А дәрумені және оның жүкті әйелдерге зияны

А дәрумені — біздің ағзамыз үшін ең қажетті дәрумендердің бірі. Бұл дәрумен жануарлардың бауырында көп болады.

А дәрумені алғаш рет сәбізден алынған. Сол себепті ағылшынның «carrot (сәбіз)» сөзінен А дәрумендерінің тобы – каротиноидтар деген атау алды.

Каротиноидтар өсімдіктерде, кейбір саңырауқұлақтардың құрамында болады, ағзаға түскенде олар А дәруменіне айналады. Каротиноидтардың бес жүзге жуық түрі белгілі. А дәруменінің белсенділігінің өлшем бірлігі ретинолмен өлшенеді.

Бұл дәрумен жүкті әйелдер үшін өте маңызды. Жүктілік кезінде А дәруменінің қажеттілігі жоғарлайды. Себебі сәбидің жасушаларының өсуі мен жіктелуі үшін А дәрумені көптеп жұмсалады. Сол үшін бұл дәруменнің тапшылығын болдырмай, ағзадағы дәрумен мөлшеріне дұрыс көңіл бөлу керек.

Ретинол сәбидің қаңқасының қалыптасуына, тері мен шырышты қабықтың эпители жасушаларының жаңарып отыруын қамтамасыз етеді. А дәруменінің көмегімен сәби салмақ қосып, жүкті әйелдің зат алмасу процесі жақсарады.

Жоғарыда көрсетілгендей, А дәруменінің жүктілік физиологиясына жағымды әсер етуі үшін, оның ағзадағы мөлшері оңтайландырылған мөлшерде болуы керек. Егер ағзада бұл дәруменнің жетіспеуі немесе шамадан тыс көбейіп кетуі орын алса, оның салдарынан жүкті әйелде және оның сәбиінің дамуында ауытқулар болады.

1950 жылдары А дәруменінің ағзада шамадан тыс көбейіп кетуінің жүкті әйелдер үшін жағымсыз әсері бар екендігі белгілі болды. Шамадан тыс көбейіп кету деген, ағзаға қажетті нормадан бірнеше есе (3-10 есе) жоғарлап кетуі.

А дәруменінің пайдасы. Әдетте ретинол мал бауырларында, жұмыртқада, сүт тағамдарында және балық майында кездеседі. Ал көкөністердің ішінде сәбіз, қызанақ және тәтті бұрыштың құрамында каротиноидтар болады. Каротиноидтар ағзаға түскенде А дәруменіне айналады. А дәрумені көру қызметін жақсартуға қатысатын микронутриент ретінде қолданылады. Ол көзді ылғалдап, көз сетчаткасын зақымдалудан қорғайды. Көз қызметін жақсартудан басқа, А дәруменінің пайдасы басқа да процестерге қатысады: иммунды жүйені жоғарылатады. Сәбидің дамуына тікелей қатысады: сүйектердің құралуына, қан мен терінің түзілуіне қатысады. Бұл әсерлер болашақ ана мен бала денсаулығы үшін өте маңызды. А дәрумені ағзаның инфекцияларға қарсы тұру қабілетін күшейтеді. Сонымен қатар, суықтау, тұмау, тыныс алу жолдарының, ас қорыту жүйесінің, несеп жолдарының ауруларынан қорғайды. Қан құрамында жеткілікті мөлшерде А дәрумені бар балалардың қызылша мен қотыр секілді тері ауруларынан тез айығатыны анықталған. Тіпті СПИД ауруына шалдыққан адамдардың қан құрамында А дәрумені жеткілікті мөлшерде болса, олардың өмірін ұзарту мүмкіндігі бар.

А дәруменінің жетіспеуі. Ересек адамдар үшін А дәруменінің қажетті тәуліктік мөлшері 900 мкг құрайды, жүкті әйелдер үшін – 1000 мкг, емізулі аналар үшін – 400 мкг құрайды. Жүкті әйелдердің ағзасында А дәрумені жетіспеген жағдайда тәулігіне 3600 МЕ мөлшерінде қабылдауға болады. Алайда дәрумен жетіспеушілігіне ағзаның осы дәруменді дұрыс сіңірмеуі де себеп болуы мүмкін.

А дәруменінің жетіспеушілігі әлем бойынша миллиондаған адамдарда кездеседі. Әсіресе, климаттық жағдайы ыстық аймақтардағы жүкті әйелдерде А дәруменінің жетіспеуі жиі байқалады. Ол аймақтарға келесі елдерді жатқызуға болады: Оңтүстік Шығыс Азия елдері, Африка, Өзбекстан, Қырғызстан және Оңтүстік Қазақстан.

А дәрумені жетіспегенде қараңғыда немесе қарауытқан жерлерде көру қабілеті бұзылады. Көздің мұндай ақауын тауық соқырлығы деп атайды. А дәруменінің тапшылығына байланысты туындайтын аурулар ретінде шырышты қабық пен тері эпителиінің зақымдалуын айтуға болады.

Терінің түрлі эпителиі көп қабатты жалпақ эпителиге айналып, тері қабыршақтанып, түлеп, беті алынады. Бұны фолликулярлы гиперкератоз деп атайды.

Сонымен қатар, сілекей бездерінің секрециясы төмендейді, көздің мөлдір қабықшасының құрғауы жоғарылайды. Көздің ішкі бұрыштарында ақ сілекей көптеп жиналады. Бұл – кератомаляцияның пайда болуының белгісі.

Тіс эмалі сезімтал болып, асқазанның секреторлы функциясы төмендейді және гипохромды анемия пайда болады. А дәруменінің жетіспеуінен жүкті әйел мен ішіндегі сәбиінің инфекция жұқтыру қаупі жоғарлайды, ал сәбиін емізетін ананың омырауында мастит ауруының пайда болу ықтималдылығы артады.

Кей жағдайларда жүкті әйелдердегі А дәруменінің жетіспеуі қанда темір мөлшерінің азаюымен бірге жүріп, анемияның пайда болуы мүмкін. Сол себепті А дәруменімен бірге темір минералын және фолий қышқылын бірге қабылдаған тиімді.

Жүкті әйелде А дәруменінің жетіспеуі ішіндегі сәбиінің дамуында кемшіліктер тудырып, көру қабілетін нашарлатады, жүрек пен қан тамырларының, тыныс алу және несеп жолдары жүйелерінің нашар дамуына алып келеді.

А дәруменінің жетіспеуіне әсер ететін факторлар. А дәруменінің сіңімділігінің нашарлауы гипоксияның салдарынан, яғни оттегі жетіспеуінен болады. Жүкті әйелдер мен емізулі аналар серуендеуді дұрыс тәртіппен орындап, таза ауада жиі жүруі керек. Сонда А дәрумені ағзаға жақсы сіңеді. Кейде дәруменнің мөлшері бауырда көбейіп кетсе, қандағы мөлшері тым азайып кетеді. Бұл бауырдағы ретинол байлағыш ақуыздардың биосинтезінің бұзылу салдарынан болады. Әдетте бұл жүкті әйелдердің күнделікті тамағы бір түрлі ( күнде қайталанатын ) болғанда, және көміртекке бай тағамдарды көп жегеннен болады. Сонымен қатар қант диабеті мен ұйқы безігің қызметі нашар болған адамдардың ішектері каротиноидтарды А дәруменіне айналдыра алмайды. Осы себептен де А дәруменінің жетіспеушілігі болуы мүмкін.

А дәруменін холестераминмен бірге қабылдау ретинолдың жұтылуын нашарлатады. Ал эстроген құрамдас дәрілермен бірге қабылдаған жағдайда, А дәрумені тым жақсы сіңіріліп, дәруменнің шамадан тыс көбейіп кетуіне себеп болады.

А дәруменінің сіңірілуі қалқанша безінің қызметіне де тәуелді. Қалқанша безі қызметінің нашарлауы салдарынан каротиноидтардың ішекке тасымалдануы нашарлайды. Нәтижесінде А дәруменінің жетіспеуі туындайды.

А дәруменінің шамадан тыс көбейіп кетуі — А дәруменінің гипервитаминозы

А дәруменінің көптігі — аса сақтықпен қарайтын мәселе. Себебі бұның соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Әдетте, бұл көздің көру қабілетін жақсарту мақсатында пайда болады. Яғни ағзада ретинол мен әр түрлі ретиноидтардың шамадан тыс көбейіп кетуі.

А дәруменінің гипервитаминозы құрамында аталған дәрумен бар дәрілік заттарды қабылдағаннан ғана емес, балық майы, изотретионині бар дәрумендерді көп қабылдағаннан да болады. Сонымен қатар, бұл жағдайдың дамуы нәлім балығын және тауық бауырын көптеп жегеннен де болуы мүмкін.

А дәруменіні мөлшерінің көбейіп кетуінің екі түрі бар: өткір және созылмалы дәрумен артықшылығы. А дәруменінің өткір артықшылығы кезінде ағза өте қатты құрғап, жүрек айнып, іш өтеді, көздің көруі нашарлап, қалтыраулар пайда болады, бас айналады және қатты ауырады. Уланудың екінші күні денеде бөртпелер пайда болып, біраз уақыттан соң қабыршақтанып түсе бастайды.

А дәруменінің созылмалы артықшылығы кезінде бас сүйектің ішкі қысымы көтеріліп, ерін жарылып, сүйектер ауырады.

Жоғарыда көрсетілген А дәруменінің көп мөлшерде болуының белгілері бірнеше ай немесе жылдар бойына созылуы мүмкін. Сол себепті ретиноидтары бар немесе А дәруменнің гипердозасын қабылдайтын емделу әрекеттерінен соң жүктілікті екі жылдан кейін жоспарлау керек. Бұл шарт орындалмаған жағдайда туылған баланың еңбегі ісініп, гидроцефалиясы болуы мүмкін. Нәтижесінде ақуыздың аздығынан қанның ұюы нашарлайды, сәбиде созылмалы өкпе аурулары байқалады, сонымен қатар, полидактилия (артық саусақтың, қолдың немесе аяқтың дамуы) мен тератогенез (кемтарлық) пайда болады.

А дәрумені ағзадан өте жай шығарылады. Сол себепті бұл дәруменнің мөлшеріне аса сақтықпен қарағандарыңыз дұрыс.

Яндекс.Метрика