Балаңызға ойыншық алып бересіз бе?

Дүкенде, Ойыншық, Бала, жылаған бала
Үйде кішкентайыңыздың бөлмесі соңғы үлгідегі барлық ойыншықтардың жаңа түрлеріне лық толы. Ас үйде де балаңыздың жақсы көретін түрлі тәттілері бар, ал оған сонда да жетпейді. Сырты әсемделген ашық түсті қорапты көрсе болды (оның ішінде не бар екені оған бәрібір), екі көзі жайнап, «маған осыны алып бер» деп өжеттеніп, табан тіреп тұрып алады. Бұдан «балаға не жетпейді?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауапты төмендегідей саралап беруге болады.

Ойыншық — ата-ана махаббатын, сүйіспеншілігін алмастырушы

Барлық ата-ана бұны еліктеушіліктен туындайды деп есептейді. Сәбиіңіз Асандікіндей машинаны, Жансаянікіндей қуыршақты қалайды. Ал негізінде, балаңыздың «алып бер» деген өтініш-талабының астарында анағұрлым маңызды себептер жатуы мүмкін:

  • Ата-анасының көңілін, назарын өзіне аудару әрекеті. Бала шектен тыс тым еркелеп немесе үнемі бірдеңе сұрау арқылы жұмысбасты болып, өзіне қарамаған ата-анасының назарын өзіме аударамын деп ойлайды.
  • Зеріккендіктен қызығушылығының төмендеуі. Бала үйде күні бойы немен айналысарын білмейді. Ескі ойыншықтарынан жалықты, әкесі мен анасы онымен бірге ойнамайды. Міне, ол жаңа алынған заттармен өзінің көңілсіз күйін жойғысы келеді. Шын мәнінде, бала үшін ойыншықтар ата-анасымен қарым-қатынасында жеткіліксіз болған сүйіспеншіліктің, махаббаттың орнын толтырады.
  • Ойыншықтардың өте көп болуы. Балаңызға ойыншықты өте жиі алып беріп жүрсеңіз, оған деген қызығушылығын тез жоғалтады. Кішкентай күнінде баланың психологиясы өте құбылмалы. Сәбиіңіз тағы да өтініш-талабын айтады. Сізді қайтадан дүкенге баруға мәжбүрлеп, мазаңызды алады.
  • Құрбылары мен достарының арасында ерекше болып көрінуге ұмтылу. Кішкентай балаларға бұл қылық тән емес. Мектеп жасындағы балалар ұялы телефон, плеер, т.б. арқылы ерекшеленгісі келіп, сіздің осы қымбат заттарды алып беруіңізді өтінеді.
  • Сатып алу әрекетінен рахат алу. Мұндай балаларға не сатып алу керектігі маңызды емес, бастысы — сатып алса болды. Ал бір сағаттан соң алған заты керексіз болып, бір бұрышта іске аспай жатады. Ол енді қайтадан тағы бірдеңе алып беруді талап етеді. Психолог мамандардың айтуынша, бұл балалардың қиялы жеткілікті дамымаған, олар сатып алынған затпен не істеу керектігін түсінбейді, білмейді. Сондықтан ата-ана балаға ойыншықты сатып алып беріп қана қоймай, онымен қалай ойнау қажеттігін де көрсетуі, түсіндіріп беруі тиіс.

Сол себепті ата-аналар осындай ыңғайсыз жағдайларға тап болмас үшін дүкен аралауға шыққанда балаларын үйлеріне қалдырып кетеді. Алайда, психолог мамандар бұны мүлдем дұрыс емес деп есептейді. Біріншіден, бала өзі таңдап алған затына мейлі ол жұмсақ қоңыр қонжық болсын, мейлі арзан бір күнтізбе болсын, ата-анасының алып берген ойыншығынан гөрі, ұқыпты қарайды. Өйткені оның ересек адамдарша сауда жасағанын сезінуі өзін-өзі жоғары бағалау әрекетін туындатады. Екіншіден, (екі-үш жастағы сәбилер) сәбилерге қалаған затын алу — пайдалы. Тілегінің орындалуы адамды белгілі бір әрекетке жетелейді, ынталандырады.

Дегенмен, кішкентай сүйіктіңіздің өтініш-талаптарына сонда да бір өлшем қоюыңыз керек. Ол өзінің «ашкөзділігін» бақылай алуы тиіс, әйтпесе сыйлықтарды алып, оған қуануды үйренбейді және бүкіл әлем тек қана өзіме жалғыз жаратылған деп ойлайды. Сонымен қоса, ата-анасының тыйым салатынын біліп, бала ақшаны ақылмен жұмсауды, оны есептеуді үйренеді. Ал керісінше жағдайда, ол ақшаның құнын білмей өседі, алдымен сіздің, ал өскен соң өзінің.

Ендеше, оны ұқыптылыққа қалай тәрбиелеуге болады?

  • Алдымен, бірігіп отырып тізім жазыңыздар. Дүкенге бармас бұрын алатын заттарыңыздың тізімін алдын-ала жоспарлаңыздар. Жазылған тізім бойынша заттарды сатып алуға қызығушылығын ояту үшін ең алдымен, тізімде жазылған нәрселерге қызықтырыңыз. Балаңыз оқи алмай ма? Онда алатын затыңыздың суретін салыңыз: нан, кәмпит, қияр, картоп, қызанақ, т.б. Ал егер әріп таныса, тізімді ірі әріптермен (түрлі түсті фломастерлермен қызықтырақ) жазыңыз. Және дүкенде сауда жасап жүргенде, балаңызға арбаға тізімде жазылған заттардан басқа артық зат салынбағанын тексеріп отыруын ескертіп қойыңыз.
  • Балаңызды бюджетті жоспарлауға ынталандырыңыз. Төрт жасар бала үнемдеудің мұндай сабағын қызықты ойын деп қабылдайды, алайда ол қаражаттың барлығын сағызға, сусынға, ойыншыққа жұмсауға болмайтынан, үйге ет, сүт, нан, ірімшік, жаңа күртеше, дәрі-дәрмек, т.б. алу керектігін түсінетін болады.
  • Қыдыруға, демалуға далаға шыққанда әмияныңызды үйде «ұмытып кетуге» тырысыңыз. Сонда бала өтініш-талабының орындалуын талап етпейді. Бірақ бұл әдісті өте жиі қолданбаңыз. Үнемі болмаса да, анда-санда сәбиіңізді еркелетіп тұру керек, күнделікті емес, демалыс күндері ғана.
  • Себепсізден-себепсіз үлкен, қымбат сыйлық жасамаңыздар. Тек туған күн, Жаңа жылда, т.б. мейрамдарда қалтаңыз көтерсе, балапаныңызды қуантуға рұқсат. Тәтті тоқаштарды күнде жей берсең, одан жүрегің айнып, қарағың келмеуі мүмкін ғой. Сол сияқты, баланың тілегін орындау да осындай.
  • Сыйлықты марапатқа айналдырмаңыз. «Бөлмеңді жинастырсаң, қуыршақ алып береміз», «сабағыңды жақсы оқысаң, ұялы телефон алып береміз». Бір жағынан бұл — қызығарлық ұсыныс. Мұндай сыйлық үшін бала бар жан-тәнімен үлгілі, ұқыпты болуға тырысады, ал екінші жағынан, «сатып алу-сату» қарым-қатынасына әкеліп соқтырады: сен маған, мен саған дегендей.
  • Келісімге барыңыз. Егер дүкенде балаңыздың көзі жайнап, ойнақтай бастаса, пәтеріңіздің қойма емес екендігін жайлап, сабырмен түсіндіріңіз, бәрін бірінен соң бірін алуға болмайды деңіз. Оның орнына оған басқа нәрсе ұсыныңыз, қымбат не үлкен болуы міндетті емес. Мысалы, іші ауаға толтырылған түрлі түсті шарлар, бояйтын суреттер топтамасы, сабынды көпіршіктер (арасында осы заттардың кереметтігін айтып, мақтауды да ұмытпаңыз, балаңыздың ойында «жаман, арзан нәрсе» деген күмәнді ой тумасын).
  • Балаңыз аш болса, қарны тоймаса, дүкенді аралауға асықпаңыз. Зерттеулер көрсеткендей, тоқ адам өзіне нақты қажетті затты алады, ал аш адам бәрін бірдей алуға ұмтылады. Осы әдісті ойыншықтар дүкенінде де қолдануға болады. Алдымен, сіздер қай ойыншықты алатыныңызды анықтап, жай ғана көру үшін, көзбенен қарап «тою» үшін ғана келесіздер. Бірақ «қазір қалтамда ақшам жоқ, кейін алып берем» деп, балаңызды сабырлылыққа шақырыңыз.
  • Жеке басыңызға жұмсаған қаражатыңыз үшін балаңыздың алдында есеп бермеңіз. Оның өтініш-талаптарының бұйрыққа ауысуына жол бермеңіз. Сізді алдап-арбауға не есептесуге тұқсат бермеңіз (өзіңе қымбат көйлек алдың, ал маған кәмпит алуға да ақшаңды аядың).
  • Егер балаңыздың көңілінен шыққан, қатты ұнатқан заты өте қымбат болса, туған күніңе алып берем деп уәде беріңіз. Байқаңыз, уәдеңізді орындамасаңыз, ол сізге деген сенімін жоғалтып алуы мүмкін. Не болмаса, ақша жинап, өзіне алуды ұсыныңыз. Өз қаражатына алған затына бала ұқыпты қарайды.
  • «Алып берші» деген балаңыздың өтініш-талабына неге оңай келісе кететініңізді өзіңіз ойлап, талдап көріңіз. Өзіңіз балалық шағыңызда қалаған ойыншығыңызға қол жеткізе алмағандықтан, «өзімде болмағанды баламнан аямаймын, оған міндетті түрде беру керекпін» деп ойлайсыз. Немесе сәбиіңіздің алдында кінәлі екендігіңізді сезіну. Оған күнделікті аз уақыт бөлетіндіктен, біз оны ойыншықтармен, түрлі тәттілермен мейірлендіруге, өзімізге қаратуға, алдында жақсы болып көрінуге тырысамыз.
фото: otdixai.com.ua
Яндекс.Метрика