Дененің көлемі мен салмағының өзгеруі

Басы: Жүктілікті әйелдің ағзасындағы өзгерістер

Ағзадағы бұл өзгерістерді табиғи және қалыпты деп түсіндіруге болады: әйел өзінің денесінде тіршілік иесін алып жүр. Кейбір әйелдер ұрықтың көлемінің кішкентайлығына қарамастан, жүктіліктің бірінші триместрінде-ақ салмақ қоса бастайды. Неліктен? Бұл ішектердің ісуіне байланысты болуы мүмкін. Гормональды өзгерістер құрсақ аймағының қантамырларының үлкейуіне себеп болады. Бұл ішек қабырғаларының аздап ісінуіне әсер етеді. Оған қоса, жүктілік кезінде ішектер «жалқаулана» бастайды, жиырылуы нашарлайды, сол себептен ішектерге жел толып қалады, іш қатулар болады. Мұндай жағымсыздықтардың алдын алу үшін дұрыс тамақтану қажет. Ішектегі желден арылу үшін түймедақ (ромашка) шайын ішуге болады немесе активтенген көмірдің (активированный уголь) бір таблеткасын қабылдап алуға болады.

20-аптадан бастап жаңа өзгерістер пайда болады. Біріншіден, үлкейген жатыр диафрагманы (бауыр ет) аздап көтеріп тұратындықтан, әйел адамның тыныс алуы қиынға соғады. Екіншіден, ұйықтайтын кезде ыңғайлы қалып іздеу. Шамамен 20-аптаға дейін аяқтың және белдің астына кішкене жастық қойып, шалқаңнан жатуға болады. Алайда, мерзімі үлкейген сайын мұндай қалып ұйықтауға жарамайды, оған қоса, шалқаңнан ұзақ уақыт жатуға болмайды, себебі салмағы артқан жатыр ірі қантамырларын басып тастайды. Болашақ анаға бүйірлеп жатқан дұрыс, әсіресе сол жақ бүйірімен.
Іш үлкейген сайын бел мен жамбас сүйектері мен буындарына қысым қатты түседі. Егер жағымсыз сезімдер қатты мазасыздандырса, дәрігерге қаралыңыз. Мүмкін, ағзаңызға дәрумендер мен кальций жеткіліксіз шығар. Немесе хирург не невропатолог маманға қаралу қажет шығар.
Жүктіліктің 38-аптасында
Жүктілік кезінде дене салмағының артуы – өте маңызды көрсеткіш. Әйелдер кеңесінде дәрігерлер міндетті түрде салмағыңызды жиі тексеріп отырады. Салмақтың артуы сәбидің өсу қарқынын және ана денсаулығының жағдайын көрсетеді. Дене салмағының артуы әрқалай болады. Ең аз салмақ қосу 12 аптада байқалады, 1,5 кг. салмақ қосылады. Екінші триместрде орта есеппен 6 кг. жинайды, ал үшіншісінде – 4 кг. Осылайша, жүктіліктің 9 айында әйелдер орта есеппен алғанда 10 кг, салмақ қосады:

Сәби – 3,5 кг.
Жолдасы (плацента) – 0,7 кг.
Қағанақ суы – 0,9 кг.
Сүтті бездердің үлкеюі – 0,8 кг.
Жатырдың үлкеюі – 0,8 кг.
Қан мөлшерінің артуы – 1,8 кг.
Майлы қабаттардың мөлшерінің артуы – 3,5 кг.

Бұл көрсеткіштер орта есеппен алынған және өзгеріп отыратынын естен шығармаңыз!

Дене салмағының 12 кг.-нан артуы патология болып табылады. Семіздікке бейімділігі бар әйелдердің жүктілік кезінде арнайы диета ұстанғаны дұрыс. Әсіресе көпұрықты (егіз тұқымды) жүктілік кезінде дене салмағы 15 кг-нан 22 кг-ға дейін жиі өзгеріп отырады.
Жеткілікті мөлшерде салмақ қоспау қауіпті болып есептеледі. Егер жүктіліктің соңғы кезеңінде семіздіпен ауырмайтын әйелдің қосқан салмағы 9 кг-нан төмен болса, салмағы аз бала туу қаупі бар, ал 7 кг-нан төмен көрсеткіш әйел ағзасындағы және ұрықтың дамуындағы ауытқушылықтарды көрсетеді.

Жатырдың қысқаруы
20-аптадан кейін әйел жатыр қабырғаларының аздап қысқарылып жатқанын ауық-ауық сезінуі мүмкін. Мазасызданбаңыз, бұл түсік тастау қаупі, не болмаса уақытына жетпей босанып қалу белгісі емес, бұл – медицинада «Брэкстон-Хикс толғағы» атына ие жүктілік кезіндегі қалыпты физиологиялық жағдай. Осылайша, жатыр болашақтағы туу толғағына дайындалып жатқан тәріздес.

Яндекс.Метрика