Балалар дене жарақатының алдын-алу

Балалар бақшасында немесе аулада ойнап жүріп жарақаттанып қалу жағдайы жиі орын алады. Десек те, үй ішінде, ата-анасының көз алдында шапқылап жүрген бүлдіршіннің абайсызда сүрініп кетіп, дене жарақатын алуы ғажап емес. Ондай жағдай орын алмас үшін не істеу қажет?
Тараз қалалық №2 емхананың жоғары дәрежелі педиатр-дәрігері Перуза Тәжібаева жауап береді.

— Балалардың жарақат алу мүмкіндігі жас ерекшелігіне қарай әр түрлі болып келеді. Әсіресе, бір жас пен төрт жас аралығындағы сәбилерге төнетін қауіп көп. Сондықтан, ересектер қамқорлығына осы жастағы балалар зәру. Кей ата-ана үй ішін жабдықтағанда көп нәрсеге мән бере бермейді. Оны тым ұсақ түйек деп есептейді. Мәселен, есік. Көптеген үйлерде бөлмеаралық есіктерге әйнектер салады. Ол жұқа терезе әйнегі. Жұқа болғандықтан да тез сынғыш. Балалар ойнап жүріп байқаусызда соқтығып қалса, қолындағы машинесі тиіп кетсе, шытынап шыға келетіндіктен, аса қауіпті. Тіпті, денесін, қолын кесіп, сіңірін жарақаттап алатын жағдайлар, өкінішке орай, аз емес.

Терезе тұсындағы бала

Терезе. Қазіргі кезде дәрігерлер арасында «ұшқыш бала» ресми емес термині пайда болды. Әсіресе, көп қабатты тұрғын үйлерде терезеден басын шығарамын деп төмен құлап кеткен кішкентай балалар осы атқа ие болды. Терезе жақтауына шығып, бейтаныс әлемді қызықтаймын деп арты өкінішке соқтырып жатыр. Бұл өте қауіпті. Биіктен құлағандықтан, түрлі ауыр дене жарақаттарын алады. Одан аман қалуы да екіталай.

Бесікарба, кереует. Барлық қауіпсіздік ережелері сақталмаған төсек-орыннан анасының көзін ала бере асып түсуі мүмкін.Әлі сүйегі қатып үлгермеген жас баланың құлауының салдарынан бас сүйегі жарақаттанады. Миы шайқалады.

Ас бөлмесі. Статистика бойынша көптеген күтпеген оқиғалар көп қабатты үйлердің ас бөлмелерінде орын алады екен. Шағын ғана ас үй түрлі түрмыстық техникаларға толы, іші айналуға келмейтін тар болады. Сондықтан да, жас балаға төнетін қауіп екі есеге дейін артады. Алдын алу үшін балаға ас үйде ойнауға рұқсат бермеу қажет. Одан кейін газ пештің үстінде тұрған қазандардың аузы мен шайнектің мұрны қабырға жақта тұрсын.

Еден әрдайым таза болуы шарт. Өйткені, лас, шаң баттасқан жер зиянды бактериялардың сүйікті ортасы. Еденге түскен ойыншығын қайта алып, аузына салатындығын айтпағанның өзінде, жерге төгілген су немесе өзге де сұйықтыққа тайып құлап, жамбас сүйектерін зақымдауы ғажап емес.

Электр шайнегі, ыстық қазан секілді өміріне қауіпті заттарды аңдаусызда тартып қалуы да мүмкін. Үстел шетінде тұрған ыстық ас құйылған тарелкені аударып алмасына да ешкім кепілдік бере алмайды.

Үйде жүріп жарақаттану

Пышақ, шанышқы секілді өткір заттарды қолына алып, көзіне, құлақ, мұрнына тығып алуы мүмкін.
Төменгі сөреде тұрған түрлі химиялық заттардан күйіп қалатын жағдайлар жиі кездеседі.
Сіріңке, оттықтарды баланың қолы жетпейтін жерге қойыңыз. Кейде анасы жылаған бөпесін жұбату үшін қолына сіріңке қорабын оп-оңай ұстата салатыны бар. Дәрігер ретінде менің сөзіме сеніңіз: «Бірер минут алдана тұрғанда ештеңе жоқ» деген салғырттықтың соңы жақсылыққа алып бармайды.

Теледидар. Соңғы кездері заманауи үлгіде жасалған теледидардан бөлек астына қойылатын сөрелер де қауіпті болып келеді. Әсіресе, шынылы сөрелердің бетіндегі теледидар сырғып, баланың үстіне құлап кететін оқиғалар тіркелуде. Сондықтан, мүны да бала өміріне қауіп төндіретін заттардың қатарына қосып отырмын.
Сөзімді қорытындылай келе, отбасының «базары» саналатын балаларды әрбір қадам сайын қорғауға тиіспіз. Жау жоқ деме жар астында дегендей сыртта ғана емес үй ішінде де кішкентай сәбидің «дұшпаны» көп. Ес біліп, етегін жиғанша өз перзентін жан жақты қорғау — ата ананың басты міндеті.

фото: strollershop.rumalenkie-deti.com

Яндекс.Метрика