Басты бетке Ертегілер мен боямақтар Мақтақыз бен мысық

Мақтақыз бен мысық

119
0
Бөлісу

Бұл екеуі дос болады. Мақтақыз үйін жинап жүріп, бір мейіз тауып алады да, мысықты шақырады. Мысық келмейді. Қыз: «Келмесең, келме!» — деп, мейізді өзі жеп қояды. Жеп болған соң, мысық келіп:
— Неге шақырдың? — деп сұрайды. Мақтақыз айтпайды. Сонан соң мысық:
— Ендеше, қатығыңды төгем! — дейді.
— Мен құйрығыңды кесіп аламын! — дейді Мақтақыз. Мысық қатықты төгеді. Мақтақыз мысықтың құйрығын кесіп алады.
— Апа, апа, құйрығымды берші! — дейді мысық.
— Менің қатығымды төле! — дейді Мақтақыз. Мысық сиырға барады.
— Сиыр, сиыр, маған қатық берші! — дейді. Сиыр:
— Менің қарным ашып тұр. Маған жапырақ әкеліп берші, — дейді.
Мысық ағашқа барып:
— Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші! — дейді.
— Мен шөлдеп тұрмын. Су әкелсең, жапырақ беремін, — дейді ағаш.
Мысық суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көреді.
— Қыздар, қыздар, маған су беріңдерші! — дейді. Қыздар оған:
— Бізге сағыз әкеліп берсең, біз саған су береміз, — дейді.
Мысық дүкенге барады.
— Әй, дүкенші, маған сағыз берші! — дейді.
— Маған жұмыртқа бер! — дейді дүкенші. Мысық тауыққа барады.
— Тауық, тауық, маған жұмыртқа берші! — дейді.
— Бізге жем әкеліп берсең, біз саған жұмыртқа береміз, — дейді.
Мысық: «Енді қайттім?» — деп бара жатса, ін қазып жатқан бір тышқанды көреді. Мысық тышқанды бас салады.
— Жаныңның барында айт, үйіңде не бар? — дейді. Тышқан қорыққанынан:
— Үйімде бір табақ тарым бар, — дейді.
— Маған бір уыс тары бер! — дейді мысық.
Тышқан үйіне барып, бір уыс тары әкеліп береді. Мысық тарыны тауыққа береді, тауық жұмыртқа береді, жұмыртқаны апарып дүкеншіге береді. Дүкенші сағыз береді, сағызды апарып қыздарға береді, қыздар су береді, суды апарып ағашқа береді, ағаш жапырағын береді. Жапырақты апарып сиырға береді. Сиыр қатығын береді. Қатықты апарып Мақтақызға береді. Мақтақыз мысықтың құйрығын қайтарып береді.

Ы. Алтынсарин

Достарыңызбен бөлісіп, бізге қолдау көрсетіңіз!