Басты бет / Балалар әлемі / Бала тәрбиесі / Баланы жазалаған дұрыс па?

Баланы жазалаған дұрыс па?

Бала — әке-шешенің перзенті, ұрпағы. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, «баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлынша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» – деп, баланың ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған. Абай атамыз: «Адам — ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» – дейді.

Бала тәрбиесі, баланы жазалау, баланы ұру, Бала тәрбиесі фото, баланы жазалау сурет, баланы ұру суреті
Баланы жазалау. Фото: natural-medicine.ru

Кейде ата-аналар жазаға немқұрайлы қарап, көбіне істі түзетудің орнына бүлдіріп алады. Жазалау — өте қиын нәрсе: ол тәрбилеушіден үлкен әдептілік пен сақтықты талап етеді. Сондықтан біз ата-аналарға мүмкіндігінше жазалаудан аулақ болып, дұрыс тәртіпті қалыптастыруды ұсынамыз.
Балаға дұрыс, бұрысты үйретіп, жазалау керек десек, бір жағынан, ол баланы қорлау, кемсіту сияқты көрінеді. Жазалауда бала өз қателігін түсініп, жасаған жаман қылығы үшін ата-анасынан кешірім сұрағаны да дұрыс. Бірақ, бала қалай жазаланса да, ол не істесе де, сізді әрқашан туған жақын адамы ретінде сезінуі тиіс.

Жазалаудан бұрын қателерді түзетуде, ең әуелі, мейірім мен насихаттың әсері мол екенін ескергеніміз жөн. Себебі балалар көбіне жасаған қателіктердің парқына бара бермейді. Мұндай жағдайда балаларға ұрсып, жекудің пайдасынан зияны басым болуы мүмкін. Үлкендердің баланың басынан сипауы, маңдайынан сүйіп, иіскеуі немесе құшақтап, арқасынан қағуы, көтеріп құшағында тербетуі балаға оң әсерін тигізеді. Бала үлкендердің бұл ілтипатынан өзін жақсы көретіндігіне сенеді.

Зерттеушілер құшаққа алынып, құштарлана сүйілмеген, басынан сипалап маңдайынан иіскелмеген балалардың кейбір психикалық ауруларға ұшырайтынын дәлелдеуде. Мысалы, бес жасар қыз дүкенге барғанда қалтасына ұрлап бір кішкене зат салып алды делік. Үйге келгенде сізге көрсетеді. Бұндай жағдайда не істеу керек? Шара қолданып, жазалау керек пе? Себебеі неде?

Жалпы, балалардың мұндай әрекетке баруына үш себеп бар:

  • біріншіден, өнегелі көзқарастың жеткіліксіздігі (мысалы, бала өзінікі, біреудікі, жақсы, жаман түсініктерін айыра алмайды);
  • екіншіден, байсалды психологиялық қанағатсыздық болуы мүмкін (баланың ішкі қабылдаулары т.б.);
  • үшіншіден, ерік дамуының жеткіліксіздігі (әлгіндей әрекеттерге еріксіз барады).

Осындай жағдайларда баланы қорқытып, жазалауға болмайды. Өйткені жазалау әрекеті баланың бойында қорқыныш сезімін туғызуы мүмкін. Керісінше, ұрлаған затын қайтару, баланы ашық болуға шақыру, жәбірленушінің орнына өзін қоя білуді үйрету (6 жастан бастап балаларда ұят сезімі қалыптасады) керек. Ұрлық жасауға барған әрекетінің себебін тауып, мәселені шешуге тырысқаныңыз дұрыс. Балаға ұрысқаннан гөрі оған жақсы көретініңізді білдіру аса маңызды.

Тәрбие берудің негізгі мәйегі — мейірім мен сүйіспеншілік

Психология ғылымында дәлелденген, кішкентай балалар үшін орны ерекше осы бір әрекетке тоқталып өтейік.

Баланы, әуелі, тыңдай білу керек. Әр нәрсені дұрыс түсінуге бала ақылы жете бермейді. Сол себепті баланың не ойлап тұрғанын білу қажет. Біз көбіне баланы қателікке ұрындырған себепті іздеп, дереу өзіне ұрса жөнелеміз. Балалар балалықпен қателік жасайды. Қате жасаса ұрсып, жазғыра жөнелеміз. «Балалар тыңдауды қажет етеді екен» деп, те ойламаймыз. Бала өз қателігін түсінген жағдайда ата-анасының не үшін ұрсып, не үшін жазалағанын түсінбей дал болып жатады. Содан «ата-анам мені жақсы көрмейді» деген ойға қалады. Міне, сондықтан баланың ішкі жан дүниесімен сырласпастан, оның ойын білместен, жасаған ісінің дұрыс еместігін түсіндірместен, оған ұрысып, жазалау дұрыс емес. Есесіне, балаңызбен дос, сырлас болыңыз. Ешқашан қатыгездікпен адамды адам ете алмайсыз. Қатыгездік баланы ашындырады, өшпенділік тудырады.

Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі қателіктері

Ата-аналардағы қателіктердің бірі — баланы не болса содан тиып, іс-әрекетін шектей беру. Баланың қате қылығын тыйған кезде орнына басқа дұрыс нәрсені көрсету керек, яғни балама әрекет немесе зат арқылы дұрыс әрекетке бағыттау керек. Олай болмаған жағдайда бала баяғы істеген қателіктерін қайта жасауы, болмаса, қырсық мінезділікке бейімделуі мүмкін. Мысалы, бала ыдыс-аяқпен ойнағысы келгенде дереу қолынан жұлып алғаннан гөрі «Ойнасаң, мә, мына сынбайтын ыдыспен ойна» – деп, оған басқа ыдыс (мысалы, балаларға арналған ойыншық ыдыс) беру керек.

Жай жазалаудың салдары баланың ой-өрісінің дамуына кері әсерін тигізеді, содан реніш пен күйзеліске әкеліп, соңынан үлкендерге деген сенімсіздік сезімі пайда болады. Қатал қарым-қатынас болатын отбасылардағы балалардың неврологиялық реті бұзылады: тұтығу, түнгі қорқыныштар, ұйқының бұзылуы сияқты ауытқулар болуы ықтимал. Кішкентай адамның психикасы — өте жіңішке аспап. Оны жеңіл бұзып, сындырып алуға болады, бірақ сосын оны түзету қиынға түседі.

Ата-аналарға кеңес:

  • баланың кемістіктерін бетіне басып, басқа балалармен салыстырмаңыз.
  • баланы қателескені үшін кемсітіп, бетінен алмаңыз.
  • балаңыздың жетістігі мен дәрежесі үшін емес, сол қалпында сөзсіз жақсы көретініңізді сездіртіңіз;
  • әрқашан өз балаларыңыздың қылықтарын түсінуге тырысыңыздар;
  • ешқашан шешім шығаруға, әсіресе, жаза қолдануға асықпаңыздар.

Жақсы отбасында жазалау деген болмайды. Бұл — отбасы тәрбиесінің дұрыс жолы.

Ұқсас мақалалар

Бала күтуші ананы айырбастай алсын ба?!

ХХI ғасырдағы бала тәрбиесі

Ұрлық па, шалалық па?

Бала неге өтірік айтады?

Бала тәрбиесі жатырда басталады

Қызықты мақалалар

Ерке балалармен қарым-қатынас

Жалғасы. Басы: Балаңыз ерке болса … Қарым-қатынас орнатуға шақыру Дүниеге келгеннен бастап бала ата-ана махаббатына …

3 комментария

  1. Айнагуль

    өте дұрыс айтылған сіздерге қосыламын бала тәрбиесіне аса көп көңіл бөлген жөн

  2. Сізбен толықтай келісемін

  3. Ия, балаларымыз бір бұзық жасаса бірден ұрсып жерден алып жерге салып жазғырамыз. Сабырлық, төзімділік таныта бермейміз. Сол үшін қымбатты ата-аналар, бала тәрбиесіне келгенде шыдамды болайық!!!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика