесе, айқайлайды. Абыржыған ата-анасы баланың бір жері ауыратын-ауырмайтынын анықтау үшін дәрігерге көрсетеді. Бірақ олар өздері-ақ аздап зейін салып байқағандарында, Мөлдірдің еркелеп жатқанын (анасы жанынан алыстап кетсе өзін жайсыз сезінеді) аңғаратын еді. Бұдан шығар жол біреу-ақ: біріншіден, ата-анасы оған төзімі жетсе көп көңіл бөлуі қажет, екіншіден, баланың еркелігіне жол бермеу, жетегінде жүрмеу. Біртіндеп ол жалғыз өзі ойнауға үйренуі қажет.

Баланың ересектердің назарын өзіне аударту әдістері өте көп. Мысалы, бала қыңырланып, жанына келуіңізді талап етеді немесе өзі қоса алса да жарықты сізге қостырады, киімін кигіздіріп, түймелетеді. Әдетте, ата-аналар оған мынандай сөздермен әсер еткісі келеді: «ыңылдай бермей, доғар енді!», «егер бұл әрекетіңді қоймасаң, мен сені бөлмеге қамап қоям», т.б. Бірақ мұндай қорқытулар мен ұрыстар ешқандай нәтиже бермейді. Біраз уақыттан соң бала әдетін бәрібір қайталайды.

Көптеген ата-аналар балаларымен әңгімелесуге, оларды тәрбиелеуге уақыттарының жетпейтіндіктерін айтып жатады. Бірақ ең бастысы – қанша уақыт жіберетіндігіңізде емес, сол уақытты қалай пайдаланатыныңызда. Өзіңізде бар мүмкіндіктің барлығын қолдану керек: әртүрлі кештер, демалыстар, т.б. ұйымдастырыңыз. Тосын сыйлар жасаңыз. Қымбат немесе дүркіретіп тойлатудың қажеті жоқ. Театрға баруға болады немесе қала сыртына демалысқа шығыңыз. Үй шаруасын тастамай-ақ, оларды орындау барысында баламен байланыс жасауға да болады. Тек балаға назар аударыңыз, онымен сөйлесіңіз, әңгімесін тыңдаңыз, бұдан ол өзін бақытты сезінеді.
Баламен сөйлескенде шынайылықты сақтаңыз. Бала өтірікті бірден байқайды.

Ата-анасының тыйымдарына көрсеткен мінезі
Кейде бала өзі ұнататын нәрсені орындауына ата-анасы тыйым салса, мінез көрсетіп жылайды. Сіздің тарапыңыздан жасалатын тыйымдардың себебі алуан түрлі болуы мүмкін. Мысалы, тәттіні көп жегеннен диатез пайда болды, дәрігер біраз уақытқа тәттіден бас тартуын талап етеді. Бірақ мұны кішкентай балаға қалай түсіндіресің? Немесе сіздің әрбір рұқсат берген әрекетіңізден бала бұзақы, тентек болғанын байқадыңыз, сізді мүлдем тыңдамайды.
Балаға «болады» және «болмайды» деген сөзді түсіну қиын. Сол себепті оның мағынасын түсіндіріп беруіңіз қажет. Дамуының әр кезеңіндегі бала психикасының ерекшелігін ұмытпаңыз.

Бір жасар бала ашық, жалт-жұлт еткен дүниелерге (оның пайдасы болсын-болмасын, оған мән бермейді) қатты қызығады. Айқайлап, жылап, сол қызыққан нәрсесін міндетті түрде алдыртады. Мысалы, бала хрустальдан жасалған жалт-жұлт еткен стаканды көрді. Бірақ сіз оқыс қимыл жасаса, бала оны сындырып алып, бір жерін жарақаттап алады деп қауіптенесіз. Мұндай жағдайда сіз баланың назарын бірден қауіпсіз ойыншықтарға аударуыңыз қажет.

Баласын қатты жақсы көретіндіктен, ата-аналар оған ойыншықтарды өте көп алып беріп жатады. Бірақ шамалы уақыттан соң бала одан да жалығады. Сөйтіп оның жаңа нәрсеге аңсары ауады, көбінесе ата-анасы тыйым салған дүниелерге. Мұндай болмас үшін оған барлық ойыншықты бірден үйіп-төгіп бермеңіз, тек арасында ауыстырып беріп тұрыңыз.
Бір жасар баланың әр нәрсені аузына салатынын (өйткені оның тісі шығып келе жатыр) естен шығармаңыз.

Ойыншықтардың арасында өткір, тез сынатын, майда бөлшектердің болмауын қадағалаңыз. Егер сіз резеңкеден жасалған жұмсақ ойыншықтар сатып алсаңыз міндетті түрде сатушыдан қандай материалдан жасалғанын сұрап алыңыз. Оның берген жауабына күмәніңіз болса, ол ойыншықты алмаңыз.

Үш жасқа қарай бала айналасымен танысуға құмар болады. Енді ол отбасының толыққанды мүшесі болуға тырысады. Барлық үй шаруасына қатысып, көмектесіп, өзінің есейгенін білдірткісі келеді. Бұл кезеңде кейбір ата-аналар не істерін білмейді.

Мен бір отбасын танимын. Онда әлемді «балалардікі», «үлкендердікі» деп екіге бөлген. Ата-анасы баласына жеке бөлме бөліп, басқа бөлмелерге кіруіне тыйым салған, мысалы, ас үйге. Бұл тәрбиелеу мақсатында ойластырылмаған, тек ата-анасы оның өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келді. Баланың үстіне қайнаған су төгіледі, теледидар экранының сәулесі денсаулығына зиянды деп ойлайтын. Олар оған тіпті жүгіруге тыйым салатын, өйткені құлап қалып, бір жерін ауыртып алады деп зәрелері қалмайтын. Бірақ қызыққұмар бала бұған көндіге алмай, ата-анасының назары басқа нәрсеге ауған кезде тыйым салған орындарға баруға тырысатын. Бірақ әкем мен анам байқап қалмасын деп жылдам қимылдайтын. Ақырында бірдеңе құлап, сынып, жарылатын. Ата-анасы енді оның назарын тәттілер арқылы аулай бастады. Тыйым салынған нәрсеге қызығушылығы ояна бастаса, бірден кәмпит беретін. Бала бұған әдеттеніп алып, мұндай әрекеттерді жиі және әдейі жасауға тырысатын. Бұрынғыдан да қатты жылап, айқайлайтын. Бұл – дұрыс емес, әрине. Бала үлкендердің әлеміне енгісі келіп, олардың барлық әрекетін қайталауға тырысады. Үй шаруасында сізге көмекші болсын. Бірақ барлығын ойын түрінде орындатыңыз. Кір жуып жатсаңыз, оған да кішкентай леген беріп, өзінің шұлығын жуғызыңыз. Ас үйде тамақ даярлап жатсаңыз, ол да соны істеп, өзінің ойыншықтарын тамақтандырсын. Үй шаруасын бірігіп орындаудың бірнеше оң нәтижелері бар: біріншіден, бала үнемі сіздің жаныңызда, көз алдыңызда жүреді, екіншіден, кейбір заттардың не үшін қажет, қайсысы қауіпті, пайдалы екенін балаға түсіндіріп беруге мүмкіндігіңіз бар.

Сіз бала әлі кішкентай, ештеңе түсінбейді деп ойлайсыз. Бірақ қателесесіз. Ол бәрін де түсінеді. Ал еркелігі мен қыңырлығы – сіздің әрекетіңізді тексерудің өзіндік амалы. Мұндай жағдайда сіз берік, шыдамды болуыңыз қажет. Баланы шамалы уақытқа оңаша қалдырып көріңіз, ол өзінің қателескенін түсініп, тәртібін өзгертеді.

Нағыз қиындықтарға баланы балабақшаға беретін кезде тап боласыз. Егер сіз оны алдын ала дайындықтан өткізіп алсаңыз, ол «болады-болмайды» дегенді ұғатын болса қиналмайсыз. Бір дегеннен барлығын сатып алуға болмайды дегенді жақсылап түсіндіріп беріңіз. Біреуінде машина, екіншісінде ұшақ, үшіншісінде паровоз бар. Әрине, бала бәріне қызығады, өзінде ғана болғанын қалайды. Балаға бірігіп ойнау керектігін, бір-бірімен бөлісу керектігін түсіндіріп беріңіз.
Егер бұл көмектеспесе, «Дүкен» деп аталатын ойын ойнап көріңіз. Оған ойыншық ақша беріп, қажет нәрселерін сатып алуын өтініңіз. Ақшасы жылдам бітіп, бала барлық нәрсенің мәңгілік емес, қалаған нәрсеге үнемі қол жеткізу мүмкін емес екенін түсінеді.

Достарыңызбен бөлісіп, бізге қолдау көрсетіңіз!

3 Пікірлер

  1. оте жаксы.) ж/е Баланы сабак окуына калай кызыгушылыгын арттыруга болады макаласын,жиберулеринизди отинемин.

  2. Оз баламды мугедек деп айтуга аузым да бармайды бирак кызым 6 айынан бери эпилепсия деген ауруга жолыккан казыр 4-ке толганын билмей де калыппын али де шакалак отыра алмайды, басын да устай алмайды сойлей де алмайды аздап кана жимиып куледи соган риза боламыз. Айтайын дегеним менде кызымды оз катарына коскым келеди, билетин мамандар айтыныздар комектесиниздершы кайтсем кызым оз катарына оз ортасына коса аламын маган тура жол силтесениздер тек кана риза болар едим. Менде бакытты Ана мен бала болгым келеди………….!

Жауап жазыңыз

Пікіріңізді жазыңыз
Өз атыңызды осында жазыңыз