Ең қымбат байлық

ЕҢ ҚЫМБАТ БАЙЛЫҚ

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл жүні қызыл, құйрық жүні ұзын кезде дәл біздің осы күнгі кейбір жалқау балалар сияқты сидам сирақ жастар өте көп болыпты. Әдетте жалқаулардың құрғақ уайымға көп салынатын әдеті бар ғой. Бір күні сондай жалқаудың бірі:

– О, Жаратқан ием-ай, жарық дүниеге әдейі әкелген соң, дәулеті шалқыған бай етіп жаратсаң етті. Жалғанды жалпағынан басып, шалқып өмір сүретін жасымда, ішсем тамаққа, кисем киімге жарымай жүрген түрім мынау! – деп уайымдап, қайғырып отырыпты. 

Оның бұл мұңын естіп қалған бір ақсақал:

–  Ей, қарағым, сен несіне қайғырасың? Байлықтың бәрі өзіңде тұр ғой, – депті. 

Ақсақалдың сөзін өзін мазақтағаны деп түсінген жігіт:

– Сіз қайдағы байлықты айтып тұрсыз? – деп ашуланыпты.

Ақсақал ештеңе болмағандай сабыр сақтай отырып:

– Шырағым, сен андағы екі көзіңді маған сатшы. Мен саған қалағаныңша алтын мен күміс берейін! – дейді.

Жігіт одан да қатты ашуланып:

– Екі көзден айырылғаннан кейін сіздің алтын, күмісіңіздің керегі не? Ондай байлығың өзіңе! – депті.

Осылайша ары қарай он екі мүшесіне біртіндеп саудаласып, сұрай бастаған ақсақалға әбден ашуы келген жігіт:

– Ат басындай алтын берсеңіз де ешқайсысын сатпаймын! Өйтіп мүгедек болар жайым жоқ! – деп кесіп айтады.

Сонда барып ақсақал:

– Е, балам, ендеше АДАМНЫҢ ЕҢ ҚЫМБАТ БАЙЛЫҒЫ – ДЕНІНІҢ САУЛЫҒЫ! Сен сияқты он екі мүшесі түгел адам – бай адам. Оны ешқандай байлыққа, алтын мен күміске айырбастап ала алмайсың! – деген екен.  

Яндекс.Метрика