Балаңызбен ақылдасыңыз

Құрандағы аяттардан баланы болашақ өмірге даярлау барысында үлкендердің үнемі оған ақыл-кеңес беруі, тәрбиелеуі ғана емес, сонымен қатар онымен ақылдасып, пікірін сұрап отыру керектігін де көреміз. Бұл әрі ата-ананың баласына қаншалықты мән беретіндігін көрсетеді. «Саффат» сүресінде Ибраһим (а.с.) пайғамбар мен ұлы Исмаил (а.с.) арасында болған оқиға баяндалады. Ибраһим (а.с.) пайғамбар түсінде ұлы Исмаилды (а.с.) құрбандыққа шалуы керектігін көреді. Болған жайды баласын абілдіреді. Баласы қасында келе жатқан кезінде: » Уа, балапаным, расында мен ұйықтап жатқанымда сені бауыздағанымды көрдім. Ойланып көр, бұған не айтасың?»¹ дейді (кейбір тәпсір кітаптарда Исмаил (а.с.) пайғамбардың осы кезде 13 жаста болғандығы айтылады). Міне, осы аятта Ибраһим (а.с.) пайғамбар ұлымен ақылдасып, оның пікірін сұрайды.

Балаңызбен ақылдасыңыз, бала тәрбиесі
фото: moneycrashers.com

Балаларымызға қатысты мәселелерде ата-аналық беделімізді қолданып, олардың орындарына шешім қабылдау — қате ұстанымдардың бірі. Себебі, мұндай жағдайда бала әрдайым әке-шешесіне арқа сүйеп, өздігінен шешім қабылдай алмайды. Болашақта да батыл қадамдар жасауға жасқанып тұрады. Сондықтан өзіне қатысты мәселелерде үнемі пікірімен санасып, бірге ақылдасып шешу — баланы болашақ өмірге дайындаудың ең оңтайлы тәсілдерінің бірі.

Құранда Жүсіп (а.с.) пайғамбардың бала кезінде (бір тәпсір кітабында 12 жасында болғандығы айтылады) көрген түсін әкесі Жақып (а.с.) пайғамбарға айтқанда, әкесі оны байыппен тыңдап, баласына былай деп тіл қатады: «Балапаным, түсіңді бауырларыңа айтпа. Әйтпесе олар саған қастандық жасауы мүмкін»².

Аяттардан байқап отырғанымыздай, Жақып (а.с.) пайғамбар да балаларымен әңгімелескенде «Балапаным» деп сөзге бастайды. Баланы баурап алар осындай жылы сөздердің әке мен ұлдың, ана мен қыздың арасын жақындатып, ашық-жарқын әңгімелесуге сеп болары айқын. Тағы да бір ескеретін мәселе, «Саффат» сүресінде Ибраһим (а.с.) пайғамбардың ұлымен ақылдасу үшін оны серуенге шақырғанын көруге болады. Демек, балаңызбен ақылдасар сәтте оған арнайы уақыт бөліп, серуен, дәмханада тамақтану немесе саябақта қыдыру секілді сәттерді пайдаланған жөн. Олардың пікірін бастан-аяқ байыппен тыңдау қажет. Жоғарыдағы аятта көріп отырғанымыздай, Жақып (а.с.) пайғамбар ұлының түсін басынан аяұғына дейін зейін қойып тыңдап, сол жайлы өз пікірін білдіреді. Бұдан алар сабағымыз, біз де ата-ана ретінде баламыздың бізге айтпақ болған нәрселерін құлық салып тыңдап, оның да пікірін сұрап, сосын бірге ақылдасып шешкенде, баланың бойында ата-анасына деген құрметтің арта түсері анық.

Құдайберді Бағашар, «Исламдағы бала тәрбиесі» кітабы, Көкжиек баспасы, 2010 ж.

[¹] — «Саффат» сүресі, 102-аят;

[²] — «Жүсіп» сүресі, 5-аят

Ұқсас мақалалар

Бала тәрбиесі жатырда басталады

Тсс! Жаман сөз айтпа…

Балаңыз өтірік айта бастаса…

Балаңыздың алдында айтылмайтын әңгімелер

Баланы неге ұруға болмайды?

ХХI ғасырдағы бала тәрбиесі

Comments 2

  • Баламен ақылдасу қажеттігі әсіресе қазақтың бала тәрбиесінде өте керектігі қасиеттердің бірі. Көбінесе, біз олар үшін өзіміз шешім қабылдап, баланың ішкі ойын сыртқа шығаруға мүмкіндік бермейміз, сол себепті де бала бұйығы немесе жасқаншақ болып өседі. Қазір біз де осы тәсілді көп қолданамыз. Ұлымыздан не қажеттігін сұрау арқылы, немесе қайсысы жақсы деген сияқты оның пікірін ортаға салып, оның өзін үлкен адамша, қажетті тұлға ретінді сезінуіне мүмкіндік береміз! Мақаланы толықтыра түссе деген ұсыныс бар!

    • Керім, бұл мақала басқа бір адамның иелігіндегі мақала болғандықтан, оған толықтырулар енгізілмеді. Автордың келісімімен сол қалпында жарияланды.

Яндекс.Метрика