Баланы балабақшаға жіберу қажет пе?

Кеңес Одағы тарағаннан кейін балабақшалар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Енді соның салдарынан еліміз бойынша балабақшаға деген тапшылық әжептеуір сезілуде. Тіпті, туыла салысымен балабақша кезегіне тіркетіп жатқандарды көз көріп, құлақ естіп жүр. Бұл көпшілік ата-ананың ұл-қызының балабақша қамқорлығында болғанды жөн көретіндігін білдірсе керек. Бес саусақ бірдей емес. Өйткені, кейбірі, керісінше, баланың отбасы, ошақ қасында, ата-әжесінің әлдилеуімен өскенін қалайды. Кейде  мәжбүрлікпен сары бала, қара қазан қамы үшін ата-анасы бірдей жұмысқа шығу қажет. Ал, перзентіңізді қалдыратын ата да, әже де жоқ. Жеке күтуші жалдауға қалта көтере бермейді немесе сенбейсіз. Ондай кезде балабақшаға беру қажет пе, жоқ деген таңдау бола бермес.

Балабақшада, Балабақша, садик, Детсад, бабалар бақшасы, Балабақшаның фотосы, Балабақшаның суреті, балалардың суреті, Балабақшадағы балалар, Балабақша, Балабақша суреті, Балалар сурет, Балабақша фотосыБалабақшада, Балабақша, садик, Детсад, бабалар бақшасы, Балабақшаның фотосы, Балабақшаның суреті, балалардың суреті, Балабақшадағы балалар
фотолар: qogam.kz, dmk.kz

Десе де… Сіз осы күнге дейін балабақшаның балаңыз үшін пайдасы бар ма деп ойлап көріп пе едіңіз? Ендеше, оның тиімділігі мен зиянын бірге таразылап көрейік.

Ұтымдылығы: Балабақшаның балаңызға берері аз емес. Сурет салып, ойын ойнап, ойды, тілді, бойды дамытатын жаттығулар жасап, әдебиетті, мәдениетті тануды үйренеді. Өзгесін айтпағанның өзінде кішкентай балаңызды түбекке отыруға, ас алдында қол жуу  мен киімін өздігінен киіп-шешуді де үйрету қатал деген аналарға оңай болмайды. Ұсақ-түйек болса да балабақшада мұның бәрін тез қабылдап үйренеді. Жанындағы достарына еліктеп, тәрбиешілеріне ұқсап бағуға тырысып-ақ тез қабылдайды. Қарапайым ойындарының өзі баланы психологиялық, физиологиялық тұрғыдан дамуға әсер беретіндіктен, тәрбиешілер айрықша ойындарды үйретеді. Үйде өзіңіздің дәл солай ойнатуға мүмкіндігіңіздің бола бермейді, оған төзімділігіңіз де жете бермес.
Үйде қатаң тәртіппен өмір сүру оңай емес. Уақытылы ұйықтап, уақытылы ояну, сағатымен, мөлшерімен ғана тамақтану да әжептеуір күш екендігін жалған дей алмассыз.
Алғаш достық пен бауырмашылдық, сыйластық пен мейірімділікті де санасына сіңіретін балабақша болады. Көпшілікпен тіл табысуды, өзін-өзі қорғауды, ортаға сіңіп, көшбасшы болуға да жетелейтін дәл осы балалар бақшасы.

Кемшілігі:
1. Психологиялық соққы. Бүгінгі күнге дейін анасының ыстық құшағында алаңсыз өскен бала, бөтен ортаға тап келгенде, күйзеліске ұшырайды. Өзін керексіз қалғандай сезінеді. Жетімсіреп, айналасындағыларға дұшпан секілді қарайды. Ата-анасына өкпелеп, жүрегінде сақтап қалуы да ғажап емес.

2. Ауру. Балабақшаға баратын балалар жиі ауырады. Бір апта барса, екі апта сырқаттың салдарынан үйінде қалуы мүмкін. Бұл жұмысбасты ата-аналарға оңай тимесі анық. Өйткені, баласы ауырғандықтан, екеуінің бірі жұмыстан демалыс алып, ұл-қызының қасында отыруы тиіс. Егер басшы түсіністікпен қараса, мәселенің оңай шешілгені. Олай болмаса, кез-келген әке мен шеше қиындыққа тап болып әрі-сәрі күйге түсіп кетеді. Балалардың жиі ауыру себебі, көп дерт жұқпалы болғандықтан, 20-30 баласы бар топтарға тез тарайды. Иммунитеті әлсіздер инфекцияны да тез қабылдайды. Емнің өздігінен қайтатындығына сеніп, дәрігерге шұғыл жүгіне бермейтіндер де кездеседі.

3. Жаман әдеттер мен сөздер. Кешке үйге келген соң ұлыңыздың түрлі бейәдеп сөздер айтып жүргенін аңғарасыз. Қасындағы досынан үйренгендігін айтып, мақтанып қояды. Бір-бірінен жаман әдеттерді қабылдау жұқпалы дерттен де қауіпті. Өкінішке орай, бұл жағдайда ата-ана дәрменсіз. Қолыңыздан келетіні – тәрбиесіз өскендердің ғана жаман қылыққа бой алдыратынын түсіндіріп айту.

4. Жарақат. Бір сәтке де дамыл таппайтын балалар жүгіріп жүріп, құлап қалуы мүмкін. Ондай жағдайдың орын алмайтындығына ешкім кепіл бере алмайды. Оған қоса, алысып-жұлысып жүріп, бір-бірін аңдаусыз жарақаттап та алады. «Тәрбиешісі қайда қарап жүрген» деп сөгуіңіз мүмкін. Десе де, балалардың саны — 20-30, ал тәрбиеші — жалғыз. Сондықтан, бәрін бірдей қадағалап отыру ақылға қонымсыз.

5. Тәрбиешісі. Кең пейілді, мейірімді, тәжірибесі мол тәрбиешінің тәрбиесіне түссе, сіздің де, балаңыздың да бағы жанғаны. Ал, керісінше болса…

6. Қосымша шығын. Айына белгілі бір соманы отбасылық бюджеттен алып, балабақша ақысына саласыз. Мейлі ол мемлекеттік болсын, мейлі жекеменшік болсын. Ол да шығын.

Баланы балабақшаға қанша жасынан бастап беру керек?

Психологтар бір ауыздан баланы балабақшаға 3 жастан беру керектігін айтады. Өйткені, дәл осы уақытта ол көпшілік ортамен қарым-қатынас жасауға бейім болады.

Қолындағы машина-қуыршағымен жалғыздан гөрі топпен ойнағанның қызығырақ екендігін ұғына бастайды. Ата-ана көпшілік достардың орнын алмастыра алмайды. Сондықтан, табиғи жолмен пайда болатын сұранысты тек балабақшалар мен өзге де балалар ұжымында ғана қанағаттандыра алады. Қорыта келе айтарымыз, баланың қай ортада жайлы сезінетіндігін ата-ананың өзі шешеді.

Яндекс.Метрика