Итарбаның (ходунок) пайдасы мен зияны

Итарбаның балаға зияндығы не пайдасы туралы бала дәрігері (педиатр) мен сынықшы (ортопед) мамандар арасында бірыңғай пікір жоқ. Сондықтан бұл құрылғыны қолдану туралы соңғы шешімді ата-ана өзі қабылдайды.
Ал біз сіздің назарыңызға осыған қатысты ақпараттар мен сарапшылардың пікірін ұсынғымыз келіп отыр:

Итарба, Ходунок, bambinomag.ru
bambinomag.ru

Ата-ана неге қорқады?

  • Табанын дұрыс қоя алмайды.
  • Ұзақ уақыт қолдану аяқтарының қисаюына әкеледі (Х-түрінде немесе О-түрінде). Себебі, әлі бекімеген, қатаймаған аяққа үнемі салмақ түседі.
  • Омыртқа сүйектері дұрыс қалыптаспайды.
  • Итарбаны ұзақ қолданатын бала кеш жүреді, себебі оның өз бетімен жүруге деген ынтасы оянбайды.
  • Бала итарбада өзін қауіпсіз сезінгендіктен (түрлі нәрселерден соққы алмайды, құламайды), оның өзін-өзі қорғау, сақтану түйсігі дамымайды.
  • Итарба еркін қозғалысты шектейді. Сәбиіңіз отырып, тұрып, еңбектей алмайды.

Талдау: осы айтылған тұжырымдарға байланысты көптеген бала дәрігерлерінің пікірі әртүрлі. Кейбірі «итарба баланың дамуын тежейді» (өз бетімен жүру әрекетін тудырмайды), «денесінің қалыптасуын бұзады», «табанын дұрыс баса алмайды» деген пікірді ұстанады. Ал енді бірі, керісінше, «итарба – баланың қозғалғыш аппаратына арналған жақсы жаттығу құрылғысы, тек оны қолданудың белгілі бір шегін білу қажет (ұзақ уақытқа отырғызбау)» дейді.

Ата-ана неге қызығады?
Аз уақытқа болса да қолыңды босату, үй шаруасымен айналысу, шамалы болса да тынығып алу.
Балаңыз қуана-қуана отырады, ол енді бөлмені шарлап, айналасындағы заттармен еркін таныса алады, қолына ұстап, аузына салады.
Қауіпсіз болады, құламайды, бір жерін соғып алмайды.
Баланың ақыл-ойының дамуына әсер етеді, өйткені ол тік тұрып, айналасын өз көзімен көре алады.
Ерте жүре бастайды, себебі, соған қажетті дағдылардың бәрін үйренеді (бұл жөнінде педиатр мен ортопед мамандардың пікірлері әртүрлі).

Талдау: емге пайдасы бар кез келген дәріні көп мөлшерде қабылдаудың зиянды екенін бәріміз де білеміз. Дегенмен, итарбаны «қастандық тудырушы» деп қабылдамаңыз және тым көп қолданудың да қажеті жоқ.

m-detstva.ru, Итарба, Ходунок
фото: m-detstva.ru

Алтын ортасы

Осы мәселе жөнінде үнемі күдіктеніп жүретін ата-аналарға көмек болар төмендегідей кеңестер береміз:
Итарбаны қолданбас бұрын, өзіңіз сенім артатын педиатр маманмен кеңесіп алыңыз. Ол сізге бұл жағдайда қалай жасау керектігі жайлы кеңес (балаңыздың даму ерекшелігін ескеріп) бере алады.
Сәбиді 6 айға толмай, итарбаға отырғызуға болмайды.
Итарбада сәбиіңізді ұзақ уақытқа қалдырмаңыз (10-15 минуттан бастап, біртіндеп уақытын ұзартып, 40 минутқа дейін).
Сатып аларда ең қауіпсіз, мықты үлгілерін таңдаңыз. Олар аударылмауы керек (мысалы, егер бала түсіп кеткен ойыншығын өзім алам деп ұмтылса), кеңдеу, дөңгелегі көп, тікбұрыш формасындағы (дөңгелек формасымен салыстырғанда) итарбалар мықты болып келеді.
Егер бала жүрген кезде табанын айналдырып не аяғының ұшымен жүретін болса, арнайы мамандардан кеңес алыңыз. Мәселе итарбада емес, неврологиялық проблемада болуы мүмкін.
Есіңізде болсын, ерте ме, кеш пе, сәбиіңіз өздігінен жүруді үйренеді. Ол бұны итарба арқылы үйрене ме, әлде өз бетімен үйрене ме? Мәселе бұнда емес.

Егер балаңызды итарбада ұзақ уақытқа қалдырмасаңыз, кішкентай болса да аяқ буындарының дамуында ауытқушылықтар байқап, дәрігерге дер кезінде қаралсаңыз, итарбаның зиянынан гөрі, пайдасын көбірек көресіз.

Бәрі де өзіңізге байланысты, құрметті ата-ана!

Яндекс.Метрика