Көктемнің қиындығы мен қуанышы

Көктемнің алғашқы айы келіп, далада 6 ай қыс жатқан қалың қар ери бастайды. Осындай кезде, балаларын алып, шуағын төккен күннің астында саябаққа серуендеуді әдетке айналдырған ата-аналарын жиі кездестіре бастаймыз. Дегенмен, қуанышымен қатар көктем өз әурешілігін де ала келетіні жасырын емес. Мәселен, көше біткен лайсаңданып, әр жерде жиналған көлшік жұртшылыққа ыңғайсыздық туғызатыны бар. Әсіресе, балалы ата-аналар үшін.

«Ит пен бала қорыған жерге өш» деген сөз бар қазақта. Анасы қаншалықты ұлының, я қызының шалшық суды басып кетпеуін қадағалап, қайта-қайта ескерту жасап отырғанымен, тыңдай қояр құлақ табыла бермейді. Үлкендердің сөзіне қасақана жасайтындай дәл алдында жатқан шағын ғана көлшікке аяқ киімін бір малып өтуді жөн санайды. Мейлің ұр, мейлің жай ғана оның бұл қылығының бұрыстығын сөзбен дәлелдеп бақ. Шыр-шыр еткен ата-анасының сөзі қабырғаға айтылып жатқандай әсер қалдырады. Кейде дұрыс іс жасамағандығын мойындап, басын шұлғып, «енді баспаймын» деп сізді сендіруі мүмкін. Десе де, келесі күні де дәл сол оқиға алдыңыздан қайта шығады. Шарасыздықтан не амал жасарыңызды білмей кетесіз.

Не істеу керек?
«Бүгін киіміңді ластасаң, келесі жолы далаға ойнауға шығармаймын». Қанша рет осы сөзі қайталасаңыз да, баяғы жартас сол жартас. Ашуланбай қайтсін! Үйілген кір, енді ғана жуып тазалап шыққан едендегі аяқкиіммен ілесіп кірген лай мен құм қалдығы көңіл-күйді түсіреді. Өйткені, қайта-қайта ластанған киімді жуатыныңызды былай қойғанда, аяқтан сыз өтіп, денсаулыққа зиян келетінін сіздің кішкентай «тәртіпсізіңіз» қайдан ұқсын?! Баланың бар кінәсі – ойын ойнағысы келгені.

Атаның гені ұрпағының қанында қалатындығын ғалымдар дәлелдеп жүр. О баста адамдар таза табиғатпен бірге біте қайнасып, топырақ пен көк шөп үстінде табиғи асты тұтынып өмір сүрген. Табиғатқа бір табан жақын болған. Соның көрінісі болар, кішкентай адамдар да табиғатты сүйеді. Еріксіз түрде. Қанында бар. Бойдағы тартылыс күші ерік бермейтіндіктен, ата-анасының «тосқауылына» қарамай, табиғатқа қарай ұмтылады. Су кешіп, құм мен сазда ойнағанды жаны сүйіп тұрады.
Оған қоса, өз балалық шағыңызды еске түсіріңізші! Құммен, балшық, шалшықпен ойнағанды сіз де жақсы көрдіңіз емес пе?
Психологтар адамның жасқаншақтығының себебін анықтаған көрінеді. Басты себептерінің қатарында кішкентай кезінен «Тиіспе, ұстама, кет, ары жүр…» секілді ескертпелер еріксіз баланы қорқақ, жасқаншақ ететіндігін дәлелдеді.

Сіздің тарапыңыздан жасалатын іс-әрекет
Ең әуелі, расында да, шектеу қоярлықтай қауіпті ме? Соны саралап алыңыз. Өйткені, кей аналар жай ғана үстін былғап алмасын деген оймен ғана «тәйт» деуі мүмкін. Керісінше, ол өте лас, аяқтың астында қалған құм, топырақ болуы да мүмкін. Ондай жерде түрлі инфекциялық аурулардың таралып кетуі әбден мүмкін. Ондай құмды ұстағысы келсе, көңілін басқа жаққа (сырғанақ, әткеншек) бұру керек. Еріксіз ойнаудан өзінің бас тартқаны жақсы. Ал, егер киімін былғап, оны тазалаудан шаршасаңыз, су өткізбейтін материалдан жасалған шалбарлар мен сырт киімдерді кигізіңіз. Үйге келген соң былғанған жерін сулы шүберекпен сүртіп қана қоясыз. Күнделікті жуып әуре болудың қажеті жоқ. Резеңке аяқ киімдердің де түр-түрін дүкен сөрелерінен адаспай табасыз. Олар шалшық кезіп, балшық басса да, түк етпейді. Бірақ, оның да екінші жағы бар. Ауа өткізу қабілеті нашар. Сондықтан, бұл киімдерді киген соң терлей бастайды. Сондықтан да, баламен 1,5-2 сағаттан артық далада серуендеудің қажеті жоқ. Оған қоса, тынымсыз жүгіріс шамадан тыс күшті талап ететіндіктен, бүлдіршіннің ағзасы тез шаршайды.

Есте, сақтаңыз! Қыс бойы сіздің аса сақтықпен инфекциялық аурулардан сақтап келгеніңізбен көктем кезінде дәл сол дерттің алдында дәрменсіз болып қалуыңыз ғажап емес. Өйткені, көктем – ата-бабамыз айтқандай, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Бала тұрмақ, ересек адамның ағзасы әлсірей бастайтындықтан, салқын ауамен таралатын инфекциялық аурулармен күресу қиынға түседі. Оған қоса, күніне сан құбылатын ауа-райы да қар астында жатқан вирустардың көтерілуіне сеп болады.

фото: shutterstock

Яндекс.Метрика