Болашақ аналарға арналған киім мен аяқ киім

Жүкті кезінде әр әйел (әсіресе бірінші сәбиі болса) киім-кешектерін жаңарту керек. Ең бастысы, киімнен талап етілетіндігі – ыңғайлылығы. Киім ішіңізді қыспауы керек, сондықтан қатты байланатын белбеулерден, стрейч-джинсылардан, сымбатыңызды айқындап тұратын шалбарлардан, қысып тұратын ішкиімдерден бас тартуыңыз қажет. Оған қоса, резеңкеден жасалған гольфи мен шұлықтарды кимеңіз.

Теріңізге жақын тұратын киімдер (көйлек, ішкиімдер) табиғи гигроскопиялық маталардан тігілгені маңызды. Бұл қолайсыздық тудырмайды (жүкті әйелдер тершең болады).

Төстартқыштың (бюстгальтер) жаңасын алыңыз. Біріншіден, сізге үлкен размерлі үлгісі қажет. Екіншіден, бұл киім бірнеше қатаң талаптарға сай болуы керек. Жүктілік кезінде тағатын төстартқыштың негізгі «сипаттамалары» төмендегідей:

  • табиғи матадан тігілген (мақтадан);
  • төсіңізді қысып тұрмауы керек;
  • ұстап тұратын (төсіңізді тартып немесе көтеріп) артық заттары болмауы керек;
  • үлгісі төсіңіздің анатомиялық ерекшелігіне сай болуы керек (яғни денеңізге сай).

Мүмкіндігінше төстартқыштың аспа бауларының кең болғаны жөн, бұл иыққа түсетін салмақты азайтады.

Болашақ аналарға арналған ішкиім

Бүгінгі күні болашақ аналарға арналған ішкиімдерді арнайы дәріханалардан сатып алуға болады. Ол жерде жүкті және емізетін аналарға арналған төстартқыштар ғана емес, сонымен бірге, қарынды ұстап тұратын арнайы белбеулер, дамбалдар (панталондар), шұлықдамбалдар (колготки) да сатылады. Тағы да ең қажетті заттың бірі – бандаж – дәріханаларда сатылады. Есіңізде болсын, бұл қарапайым заттың әр әйелдің ішінің көлеміне сай келетін өлшемі болады. Сондықтан бандажды сатып аларда сізге нақты қайсысы қажет екенін дәрігерден анықтап алыңыз.

Болашақ аналардың ішкиімі

Үлкен қалада болашақ аналарға арналған дайын киімдерді сатып алу қиын емес: арнайы дүкендер жеткілікті. Ал егер қолдан киім тігетін шеберлігіңіз болса, өзіңіздің қалаған үлгіңізді (арнайы журналдардан да табуға болады) тігіп ала аласыз. Сіз тек үлгісі мен түсін анықтап алыңыз. Киіміңіз міндетті түрде кең болуы қажет, осыны естен шығармаңыз.

Есіңізде болсын! «Адам көркі – шүберек» дегендей, киген киіміңіз сіздің көңіл күйіңізге әсер етеді. Ал көңіл күйіңіз көтеріңкі болса, сәбиіңіз де өзін жақсы сезінеді.

Қандай аяқ киім киген жөн?

Киім сияқты, жүкті әйелдің аяқ киімі де гигиеналық талаптарға сай болуы керек.

  • Уақытша биік және орташа өкшелерден бас тартыңыз. Өкшеңіз жерден 1-2 см биіктікте болса болады.
  • Табанының орнықтылығын тексеріңіз. Тегіс жолдан сырғанамауы керек.
  • Жұмсақ, табиғи материалдардан тігілген аяқ киімдерді таңдаңыз. Астары қандай матадан тігілгенін анықтап алыңыз (кейбір былғарыдан не маталы материалдардан тігілген аяқ киімдердің астары синтетикалық болып келеді, сондықтан мұндай аяқ киімде аяғыңыз терлейді).
  • Аяғыңыз терлемес үшін ылғалды өзіне сіңіріп алатын ұлтарақ сатып алыңыз.
  • Жүкті кезінде әйелдердің аяғы ісінетіндіктен, қан айналысы дұрыс болу үшін аяқ киім аяқта еркін тұру керек.
  • Бөлмеге кіргенде міндетті түрде далада киетін аяқ киіміңізді ауыстырып алыңыз.
Яндекс.Метрика