Басты бет / Балалар әлемі / Бала психологиясы / Кішкентайыңыз неге қорқақ?

Кішкентайыңыз неге қорқақ?

Баланың қорқыныш сезімі – бұл не? Ұйқысының бұзылуы немесе басқа психикалық ауру ма? Мүмкін, балаңыздың қыңырлығы шығар. Әлде баланың үлкендердің назарын өзіне аудару үшін ойлап шығарған жалған ойы ма?
Енді бізге осы сұрақтарға жауап іздеу қажет. Ол үшін бұл мәселелер байсалдылықты қажет етеді. Баланың қорқыныш сезімін түсіну дегеніміз оның сол қорқыныштан құтылуына көмектесіп, өзіне деген сенімін ояту. Көптеген ересектердің баланың қорқыныш сезімін ойдан шығарылған не қыңырлығы деп есептейтіні белгілі. Сол себептен оған жеткілікті көңіл бөлмей, көзіне де ілмей, қарамай қояды.

«Ойдан шығарма! – деп саналы түрде ойлайтын әкесі кішкентайына ұрысады, — ешбір қасқыр келіп сені жеп кетпейді, сондықтан төсегіңе жатып, көзіңді жұм да, тез ұйықта!»
Бұндай «сөгістен» кейін, керісінше, баланың бойындағы үрей одан ары күшейе түседі, ал егер ол қатты қорқып, үнемі жатқан сайын есіне сол қасқыр түсе берсе, бұл ұзаққа созылған ұйқысының бұзылуына және жүйке жүйесінің тозуына алып келеді.
Балалардағы қорқыныш, Балалар бойындағы қорқыныш сезімі, Қорқыныш сезімі
Баланың қорқыныш сезімі неше жасында пайда болады және ол неден қорқады?
4 айлығынан бастап-ақ нәресте өзіне жақын адамдарының жанында бар-жоғына көңіл аудара бастайды.
7 айлығында анасының жанынан кетіп қалғанын сезіп, алаңдап, тынышсызданып жылай бастайды. Себебі, ол жалғыз қалудан қорқады. Анасының кең құшағында сәби өзін жайлы сезінеді, өзін жақын адамы қауіп-қатерден қорғайтынын біледі, анасының жұмсақ алақаны мен жылы сөзі өзіне деген сенімді оятады, ал оның жанында жоқтығы оған үлкен соққы болып тиеді.
Егер анасы сәбиінің бойындағы осындай үрейіне еркелігі, балалығы деп салғырттықпен қараса, бұл баланың бойында келешекте жалғыздықтың алдындағы немесе жанына жақын адамынан айрылып қалу қорқынышын тудырады.

Жалғыздық алдындағы қорқыныш не себепті туындайды?
Нәресте дүниеге келсе де, ол әлі анасымен кіндігі арқылы эмоционалды жағынан тығыз байланыста болады. Анасы мен өзін сәби бөлінбейтін, біртұтас дене деп қабылдайды. Сол себепті анасының кетіп қалғанын біле бастасымен-ақ, қамқоры мен мейірімін сезіне алмай қалады. Осының салдарынан баланың бойында алаңдаушылық пайда болып, бара-бара ол қорқыныш сезімге ұласады.
Бала өсіп, 2 жасқа келгенде өзін бұл өмірде жеке тұлға ретінде ұғынып, басқа адамдардан айырмашылығын түсіне бастайды. Жалғыздық алдындағы қорқыныш сезімі бұрынғыдай күшті болмайды, бірақ бойында аздап сақталып қалады: «мама, кетпеші, мен қорқамын!» — деп жылайды екі жасар сәби, ал анасы болса, оның неден қорқатынын көз алдына елестете де алмайды. Ал негізінде, ол неше түрлі зұлымдыққа толы, адамдары қатыгез, қорқынышты әлеммен бетпе-бет жалғыз қаламын деп қорқады.

Осы жаста бала үлкендерге ұқсағысы келіп, олардың қимылы мен іс-әрекетін, мимикасын қайталайды. Ана деген жанды сәби қалыптасқан «Мен»-ің үлгім деп есептейді. Оны қауіпсіздіктің негізі және қажетті нәрселерін өтеуші деп қабылдайды. Сондықтан анасының алдында сәби өзінің қорғаны бардай, жайлы сезінеді.

Балалардағы қорқыныш, Балалар бойындағы қорқыныш сезімі, Қорқыныш сезімі

8 айлығында бөтен адамдарды жатырқай бастайды. Анасының құшағына тығылып, бейтаныс адамдардан қашып, теріс айналып, мазасызданып жылайды. Не себептен деп ойлайсыз? Себебі, бұл – өзін-өзі қорғау. Ол өзіне жамандық жасайтын (сәби тек жақын адамдарынан ғана жақсылық күтеді) бөтен адамдардан қорқады. Бейтаныс жандардың өзіне қастандық жасамайтынын түсінгенде ғана үрейі сейіле бастайды. Өзіне ғана тиесілі анасын танымайтын адамдармен бөліскісі келмей, қызғанып, мойнынан құшақтап айрылмайды.
Есейе келе, жат адамдардың алдындағы қорқыныш сезімі жойыла бастайды. 1 жас 4 айында-ақ ол таныс емес адамдарға жайлап үйрене бастайды. Егер сіздің кішкентайыңыз сезімге берілгіш болса, онда ол бөтен адамдардың алдында ұялып, қысылатын болады.

3 жас шамасында бала айналасымен белсенді түрде таныса бастайды. Үлкендер оған ертегі, қызықты әңгімелер оқып береді, ол мультфильмдер көреді, суреттерді танып, ажыратады.
Қорқыныш сезімі шамамен барлық баланың бойында болады. Бірақ үлкендер тарапынан дер кезінде дұрыс тәрбие берілсе, қамқорлық көрсетілсе, ол тез жойылады. Ал кері жағдайда, баланың қалыптасып келе жатқан мінез-құлығына теріс әсерін береді.

3 жастан кейінгі баланың қорқыныш сезімі саналы түрде, айқындалған болып келеді.
Кез келген ата-ана немесе тәрбиелеуші адам баланың неден қорқатынын бірден айтып бере алады. Бір бала төбешіктен сырғанаудан, биікке шығудан қорықса, ал енді бірі судан безіп, үшіншісі итті көрсе қашып, төртіншісі «дәрігер» не «укол» деген сөзді естісімен-ақ жылап жібереді.

Балалардағы қорқыныш, Балалар бойындағы қорқыныш сезімі, Қорқыныш сезімі

3-5 жасар балалар ертегі кейіпкерлерінен немесе жануарлардан қорқады. Бұған үлкендердің өзі әсер етеді. Анасы баласына ұйқыға жатарда: «көзіңді жылдам жұм, әйтпесе қара аю келіп, сені алысқа алып кетеді» дейтінін бәріміз де білеміз. Кішкентай кезіңізде оны талай рет естіген шығарсыз. Оған қоса, дауыс ырғағы арқылы өзінің де сол аюдан қорқатынын білдіреді. Алдымен, бала өзі соны сезбей тұрып, анасының қорқыныш сезіміне (дауыс ырғағынан оның да қорқып тұрғанын сезіп) еліктейді, өйткені сәби қара аюдың қандай болатынын, біреуге жамандық жасайтынын әлі түсінбейді.
Бұл жастағы балаларға жаман түс көру, кейбір жануарлардан, тереңдіктен, оттан, жазаланудан қорқу тән.

5-6 жастағы баланың көбісі өлім алдындағы қорқыныш сезімін бастан кешіреді. Неге? Өйткені бұл – оның интеллектуалды даму ерекшелігіне байланысты. Ол «уақыт», «жас», «өмір» деген сөздердің мағынасын түсіне бастайды, бұларға қоса, өлімнен қорқу сезімі де ояна бастайды. Өзінің дүниеге келуі жайлы құпия сыр толығымен ашылмаған, түсініксіз, бұлыңғыр. Бірақ сәбидің санасы әр нәрсенің шегі болатынын ұғынады. Бұл үрей сезімге қатты берілгіш балалардың бойында болады. Ал психикалық ауытқушылығы бар, ақыл-есі дұрыс емес, агрессивті және әке-шешелері маскүнем балалардың бойында өлім алдында қорқыныш сезімі болмайды.

Жалғасы: Балалар бойындағы қорқыныш пен үрей
Нұрбану Омарова
Суреттер: lady.gazeta.kz, war.mk.ua

Қызықты мақалалар

Қорқынышты түстер, Қорқыныш, Түндегі қорқышын, түнде қорқу

Балалар бойындағы қорқыныш пен үрей

Жалғасы. Басы: Кішкентайыңыз неге қорқақ? Балаңыздың бойында өлім алдындағы қорқыныш сезімі бар-жоқтығын қалай анықтауға болады? …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика