Басты бетке Нәрестелер Нәрестенің ұйқысы 6 айлық сәбидің ұйқысы мен ұйқысыздығы

6 айлық сәбидің ұйқысы мен ұйқысыздығы

289
7
Бөлісу

Сәбидің алғашқы алты айдағы ұйқысы, ұйқысыздық мәселесі

Ұйықтап жатқан сәби, Ұйқыдағы сәби, Ұйықтап жатқан сәбидің фотосы, Ұйқыдағы сәбидің суреті, фотосы
Ұйқыдағы сәби. Фото: newbornbabyfeed.com

Терең әрі тәтті ұйқы – сәбидің эмоциялық және физикалық дамуына әсер ететін бірден бір фактор. Терең ұйқы емізулі сәбиге дені сау болып өсуге, ал ата-анасына жақсы тынығып алуға мүмкіндік береді. Ұйқы кезінде сәби ағзасында өсу гормоны бөлінеді. Оның үстіне ұйқы арқылы сәби күні бойы алған жаңа әсерлерді жақсы ұғынып, меңгереді. Бала ояу кезінде көріп сезінген құбылыстарды ұғыну үшін көп энергия жұмсайды. Осы жұмсалған күшті қалпына келтіруге тек ұйқы ғана көмектеседі. Сол себепті терең ұйқының сәби үшін мағызы зор.

Сәбидің туылғаннан үш айлығына дейінгі ұйқысы
Туылғаннан кейінгі алғашқы апталарда сәбилер тек тамақтану үшін ғана оянады, кейін қайтып ұйықтап қалады. Екі айға дейін бала күніне 17 сағат ұйықтайды. Үш айында 15 сағатқа азаяды. Сәбилер, әдетте, күндіз де түнде де үш-төрт сағаттан артық ұйықтамайды. Себебі қарны ашады. Осы аралықта тамақтанып алуы керек. Үш айдан асқан сәбилердің көбісі түнде оянбай, тек таң ата оянып, қарны ашқанын білдіріп, жылай бастайды. Ол бірте-бірте кеш оянатын болады. Бала өздігінен оянбайынша, оны оятуға болмайды. Ал күндіз 3-4 рет ұйықтайды.

Баланың түнде бірнеше рет міндетті түрде тамақтану үшін оянатындын білдік. Кейде оның оянуының басқа да себептері болуы мүмкін: іші ауырады немесе жатқан орны мен киімінен жайсыздық сезеді. Ондай жағдайда жаялығын немесе киімін ауыстыру керек.

Сәбидің үш айлығынан бастап алты айына дейінгі ұйқысы
Үшінші және төртінші айларда бала тәулігіне 15 сағат ұйықтайды. Оның 10 сағатын түнгі ұйқы құрайды. Ал қалған уақытты күндіз екі-үш бөлікке бөліп ұйықтайды. Алты айлығында күндізгі ұйқысы айтарлықтай азаяды.

Бала күндіз жақсы ұйықтаса, демек, түнгі ұйқысы да жақсы болады. Күндіз ұйқыны қандырып алып, түнде ұйықтамайды деген қате түсінік бар. Егер күндік ұйқысы нашар болса, бала тым қатты шаршағандықтан түнде де ұйықтай алмайды. Бірақ барлық сәбилердің ұйқысы жақсы бола бермейді. Түнімен бірнеше рет оянып, мазасы кетіп, анасын әбіржітетін, түнгі ұйқысын әдеттегіден тыс бөлетін балалар да болады.

Қазақта «баланың күні мен түні ауысып кетті» деген түсінік те бар. Бірақ сәби түн болғанын түсіну үшін, оны күнделікті бір уақытта ұйықтату керек. Түн болып, ұйықтайтын уақыт келгенін сезінетіндей етіп, баланы бірте-бірте режимдік ұйқыға үйрету керек.

Сәбидің түнде тыныш ұйықтауы үшін…

Ұйықтатардан бірнеше сағат бұрын шомылдырған сәби түнде жақсы ұйықтайды. Сол үшін кешке шомылдырып, бой жазу жаттығулары мен массаж жасап, баламен біраз уақыт ойнаңыз. Ұйықтар алдында белсенді ойындар ойнауға болмайды. Белсенді қимылдағанда баланың ұйқысы ашылып кетеді.

Сәбилердің ұйқысыздығы

Сәбилерде ерте болатын ұйқысыздық осы алтыншы айдан басталады. Ол жеңіл немесе өте ауыр түрде өтуі мүмкін. Мәселен, бала ұзақ жылап, тек анасының қолына барғанда ғана тынышталады. Бұл мерзімінен ерте туылған балаларда көп кездеседі. Баланың ұйысыздығын анықтау үшін медициналық және жалпы себептерін іздеу керек. Дәрігердің мұқият тексеруінен өту керек. Кейде сәби түнде шөлдегеннен де жылауы мүмкін немесе үсті тым қалың жабылып, ыстықтағаннан оянады.

Несеп жолдарында инфекцияның болуы немесе бүйрек қызметінің бұзылуы салдарынан зәр тым көп бөлініп, түнде содан шөлдеуі де мүмкін. Бірақ, көбінде, бала тоймағандықтан, қарны ашқаннан оянады немесе тым көп жеп қойып, іші ауырады.

Емізулі баланың түнде оянуы анасының нашар көңіл күйінің, стрестік жағдайда болуының салдарынан да болуы мүмкін. Ана мүмкіндігінше байсалды, жақсы көңіл-күйде болғаны дұрыс.

Сәбидің ұйқысыздығына бас сүйектің ішкі қысымы да себеп болады.

Кішкентай сәбилердегі ұйқысыздықтың көп кездесетін себептері

Ұйқысыз сәбидің суреті, жылап жатқан сәби фотосы, жылауық баланың суреті
Ұйқысыз сәби. Фото: nurturenanny.com.au

Сәбидің тоймауы. Ана сүтінің майлылығы балаға ұйқы келтіретін әсер береді. Ана сүті түнге қарай қоюланып, майлана түседі, ананың жаратылысы сондай. Алайда сүттің майлы бөлігі соңында келеді. Кейбір сәбилер сүтті соңына дейін еміп болмай жатып ұйықтап қалады. Нәтижесінде біраз уақыттан кейін қайта қарны ашып оянады. Ал егер де сәби ұйықтар алдында екі емшекті де еміп алып, түнде тағы оянатын болса, демек анасының сүті жетпейді. Балаға қосымша тамақ беру керек.

Іш ауыруы. Сәбилердің ең жиі мазасын алатын мәселе. Іш ауруын басу жолдары: ішті айналдырып уқалау, жаялықты жылытып ішке басу, емізген соң тіке ұстап жүру, ораздық (укроп) қайнатқан су беру. Болмаған жағдайда семитикон негізінде жасалған дәрілер, мысалы, эспумизан беру.

Ұйықтар алдында қызыну. Ұйықтар алдында сәби әкесімен белсенді ойын ойнады, немесе балаға кешке жаңа ойыншық сыйланды. Нәтижесінде баланың жүйке жүйесі ұйқыға бейімделіп үлгермеді.

Ұйықтатардан бір сағат бұрын дайындық жұмыстарын жүргізіңіз: бөлменің жарығын баяулатып, сәбиді шомылдырып, денесін сылап, баяу жаттығулар жасаңыз, онымен баяу ойындар ойнаңыз немесе кітап оқып беріңіз, ертегі айтыңыз. Бала ұйықтап жатқан бөлмеде ешқашан теледидарды қосып қалдырмаңыз. Оның жылт-жылт еткен сәулерері ұйықтап жатқан баланың жүйке жүйесін қоздырады.

Сырқаттанулар: суықтау, инфекция, мұрын бітелуі немесе тіс жаруы үнемі сәбидің мазасын қашырады. Бұл себептерден болатын ұйқысыздықты тек күту арқылы жеңуге болады. Сәбидің денсаулығы оңалған соң ұйқысы да қалпына келеді.

Бөлмедегі температуралық режимнің бұзылуы. Сәби ұйықтайтын бөлме тым ыстық немесе салқын болып, бала дұрыс киіндірілмесе, ұйықтауы қиын болады. Ұйықтаған күнде де жиі аунап, көп оянады. Сәби ұйықтайтын бөлмеде тұрақты температуралық режимді сақтауға тырысыңыз. Бөлме температурасы 23°C-ден жоғары болмауы керек, ылғалдығы 60% шамасында болуы керек.

Сәбидің биоритмі бұзылған. Қазақша айтқанда, күні мен түні ауысып кеткен. Бұл кезде күндіз бөлменің жарық болуын қадағалаңыз. Бала ұйықтап жатса, бөлмені қараңғыламаңыз. Ал түнде жарықты мүлдем сөндіріңіз.

Сәбидің ұйқысыздығын болдырмас үшін жиі серуендеңіз. Баланың жақсы ұйықтауына таза ауаның әсері зор. Міндетті түрде сәбиді күніне 2-3 рет далаға таза ауаға шығарыңыз. Олай болмаған жағдайда, бөлмені желдетіп тұрыңыз.

Ұқсас мақалалар

Балалардағы ұйқысыздық. Онымен қалай күресеміз?

Балалар арасындағы тершеңдік

Гипертермия

Баланың ішінің қатуы қауіпті ме?

Балам жиі ауырады. Неге?

Достарыңызбен бөлісіп, бізге қолдау көрсетіңіз!

7 Пікірлер

  1. Балам 2 айдан асып барады ұйықтап жатып өз өзінен шошынып оянады қатты шошынады бұл неден болуы мүмкін көмектеріңіз керек

    • Саламатсызба!
      Жергілікті жердегі мешітте Құранмен дем салатын имам адам болса, дем салдырыңыздар.

  2. саламатсызба ! менин алты айлык кызымнын енбеги дункиип исип тур сонын себебин билми жатрк озимизде бугин танертен байкадык даригеримиз неден екенин билмимин деп ауданга жолдама берди

  3. Саламатсызба?Менің ұлыма 1 ай болды бірақ бала ұйқымен өседі дейтін еді менің балам тым аз ұйқтайды.Бұл жағдайда не істеймин?Педияторынан сурасам ондай болады дейді.Қосымша тамақта беремін.Еш қимылдатпайды

  4. Сәлеметсіздер ме? Менің 1 айлық қызым бар. Қызым көп жылайды. Ұйқысы тым аз. Күндіз 3 сағаттай ғана ұйықтайды оның өзін бөліп бөліп. Жылағанда бірден шар етіп бірдеңе шағып алғандай болады.

  5. Сəлеметсіз бе?! Менің қызым 7 айдан асты. Түнде көп оянып кетеді. Бұрын ондай емес еді. Емізсем шалқалап жылайды, сосын қолыма алып еміземін.

  6. Менің балама 5 ай боп қалды. Мен жақында 5 айлық бала түнгі уақытта 8 сағат бойы ембеуі керек ұйықтауға үйренуі керек деп. Енемде түнде емізбе асқазаны демалу керек деп айтқан. Енді мен ойлап жүрмін мынадай тəсіл бар дейді баланың ұйқысы əр 2 сағат сайын ұйқы циклдары бір біріне байланысады деп оқыдым. 3 айынан кейін үйрету керек екен. 3 күн жылайды содан кейін бала өзіде үйреніп кетеді деп. Егерде түнде ыңырсып,жылап жатқан кезде шайқап немесе мен жанымен жатқызсам ол ұйықтап кетеді. Анасы оған тиісіп көмек көрсетсе бала оған үйреніп алып анасы жасамайынша ұйқы циклдарын бір біріне жалғай алмайды екен. Енді мен бұл əдісті жасап көргім келеді. Бірақ бұл дұрыспа сəзлерден сұрайын деп едім.. баланы түнде қалай емізбеуге үйретуге болады???

Жауап жазыңыз

Пікіріңізді жазыңыз
Өз атыңызды осында жазыңыз