Жалғызбасты ана болу оңай ма?

Өткен ғасырдың ортасында-ақ біздің қоғамда «жалғызбасты ана» ұғымы пайда болған еді. Өйткені, оған дейін әйел балаларын жалғыз тәрбиелемеген. Ері қайтыс болған әйелді қайынағасы немес қайынінісіне әмеңгерлікпен үйлендірген. Ал, ажырасуды құлақ естіп, көз көре бермейтін. Мүлде болмайтын десек те қателеспеспіз. Сондықтан, ел аузында «Жесір ерден кетсе де, елден кетпейді» сөзі қалды. Әйтсе де, бүгінгі күні «жалғызбасты ана» атанып отырған әйелдердің қатары қалың. Осы жайын сөз қылсақ.

Жалғызбасты ана, Жесір, Жесір ана

Баласын жалғыз тәрбиелейтін аналарды екіге бөліп қарастыруға болады. Бірі – мәжбүрліктен болса, екіншісі – саналы түрде осы қадамға барады.

Жоспарсыз жүктілік. Тұрмысқа шықпай серігінің қалауынсыз жүкті болып қалу. Аяқ астынан «пайда» болатын жаңа міндеттерден қашқақтаған «әке» әйелді жалғыз қалдырып кетеді.

Жесірлік. Күйеуі қайтыс болып, мәжбүрлі түрде жалғызбасты ана атанады.

Тастанды отбасы. Күйеуі түрлі себептермен отбасын тастап кетеді. Балаларын анасының жалғыз бағуына тура келетіндіктен, бұл да мәжбүрлі түрде жалғызбасты ана қатарына қосылады.

Әйел қалауы. Өмірде отбасын құрудан өзгені жоғары қойған немесе өмір бойы өз серігін таппай жалғыз қалған қыз-келіншектер уақыт өте келе өзі үшін балалы болуды жоспарлайды. Тіпті, кейде сүйікті күйеуін, жігітін тұсаулап қалу мақсатында әдейі жүктілікке бет бұрады.

Қандай жағдай болмасын, ерте ме, кеш пе әйел аналық сезімнің дәмін татқысы келеді. Өйткені, нәзік жандылардың табиғаты осындай. Жалғыздықтан қорықпай, ана атануға қадам жасайтындықтары да сондықтан. Бірі – жалғызбастыларды аяса, енді бірі, керісінше өз танысының баласымен тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп жатқандығын айтады. Енді бірі – бар жастық дәуренін «қор» етіп бағып-қаққан баласы үмітін ақтамай, анасын тастап кеткендігін, екіншісі – қартайғанда анасын алақанына салып, әлпештеп отырғандығын айтып даурығады. Бұл тақырып аясында өңеш жыртар дау бітпес. Дегенмен, жүкті болған жалғызбасты әйелдерге «Ана мен бала сайты» бірнеше кеңес береді:

  • Өзге адамдардың жасанды түсік жасату туралы «ақыл, кеңестеріне» құлақ аспаңыз. Өйткені, бірінші баланы алдыру – мәңгілік ана атану мүмкіндігінен айырады. Жатырға зақым келіп, тіпті, кей әйелдердің өліміне дейін жеткізеді. Құдай берген ішіңіздегі сәбиіңіздің жарық дүниенің есігін ашуға кедергі болмаңыз.
  • Алдағы жүктілікке және бала күтіміне байланысты болатын демалыстарда өзіңізді материалды тұрғыдан қысылмаудың амалын қарастырыңыз /қор жинап, депозитке салып, туыстарыңыздан көмек сұрап т.с.с./.
  • Мемлекетіміз жалғызбасты аналарға жеңілдіктер қарастырған. Заңгерлерден жеңілдікке ие болудың жолын сұрастырыңыз. Бұл толықтай қамтамасыз етуге жетпесе де, аз көмек болмайтыны анық.
  • Шешімді «Әкесіз де тәрбиелей алатындығыңызды» дәлелдеу мақсатында шешпеңіз. Бала – сіз үшін ең жақын, ең сүйікті адам болады. Ал, бөтен ойдан тезірек құтылыңыз. Өйткені, мәжбүрлікпен дүниеге бала әкелудің қажеті жоқ.

Ал, сәбиіңізді аман-есен қолыңызға алғаннан кейін оның бар тәрбиесі жалғыз өзіңіздің мойныңызға артылатынын түсініңіз. Жақындарыңыз көмек қолын созар. Бірақ түптеп келгенде негізгі салмақ өзіңізде болады. Толыққанды отбасына қарағанда ананың ғана тәрбиесін алған бала өзгешелеу болады. Сондықтан, оның тәрбиесі де белгілі бір тұрғыда қиындық тудырады. Тек мойымаңыз, қорықпаңыз!
3 жасқа дейін бала әкенің қажеттілігін сезіне қоймайды. Қасында мейірімді анасы болса, жеткілікті. Дегенмен, балабақша, мектеп жасына жеткенде құрбыларының ата-анасына қарап қызыға бастайды. Сонда ғана «Әкем қайда» деген заңды сұрақ туындайды.
Бала әлі ештеңе түсінбейдіге балап, ойдан ертегі құрастырып айтып жүрмеңіз. Ерте ме, кеш пе бәрібір біледі. Сонда сізден көңілі қалып жүрмесін. Ал, өкпе-реніш тек екеуіңіздің араңыздағы жайт. Баланы араластырмаңыз. Ол әкесінің кім екенін білуі қажет.
Ескерте кетейін, балаңыз екеуіңіздің алдыңызда әлі талай бағындырар белес тұр. Мысалы, ол іштей әкесінің болмағанына өзін кінәлі сезіне бастайды.Құрбыларының қасында ұялатын болады. Салдарынан іштей тұйықталып кетуі де мүмкін. Қалай алсақ та әкенің рөлін ана алмастыра алмайды. Ер адам ұлына шеге қағуды ғана емес, қоғамда жігіттің өзін-өзі ұстауын, отбасын асырап, ақша табу жолын, т.б. бір сөзбен айтқанда әкелік міндетті ұғындырып өсіреді Ал, қыз баласы отбасындағы әкені сыйлауды үйренеді. Бойжеткен шақта әке тұлғасына қарап болашақ жарды таңдайды.

Егер сіз де жалғызбасты ана атанып, ұлыңызды не қызыңызды тәрбиелеп отырсаңыз, ұмытпаңыз:

  • Шектен тыс аналық махаббат баланы алшақтатады. Асты-үстіне түсіп, өбектей бермеңіз.
  • Онымен бірге ойын ойнап, серуендеуге, бірге кітап оқып, әңгімелесуге қашан да уақыт таба біліңіз.
  • Баланы тек зат ретінде қолданбаңыз. «Алып бер, алып кет, жина, тазала» міндеттерін атқаруға арналмаған.
  • Ешқашан «жастық өміріңізді соған арнап, қор еткеніңізді, ал ол қайырымсыз оны білмейтіндігін» айтып бетіне баса бермеңіз. Әкесіз жалғыз-жарым өскеніне ол кінәлі емес.
  • «Енді мен жалғыз емеспін. Маған еркектің қажеті жоқ» демеңіз. Бала толыққанды отбасында өссе ғана бақытты болады. Бала бақыты – ересектердің де бақыты.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ұрпақ өсіру, кез-келген адамның парызы. Бірақ, дүниеге бала әкелудің жолы осы деп оң босағада босану – қазақтың сүйегіне таңба. Сондықтан, осы қадамға барар алдында оң-солын саралап, ойланыңыз.

фото: wday.ru
Яндекс.Метрика