Балаға дұрыс тәрбие беру үшін

Қай ғасырда болмасын, тәрбие мәселелері назардан тыс қалып көрген емес. Әсіресе, бала тәрбиесі. «Адамның бір қызығы бала деген…», «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім деп» Абай айтқандай, адам қашанда ұрпағымен қымбат.

Білім тәрбие арқылы беріледі

«Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген халық ұрпағының өсіп-жетілуіне, тәрбиесіне барынша жағдай жасауға тырысқан.

Ал тәрбие, тал бесіктен емес, құрсақтан басталады. Оның себебі, болашақ ана баланы бесіктен емес, құрсақтан бастап тәрбиелеуі керек. Балаға деген мейірімі, сезімі, махаббаты ананың  ыстық ықыласы мен тәрбиесінен берілетін құнды дүние. Бала тәрбиесі ата-ана тәрбиесімен ұштасып жатуы тиіс. Ата-ананың бала тәрбиелеудегі мақсаты – болашақта баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, саналы ұрпақ болып өсуіне, дұрыс білім алып жетілуіне, өмірде өз орнын табуына көмек беру. Себебі білім тәрбие арқылы беріледі.

Тәрбие жоқ жерде білім де жоқ. Тәрбие қаншалықты тереңде болса, білім де соншалықты тереңде. Болашақ білімді, дарынды, адмгершілігі мол ұрпақ үшін бұл – өте маңызды. Сол себепті де отбасының бала тәрбиесінде алатын орны айрықша.

Әрине, әрбір ата-ана өз ұлы мен қызының әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының білімді азаматы мен азаматшасы болып жетілуін қалайды. Сыйластық, түсіністік, зор жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың өзара қарым-қатынасы мазмұнды, сенімді болады.

Баланың бас ұстазы – ата-ана

Иә, бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі. Қазақтың «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, тәй-тәй басып, есі кіріп, тілі шыға бастағаннан-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған дұрыс.

Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Осы қағиданы нақты ұғынған Елбасы да «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деп әрдайым айтып келеді.

Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады.

Мұғалім білім береді…

Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға –ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата-ана, қала берді қоғам. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Қоғамның алғашқы ұйытқысы отбасында бала үлкендермен араласады.

Баланың қоғамдық әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да, жаманға да бірдей бейімделгіш. Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» немесе «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздер тегін айтылмаған.

Ата-ана өзінің мінезі, дағдысы, сөзі, іс-әрекеті арқылы баласына үлгі көрсетеді.

«Сіздер баланы тек сөйлеген кезде ғана, оған ақыл айтқанда немесе бұйрық берген кезде ғана тәрбиелейміз деп ойламаңыздар. Сіздер оны өмірлеріңіздің әрбір минутында, тіпті өздеріңіз үйлеріңізде жоқ уақыттың өзінде тәрбиелейсіздер, сіздер қалай киінесіздер, басқалармен қалай сөйлесесіздер немесе басқа адамдар туралы қалай қуанасыздар және ренжисіздер, достарыңызбен қандай қарым-қатынаста боласыздар, қалай күлесіздер, газет-журнал оқисыздар – осылардың бәрінің бала үшін маңызы бар» депті педагог С.Макаренко.

Ата-ана жиналысқа келуге міндетті

Осы орайда ата-ананың міндетіне жататын біршама жауапкершілікті ортаға салайық.

Мәдениетті адам тәрбиелеуге және өз баласын таза өмір сүруге бейімдеуге міндетті; жүйелі білім алуына көмектесуге міндетті; ұдайы ата-аналар жиналысына қатысуға, мұғалімімен кездесуге, баласының мектептегі өмірімен танысуға міндетті; баланың өміріне, оның денсаулығына зиян келтіретін заттарды қолданбауын, олардың зиянды екенін түсіндіруге міндетті; «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше білім беріп қина, он төрттен кейін үлкен азамат деп сыйла» деген қағиданы берік сақтауға міндетті.

Дегенмен, осы айтылғандарды көбісі білгенмен, іс жүзінде бұған немқұрайлы қарап жатады. Жұмысбасты екендіктерін алға тартып жатады. Тіпті, өкінішке қарай, өз баласының тәрбиесін мұғалімге ысырып қоятын ата-аналар да жоқ емес… Бұл дұрыс емес.

Бауыржан Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген аталық сөзінде үлкен мән жатқаны анық.

Яндекс.Метрика