Бала тәрбиесінде айтылмайтын тақырыптар

Кішкентай балалар сұрақ қойғыш келеді. Әрі ата-аналарынан толық қанағаттанарлық, дұрыс жауабын күтеді. Бұл – ереже. Бірақ ережелерді де бұзып тұруға тура келеді. Себебі балаға қазақи тәрбие беру үшін барлық тақырыпты бірдей ашық айта беруге болмайды. Әрқайсының өз уақыты бар. Ақша туралы. Бала ата-анасының ақшаны төсектің астынан алмайтынын білуі керек. Күн сайын бір жерден алатынын көрсе де, ол үшін алдымен сол жерге салып қою керек екенін, бірінші кезекте ол ақшаны табу үшін еңбек ету керек екенін түсіндіріңіз. Бірақ оған ешқашан ақша жетпей жатқанын, қарызға батқаныңызды айтушы болмаңыз. Ол бәрібір сізге қаржылай жағынан көмектесе алмайды. Сөз арасында қалжың ретінде де ақшадан қиыншылық көріп жатқаныңызды айтып қалудан аулақ болыңыз. Бұл кішкентай баланы терең ойға батырып жіберуі мүмкін. Ол әке-шешесінің қарыздарының кесірінен бір күні далада қалып қоямыз дегенді ойына да алмайтындай болуы тиіс. Өткен өміріңіз. Кез келген баланы өзі қайдан пайда болғаны туралы сұрақ қызықтырады. Ал баланың барлық сұрағына дұрыс жауап беремін деп, мұны ашық айтудың қажеті жоқ. Оның әкесіне (анасына) дейін неше адаммен кездескеніңізді де қозғаудың қажеті шамалы. Мұндай сұрақтарға қалжыңмен, астармен жеңіл жауап бере салыңыз. Сұрағына жауап алмай қоймай жатса, оны білу үшін әлі кішкентай екенін айтыңыз. Өткен қателіктеріңіз. Әркім өз қателігінен сабақ алады. Бала бұрыс әрекетке барса, оны өз деңгейінде жазалаңыз, сонда ол мұны екінші рет қайталамайды, яғни сабақ болады. Ал кезінде мен балалықпен осындай қадамға барған едім деп өз қателіктеріңізді балаға сабақ қылудың реті жоқ. Ондай «қызықты қадамды» мен де байқап көрейін деген ой тууы мүмкін. Бала ата-анасына қарап бой түзейді. Сізді идеал санайды. Оның санасындағы «ең жақсы адам» деген түсінікке кір келтірмеңіз.

Яндекс.Метрика