Бесік жыры (Келіншектің бесік жыры)

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Көк ала иттің құйрығын
Жіпке тағып берейін!
Әлди-әлди, жанашым!
Алдыма алып шабайын,
Тойға кеткен әкеңді
Кайдан іздеп табайын?
Әлди-әлди, аппағым!
Жылама, менің жүрегім,
Әкең малда тұр шығар
Таяныш қып күрегін.
Әлди, менің бөбегім,
Әкең жүр ғой малменен!
Жүрген шығар алысып
Шұна қаяз қарменен.
Қартайғанда күтетін
Әкесі мен шешесін,
Кандай жігіт өскенде
Болар екен бөпешім?
Өңкей біздей зарлыға,
Кемдіктегі жарлыға,
Жаным менің ержетіп
Көсем болар ма екенсің?
Тақылдаған таңдайы,
Кере қарыс маңдайы.
Алмас тілді немесе,
Шешен болар ма екенсің?
Бұлбұлдай боп тілінен
Тәтті айтқанда бал тамған,
Ащы айтқанда қан тамған
Ақын болар ма екенсің?
Не болмаса жүректі,
Күш, қайратты, білекті,
Кемшілікке көнбейтін
Батыр болар ма екенсің?
Омырауы есіктей,
Ақ балтыры бесіктей,
Егінші боп, өзгеге
Нұсқа болар ма екенсің?
Отқа темір қайнаткан,
Бұт балғаны ойнатқан,
Нанша илейтін темірді
Ұста болар ма екенсің?
Не болмаса жұмыскер,
Не өнерлі мініскер,
Саусақтары сүйріктей
Зергер болар ма екенсің?
Не қасқа атты Қамбардай,
Аш қылмайтын аң барда,
Құралайды көзге атар
Мерген болар ма екенсің?
Жақсы болып ержетсе
Балапаны бөпесі,
Бағы ашылып, анасы
Көкке тиер төбесі.
Бақытсыз боп ержетсе,
Бар үміті – қарағы,
Михнат шеккен сорлы ана
Ашпағаны қабағын.
Әлди-әлди, балашын!
Ұйықтатайын тербетіп…
Тілегім сен, құлыным,
Үміт ақта ержетіп!…

Сәкен Сефуллин. «Келіншектің бесік жыры»

Яндекс.Метрика