Басты бет / Отбасы & қоғам / Қыз тәрбиесі: қыз — болашақ ана

Қыз тәрбиесі: қыз — болашақ ана

Қазақ отбасындағы қыз бала тәрбиесінде ұл бала тәрбиесіне қарағанда біраз ерекшеліктердің бар екенін білеміз. Себебі, бүгін отбасында еркелеп өсіп отырған қыздар, күні ертең бойжетіп өскен соң, өзге шаңырақтың түтінін түтетіп, ошағының отын жағатын әйел, ана болатынын айтсақ та жеткілікті. Халқымыз ананың рөлін өте жоғары бағалаған. Ана — барлық өмірдің бастауы.

«Қыз» — қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.

Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Барған жерде бағының ашылуына үйде отырып қамданатын болған. Қыз баланы құрметтеу, оның алдында дөрекі сөйлемей ізетті болу, ер тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына мінгізу, киімнің әсем сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау ежелгі дәстүр. Жиын тойларда қыз баланы әрдайым сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен келіндер де қайын сіңлілерін аттарымен атамай «еркежан», «шырайлым» деп еркелеткен.

Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға үлкен сын еді. Жүн түту, жіп иіру, шекпен тоқу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, көрпе көктеу т.б. өнерді қыздарына бөгде босағаға бармай тұрып-ақ үйреткен. Осылай еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық жағынан дайындай бастаған.

Үлкенді сыйлау — біздің халқымыздың дәстүрі. Ол бойынша жастар үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, сыпайы болуға, үлкенмен сөз жарыстырмауға, тіпті үлкендердің алдында қатты күлмеуге тиіс болған. Осындай ата дәстүрімізді бүгінгі жастар жадында сақтап, жалғастыра білуі қажет. Тән сұлулығы деп қыздардың жан-жақты сұлулығын айтады. Яғни жан сұлулығы мен қоса тән сұлулығы бірдей болғаны қашан да жарасады емес пе?! Жастықтың өзі сұлулықтың, нәзіктіктің белгісі. «Аттың көркі — жалы, қыздың көркі — шашы» деп ұққан аналар қыздың шашын дұрыстап күтіп өсіруді өнер деп санаған. Сонымен қатар, қыз балаларға қынама комзол, дүрия бешпет, кәмшат бөрік, қос етек көйлек кигізген. Сырға, білезік, шашбау, шолпы сияқты әшекей заттарды тақтырған халқымыз қыздың көркіне ақыл-ойы, мінезі сай болуын қалаған. «Қыз қылығымен сүйкімді», «Қызым үйімде, қылығы түзде» деп қыз тәрбиесінің ерекшелігіне аса жоғары мән беріп отырған. Қыз ұзатылып барған жерінде өсірген ата-ананың, өскен ауылдың атына кір келтірмеуін, сағын сындырмауын тілеген. Әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырықтан аттаған босағаның игілігіне, қала берді бүкіл бір қалың елге сіңірген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті әжелер солардан шыққан.

Бүгінгі қызғалдақ қыздарымыз — ертеңгі ибалы да инабатты келін, болашақ ана, салиқалы әже болатыны табиғат жолынан белгілі. Әйел шаңырақтың құты, бағы мен берекесі, отбасының ұйытқысы тұрмыстың сәні мен салтанаты. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетсе, дүниедегі мейірім мен махаббат ана сүтінен дарып, әйел жүрегіне ұялаған дейді.

Қазір біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ, тәуелсіз еліміз осы заманның даму үрдісі жылдамдығымен зымырап келеді. Сондықтан уақыт талабына сай өмір сүру үшін заман адамдардан жеке тұлғалық фактор талап ететін сияқты. Ұлттық сана сезімге сіңіп, тегімізден келе жатқан адами қасиеттерді жойып алмауымыз керек. Осы орайда сүйікті жар, ардақты ана, қыз баланың орны ерекше. Әйел қандай биік дәрежелі жұмыс істемесін, қайда болмасын оның ең басты міндеті — өмірге ұрпақ әкелу, бала тәрбиелеу.

Қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана ғана емес, радио мен теледидар, газет-журналдар, кітаптар мен кинолар, кафелер мен дискотекалар әсер етуде. Бұл тәрбиенің жағымды және жағымсыз жақтары толып жатыр. Ата-аналар күнұзақ жұмыста болғандықтан бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен күнге азайып барады. Сондықтан қыздарымыз өзімен-өзі қалып бара жатқан жайы бар.

Жалпы мектеп жасындағы қыз балалар тәрбесін үш кезеңге бөлуге болады.
1-кезең, бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуіне құштарлығын арттыру, кітап оқыту мәдениетін дамыту.

2-кезең, бесінші-сегізінші сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста жас ерекшелігіне қарай қыз бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қит еткен нәрсенің барлығын айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, қыз баланың келешегіне ең керектік нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болуға, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру — басты борыш. Сонда бұл сипаттар келешекте жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз баланың бойынан әрқашан нұр болып төгіледі.

3-кезең, тоғызыншы-он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата-анасын, бауырларын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.

Қазіргі қазақ қыздары бұзылу қаупін бастан кешіруде. Салт-дәстүрімізге жат қылықтарға бейімделіп барады. Олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау ұмытылып барады. Сондықтан аналар қыздарымызға дұрыстап тәлім-тәрбие берейік, ұлттық болмысымызды сақтап қалайық!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика