Сәбиге арналған бесік жыры

Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.

Әлди, әлди, аппағым,
Қойдың жүні – қалпағың.
Жұртқа жаман болса да,
Өзім сүйген аппағым.

Әлди, әлди, шырағым,
Көлге біткен құрағым.
Жапанға біткен тірегім,
Жаман күнде керегім!

Қонақ келсе, қой, бөпем,
Қой тоқтысын сой, бөпем,

юююю

Жылама, бөпем, жылама,
Атекеңді қинама!
Арша ма екен бесігі?
Алар ма екен әкесі?
Өрік пе екен бесігі?
Сүйе ме екен әкесі?
Жиде ме екен бесігі?
Жігіт пе екен әкесі?
Жылама, бөпем, жылама,
Ата-анаңды қинама.

Құлағыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтары майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?
Кең балағын түріскен,
Ұлы топта күрескен,
Балуан болар ма екенсің?
Бал қайнатып, шай ішкен,
Қазы кертіп, жал жеген,
Асты болар ма екенсің?
Ұзақ жасап, көбірек,
Басты болар ма екенсің?
Қарағай найза қолға алып,
Жауға тиер ме екенсің?
Қашқан жаудың артынан,
Түре қуар ма екенсің?

Яндекс.Метрика