Нәресте күтімі

Жаңа туылған сәбидің кіндігін кесу, кіндігіне күтім жасау туралы

Жаңа туылған сәбидің кіндігін кесу — дүние есігін жаңадан ашқан кішкентайға жасалатын алғашқы күтімдердің бірі. Кіндікті қашан және қалай кесу керек екендігі жайлы сантүрлі пікірлер бар. Соларға тоқталып өтейік.

Кіндікті қалай кеседі?

Дүние есігін ашпай тұрып, анасының құрсағында жатқан сәби үшін кіндік анасымен байланыс құралы, азықпен және оттегімен қамтамасыз етілуіне септігін тигізетін жол ретінде пайдаланылады. Ал дүниеге келгенде кіндікті кесу керек болады. Баламен бірге жатырда болған кіндік пен баланың жолдасы (қағанақ) бала үшін керексіз болып қала бермек.

Кіндікті түбінен кеспейді. Оны 2-3 см ұзындықта шошайып тұратындай етіп кеседі де, денеге жалғасып тұрған түбірінің ұшын қыстырғышпен қыстырып қояды не болмаса, жібек жіппен буады. Кіндікті кесетін қайшы стерилденген болады. Мұны көрген жас аналар аздап шошынып та жатады. Бірақ қыстырғыштың сәбиге ешқандай зияны болмайды. Алаңдауға тұрарлық мәселе емес.
Кіндіктің түсуі, Кіндік кесу, Баланың кіндігі
Кіндіктің сыртқа шығып тұрған бөлігі бірнеше күнде құрғап (қарайып кетеді), қыстырғышымен бірге өздігінен түсіп қалады. Орынында барлық адамдардың кіндіктері секілді кәдімгі кіндік қалады. Бірақ бұл бірнеше күнді емес, 10-15 күнді қажет етеді. Кіндіктің өсіндісі түскенде ақауы жоқ кіндік аздап үлкен болады. кейіннен барып қана қалпына түседі. Қарайған кіндік өсіндісі өздігінен түскеннен кейін кіндік жарасы пайда болады. Ол жара жақсы күтімді қажет етеді.

Алғашқы алты айға дейін сәбидің кіндігі қарнынан аздап жоғары шығып тұрады. Бұл — қалыпты жағдай. Ал егер жылағанда кіндігі шығып кететін болса, ол кіндік жарығының (грыжа) бар екендігін білдіреді.

Кіндікке жасалатын күтім

Кіндігіндегі өсінді түскенге дейін және түскеннен кейін де кіндікке күн сайын бақылау жасап, оны тазалап тұру керек. Тазалау құралы ретінде жылы суға малынған мақтаны немесе жұмсақ матаны (сүлгі) пайдалануға болады. Ең ыңғайлысы — басына мақта оралған таяқшаларды пайдалану.

Алдымен матаны немесе мамық сүлгіні жылы суға батырып аласыз, суын сығып, аздап сулы етесіз де кіндік пен кіндік айналасындағы терісін сүртіп шығасыз. Соңынан құрғақ сүлгімен құрғатуға не болмаса, ауада құрғатуға болады.

Кіндіктің жарасын марганцовка, жасыл дәріге немесе фукорцин дәрілік сұйықтықтарымен емдеуге болады.

Кіндігі түспеген сәбиге арналған бірреттік жаялықтар болады. Олардың кіндік тұсына тура келетін жерілерінде арнайы жырықтары (тесік) бар. Сәбиіңіздің кіндігі жазылғанша (түсіп, қалыпқа келгенше) соларды пайдаланыңыз. Кіндікке ауа өткізіп тұратын бірреттік жаялықтар кіндіктің жылдамырақ жазылуына көмектеседі. Егер ондай жаялықтарға қол жетімділік болмаса, жаялыққа орау (құндақтау) кезінде кіндігіне мұқят болыңыз: сырып, жырып, зақымдап кетпесін. Егер сыртқы ортаның араласуымен (мысалы, киімге тиіп кетіп) қанаса, алаңдаудың қажеті жоқ. Қанаған жерін марганцовкамен емдеуге болады.

Кіндіктің өсіндісі ерте түсіп, ерте жазылуы үшін оған таза ауа қажет. Мүмкін болғанынша кіндікке ауа жатартындай жағдай жасаңыз.

Кіндігі түспей тұрып шомылдыруға бола ма?

Сәбиді кіндігі түспей тұрып шомылдырудың қажеті шамалы. Кіндігі түскеннен кейін шомылдыруға да болады. Егер кіндігі түспеген жағдайда шомылдырсаңыз, шомылдырып болғаннан соң кіндігіне бір сәт үңіліп, күтім жасауды ұмытпау керек. Егер толық жазылып кетпеген болса, дезинфекциялауға арналған дәрілік заттарды пайдалуға болады. Әдетте, кіндігінде ешқандай күдік болмаған сәбилерді ғана кіндіктері түспей жатқанда шомылдыруға болады.

Егер кіндіктен ірің ақса…

Егер сәбидің кіндігінен сары түсті ірің ақса немесе қатты қызарып кетсе, педиатрға (балалар дәрігері) көрсетіңіз. Себебі кіндік зақымданбаса, ірің бөлінбейді. Дәрігер емдеу үшін антибиотикалық май (мазь) жағуға кеңес беруі мүмкін.

Егер кіндіктің сыртындағы түсуі тиіс өсіндісі түспей, үлкейсе немесе суланған түйін пайда болса да дәрігерге қаралуға тура келеді. Дәрігерге жылдам апару мүмкіндігі болмаса, оған дейін зақымданған кіндікті сутегі тотығымен (перекись водорода) тазалап қойыңыз.

Кіндіктің пішінін өзгерту үшін оны тиынмен, жапсырғыш таспамен немесе тағы да басқа заттарды пайдалану арқылы әрекет етуге болмайды. Кіндіктің пішіні сыртқы ортадағы заттардың араласуынсыз іске асу керек.

Ұқсас мақалалар

Кіндік жарығы (грижасы)

Кішкентай сәбилердің гигиенасы

Кіндік шеше. Кіндікті еркектер кескен бе?

Тегтер

Related Articles

Back to top button
error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.
Яндекс.Метрика