Ашамайға мінгізу

Ашамайға мінгізу — қазақы тәрбиелік мәні бар салт, ұл балаға жасалады. Ашамайға мінгізу ер бала есін біліп, жан-жағын танып, ат үстінде өзін-өзі ұстай алатын жағдайға жеткенде жасалады. Әдетте, 5-6 жасқа толған балаларға жасалады. Иә, ертедегі көшпелі қазақтардың балалары 2-3 жасынан бастап атқа мінген, өз еркімен болмаса да үлкендердің алдында немесе артында отырған. Бірақ 5-6 жастағы балаға жасалатын ашамайға отырғызудың орны бөлек.

Ашамайға мінгізу, Атқа міну, Баланы атқа мінгізу
Қырғыз халқындағы баланы атқа мінгізу салты

Ашамайға мінгізу баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың біріне баланады. Жас балаға бәсіре ретінде аталған тайды әдейі балаға арналып жасалған «Ашамай» деп аталатын ермен ерттеп, баланың қолына арнайы қамшы өріп береді. Кейде баланы жатсынбайтын үйретілген жуас тайды пайдаланады. Ал мінетін бала әдемі мерекелік нақыштағы киіммен жүреді.

Баланың атқа алғаш рет жеке дара ересек ретінде мінгенін көруге келген тілекші аналар шашу шашып, жиылған балаларды қуантады. Үлкендер жағы ерге мінген болашақ жігітке жақсы тілектерін айтады. Ал ауылдың балалары басқа тайларға мініп, ашамайға отырған баланың жанында жүреді, өзара жарысады.

Жас баланы ашамайына қондыратын адам — ауылдың сыйлы ақсақалы. Ол баланы атқа мінгізгенде

Бәсіре тайың пыраққа айналсын!

Мінген ашамайың таққа айналсын!

Айналаң толы қауым болсын!

Лайым жолың болсын!

Тілейік біз ақ тілек,

Атқа жақсы шаба біл!

Жасыңнан малды баға біл!

Оқу-өнер таба біл!

Ел-жұртыңа жаға біл!

Әумин, жолың ақ болсын! – деп бата береді. Бұл – батаның бір ғана нұсқасы. Басқаша айтуға да болады.

Ашамайға мінгізу кезінде кішігірім думан ұйымдастырылады. Ашамайға мінгендедегі той Ашамайтой (Ашамай тойы) деп аталған. Қырғыз халқында да баланы ашамайға отырғызудың баламасы бар.

Ашамайға отырғызу — баланы еңбекке баулудың басы

Осынау салттың мән-мағынасына үңілсек, ашамайға мінгізу баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы деуге болады. Себебі кез келген бала өзінің бәсіре тайын ашамайға мінгеннен соң өзі бағып-қағады, өзіиелік етеді. Тайын уақытылы жемдеп, уақытымен суарып, жал-құйрығын, үстін тарап, күтімге алады. Бала тайының алдында жауапты екенін сезінеді. Олай болса, бұл еңбекке баулу тәрбиесі болмағанда не?

Ашамай жайлы түсініктеме

Ашамай дегеніміз балаға арнап жасалған ердің бір түрі. Ол үзеңгісіз болады. Себебі отыратын баланың аяғы үзеңгіге дейін жететіндей ұзын болмайды. Бұл арнайы ер атқа қонған жас баланың байқаусызда құлап кетуіне жол бермейді.

фото: xjtsnews.com

Ұқсас мақалалар

Бесік той (Бесікке салу)

Шілдехана (Шілдехана тойы)

Бала асырап алу

Бауырына салу дәстүрі

Яндекс.Метрика