9 айдан 1 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу

Бұл кезеңдегі тәрбиенің негізгі міндеті – бала тілін дамыту. 9-10 айлық балалар көп сөзді түсінеді, олармен сөйлескендердің сөз сарынын айыра алады; «қой» деген сөзге құлақ асады. Ұзақ уақыт әлденені былдырлап сөйлеген болады. Ересектердің айтқандарын ұға бастаған бала енді өзі «мама», «папа», «әже», «аға», «бер» сияқты және басқа да сөздерді айта бастайды. 1 жасқа толғанда бала 10-ға жуық осындай сөздерді айта алады. Бұл айналасындағы адамдармен ымдап әртүрлі қимылдары арқылы қарым-қатынас жасауға көмектеседі. Тамақты, ойыншықты көргенде балалар «бер», «бер» деп талап етеді.
9 айдан 1 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу
Сәби тілінің одан әрі жетілуі түгелдей ересектерге байланысты. Үнемі сәбиіңізбен сөйлесіп, тығыз қарым-қатынас жасап отырыңыз. Дыбысты ойыншықтарды (ит, мысық, сиыр және т.б.) көрсеткенде, балалар өздерін қызықтырған сәтте дыбыстарға бәрінен оңай еліктейді. Сөйтіп сөз көп ұзамай баланың өзін коршаған әлеммен байланыс жасауының маңызды құралына айналады.

Егер сәбиіңіз тым ерте сөйлеп кетсе, онда оған қатты қуануға бола ма? Жоқ. Ол әлі де көптеген сөзді білмей, қатарынан кейін қалып қойса да реніш білдіру, өкіну дұрыс емес. Балалардың сөз үйрену жасы мен олар еркін сөйлеп кететін жасы арасында үлкен айырмашылық болады. Бала тілінің даму кезеңдеріне көз жүгіртіп көрейікші. 1 жасқа келгенше сәби өзіне айтылған ең қарапайым сөздерді ғана түсінеді, сондықтан 10-15-ке жуық мағынасы бар сөздерді айта алады. 2 жасқа келгенде ғана оның сөздік қоры біраз көбейіп, қарапайым сөздерді айта алады.

Сөйлеу – бұлшықеттердің, психиканың және эмоцияның үйлесімділігін талап ететін күрделі процесс. Сондықтан әлбетте, баланың оны игеруі оңайға соқпайды. Бұл істе сәбидің айналасындағы ересек адамдардың ролі ерекше зор. Өмірінің алғашқы айынан бастап онымен үнемі еркелете сөйлесіп, нәрестенің сөйлеуге деген талабын колдауы тиіс. Егер бала белгілі бір мөлшердегі дыбысты игермесе, оған ықылас білдірмесе, кейін тілін шығару қиынға соғады.

Мүмкіндігінше балалардың есту қабілетін жетілдіруге тырысқан жөн. Бұл үшін ересектердің көбіне балаға жақын отырып, оның төсегінің, манежінің жанында сөйлесу өте пайдалы. . Бала сонымен бірге, баяу әуенді естігенде аса тыныштық сақтап, музыкалық аспаптардың немесе ойыншықтардың дыбысын тыңдағанда да құлақ түреді. Баланы дыбыстың шыққанына, төсегінің айналасында сәбиден тығылып жүріп өзі немесе басқа заттарды, ойыншықтарды пайдаланып, дыбыс шығарған ересек адамды басын бұрып іздеп табуға үйреткен жөн.

6-7 айлығынан бастап сәбиді сөздің буындарын қайталап айтуға үйреткен жөн. Балаға арнап бір нәрсе айтқанда сізді ол көріп тұратындай жерде болуыңыз керек. Бұл оны еліктіріп, назарын аударады: дыбыс шығаруға ұмтылып, ернін жыбырлатып, әңгімелескен адамға еліктейді.

Баланың еліктеуін қалыптастырған кезде, алғашында, тек ол әбден игерген дыбыстарды қайталатып айтқызған жөн. Мысалы, сәби «а-а-а» дыбыстарын айтуды біледі екен делік. Ересек адам оған жақын келіп: «а-а-а деші», – деп өтінеді. Бұған бала эмоциямен елеңдейді. 7-8 айлығында жаңа дыбыс үйлесімін қайталауға біртіндеп үйретеді. Бұл жағдайда баланың былдырлап сөйлегеніндегі дыбыстарға сай келетін және үндес «да-да», «ди-ди», «та-та-та» сияқты жаңа дыбыстарды қосады.

Келесі кезең – баланың сөзді түсінуін дамыту. Ересек адам бала назар аударған нәрсенің бәрін оған түсіндіріп отыруы қажет; ашық түсті немесе дыбыс шығаратын ойыншықтарды айналасындағы адамдардың есімдерін, сәби үнемі көретін бөлмедегі кейбір жиһаздардың, жануарлардың аттарын, өзі жасайтын қимылдарды жиі атау керек.

Алайда, сөзді түсіну үшін бұл да жеткіліксіз. Алғашында ересек адамның көмегімен балаларға әртүрлі заттарды әдейі көрсетіп, олардың аттарын атауы керек, сәбиге бір қимылды орындауды тапсырып, алғаш оны қалай орындауға болатынын үйретеді де, соңынан ересек адамның өзіне қайталатады. (Мысалы: «допты әпер», «қуыршақ қайда тұр, көрсетші» «қолыңды шапалақташы» және т.б.) Бала 1 жасқа толғанда сөздердің мағынасына түсініп, айтуға үйрету керек. Бұл әрекет сәбиден сөзді жақсы ұғынуды талап етеді. Бұдан кейін баланың сөзді қайталауын өтінеді. «Мамаң қайда?» деген сұраққа анасын нұсқап көрсететін, «мама деп айт» десеңіз, сәби «мама» деп айта алатын болуға тиіс.

Балалармен сөйлескен кезде олар айта алатын сөздерді қолданған жөн. Бір затты көрсетіп және оның атын атап, сонан соң «бұл не?» «ол қайда?» деп сұрау арқылы баланы сөздің мағынасына түсініп айтуға, сөйтіп сөйлескенде оны дұрыс қолдана білуге үйретудің сәті түседі. 1 жасқа келгенде баланың былдыры, ымдап көрсетуі айқынырақ, мағыналы бола түседі, бірақ ол әлі де аз сөйлейді.
Баланың қашан да дұрыс сөз естігені, құлаққа жағымды, әдемі ән мен музыка аспаптарының әуендерін тыңдағаны аса қажет. Бұл оған жақсы үлгі-өнеге болады.

Баламен сөйлескенде сәбидің былдыр тіліне еліктемеңіз, бөбекті мысалы, «ням-ням» сияқты бұзып айтатын сөзге дағдыландырмаңыз, басқалардың да баланың қасында сөзді бұзып сөйлеуіне рұқсат етпеңіз.
Сонымен қатар, баланы дұрыс сөйлетуге үйретемін деп оны жалықтырып, мезі қылудың қажеті жоқ. Сөздерді дұрыс айтпауы тілі жетіле келе бірте-бірте жойылып кетеді.

10-11 айлығында баланы ойыншық әкел деп (әрине, ол оның атын білетін болса) жұмсауға болады. Ең абзалы, балаға ойыншықтармен өзіне таныс әрекеттерді істеуді тапсыру керек, сонымен бірге, оған жеңіл-желпі жаңа әрекеттерді («бөпені тербет», «күшікті тамақтандыр», т.б.) орындауды үйреткен жөн.

Заттармен әрекеті барған сайын әртүрлі бола бастайды. Пирамидаға шығыршық кигізіп, текшелерді бірінің үстіне бірін қалайды. Бұл әрекеттері тым ұзаққа созылады. Сонымен бірге, жалпы қимылдары одан әрі дамиды. 10-11 айлық балалар бір сүйеніштен екінші сүйенішке оңай ауысады. 12 айға қарағанда, сәбилер өздігінен жүре алады.

Бұл кезеңде балалар өте сақ, өзінің айналасындағы адамдарға деген көзқарасы да әртүрлі болады. Еркелететін адамдарды жақын тартады, түсі сұстыларға сескене қарайды. Бейтаныс адам ұстап отырған ең сүйікті ойыншықтың өзіне де немқұрайлы қарайды. Балалар жаңа жағдайға жатырқайтынын да ескерген жөн.

Бұл жастағы балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы әртүрлі болады. Бір бала екінші баланың әрекетіне қызыға қарайтын болса, ал екінші бір баланың бойында ойнап отырған ойыншықты қалай да алу ниетінен туатын бастапқы өзімшілдіктің теріс қарым-қатынасы жиі пайда болатынын байқауға болады. Мұндай әуестікті балаға байқатпай, ақырын, бірте-бірте жойған жөн.

фото: braun.com
Омарова Нұрбану

3–5 айлық балаларды тәрбиелеу

6 айдан 9 айға дейінгі балаларды тәрбиелеу

Яндекс.Метрика