Балаңыз ерке болса не істеу керек?

Көз алдыңызға мынандай жағдайды елестетіп көріңізші: сіз жұмысқа асығыс жиналып жатырсыз, ал сіздің сүйікті балаңыз себепсізден-себепсіз еркелеп, жылап, есерлене мінез көрсете бастайды. Сіз не істеріңізді білмей, дал боласыз. Немесе бала тамақ ішуден бас тартады, айқайлайды, қасықты лақтырады, тыныштандырамын деп жасаған әрекетіңізден ешқандай нәтиже шықпайды. Кейде бала ұйықтамаймын деп те қиғылық салады. Тіпті түннің ортасында айқайлап сізді шақырады, ұйқы ойына да кіріп шықпайды. Ол сізді шыдамдылыққа тексеріп жатқан секілді. Ал сіз ұйқыңыз келіп, қалғып отырып оған бір ертегіні бірнеше рет қайталап айтып беруге мәжбүр боласыз.

Ерке бала, жылап жатқан бала, сандықтағы баланың суреті
фото: vseodetyah.com

Оған не болды? Неге мұндай мінез көрсетеді?
Бір жас пен 3-5 жас аралығында бала өмірден өзіне жаңа тәжірибе жинақтағандай қайта құру кезеңінен өте бастайды екен, яғни айналасына зер салып қарап, ақырындап түсіне бастайды, түрлі жағдайлар оның көңіл күйіне әсер етеді. Осы кезеңде бала әлемде «иә» деген сөзбен қатар «жоқ» деген сөздің бар екенін ұғынады.

Кейбір педиатр мамандар бұл жас аралығын «қыңырлықтың, еркеліктің бірінші кезеңі» деп атайды (екінші кезеңі 12-14 жас аралығында өтеді). Міне, күтпеген жерден сіздің көнбіс қызыңыз не ұлыңыз ерке, қыңыр мінез көрсете бастайды. Сіздің қандай да бір талабыңызды орындаудан бас тартады, өзін тіпті әдепсіз ұстауы да мүмкін: аяғымен жер тепкілеп жылайды, айқайлайды, қолына түскен затты лақтырады – санасында осындай әрекеттермен үлкендерге қалағанымды істетемін деген ой туындайды.

Мұндай әдепсіз әрекеттердің қарапайым себептері бар, бірақ ересек адамдар мұны бірден аңғармауы мүмкін. Оны байқау үшін уақыт керек.

Сонымен, бала неге еркелейді? Бұл сұрақтың төмендегідей бірнеше жауабы бар:
Егер баланы бірдеңе мазаласа, бір жері ауырса, қыңырланып жылайды. Бірақ өзі мұның себебін түсінбеуі мүмкін және үлкендерге түсіндіріп айтып жеткізе де алмайды. Өйткені балалар ағзасында не болып жатқанын, қай жері ауыратынын ересектер секілді дәл сезіне алмайды.

Бала өзіне айналасындағылардың назарын аударғысы келеді. Ол мұндай әдісті эгоистік мінездің (көбінесе отбасында жалғыз тәрбиеленіп жатқан немесе екінші сәби дүниеге келгенде бойында қызғаныш сезімі оянған тұңғыш бала) басымдығынан таңдауы мүмкін. Немесе оған шынымен де ересектер тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбейді.
Қыңыр мінез көрсету арқылы бала қалағанына қол жеткізе алатынын түсініп алады. Ата-анасы жұмыстан шаршап, баласы бір жағынан қыңырланып жылай бастаса, өзін мазаламасын деп көптеген ата-аналар мұндай баланың талабын орындап жатады, яғни сыйлық алып береді, бірге қыдырып келеді, т.б. Өзіне түсініксіз себептермен ата-анасы рұқсат етпейтін әрекеттердің орындалуына бала қол жеткізе алады.

Ата-анасының шексіз қамқорлығына қарсылық көрсетеді. Өзінің жеке тұлға бола бастағанын, есейгенін аңғартқысы келеді. Бұл – қалыпты жағдай. Себебі сіз ересек болған соң, ата-анасы болған соң оны үнемі басқарып отырғыңыз келеді, оны әлі кішкентай, ештеңе түсінбейді, білмейді деп ойлайсыз: «сен тек мына көйлекті киесің!», «мұны істеуге болмайды», «жан-жағыңа алақ-жұлақ қарай берме!», т.б.

Қыңырлық көрсететіндей ешқандай себеп жоқ. Бұл – жай ғана баланың өз-өзімен арпалысуы. Мүмкін оның ұйқысы қанбаған шығар? Отбасындағы кикілжің де оның көңіл күйіне әсер етуі мүмкін. Ойланып көріңіз, талдаңыз.
Ал енді әр жауапқа жеке-жеке сараптама жасап, бала тәрбиесіндегі өзгерістің себептерін байқап, оған көмектесіп көрейік.

Бала ауырып қалды
Әдетте мұндайда баланың тәбеті жоғалады, тез ашуланғыш болып келеді, себепсізден-себепсіз жылай береді (көзінен жас шықпауы да мүмкін), біресе диванға жатады, біресе жерге аунайды. Зейінді ата-аналар мұндай өзгерісті бірден байқап, әрекет жасай бастайды.

Оның маңдайына алақаныңызды тигізіп көріңіз. Сенімділік үшін ыстығын өлшеңіз, жоғары температура – ағзаның қандай да бір инфекцияны жұқтырғанының белгісі. Температурасы 38-39°С болса да, ауырғанын сезінбей, ойнап-күліп жүре беретін балалар болады.

Құлақтарың ауырмай ма деп сұрап көріңіз. Әсіресе құлақ ауруы (отит) кезінде балалар қатты мазасызданады.
Мектепке дейінгі жастағы балалардың іші жиі ауырады. Аса күйгелек, ашушаң балаларда бұл жиі байқалады.
Басы ауырады. Дені сау балаларды бұл ауру сирек мазалайды.

Балаңыздың үлкен және кіші дәретін байқаңыз. Жүрегі айнып, құсқысы келмей ме? Кіші дәретке жиі барса, қуығына немесе несеп жолдарына салқын тигізіп алуы мүмкін не бауыры ауырады. Іш өту асқорыту мүшелерінің жұмысының бұзылуынан болады. Күйгелек балалардың іші жиі қатады. Құсу да көптеген аурулардың алғашқы белгісі болуы мүмкін.
Денесінде бөрткендердің бар-жоғын қарап шығыңыз. Оның пайда болу себебі – инфекциялық аурулар мен аллергия.
Баланың ауырған-ауырмағанын тексеру әдісі өте көп. Кез келген жағдайда бір жері ауыратынына көзіңіз нақты жетсе, тезірек педиатрға қаралыңыз. Өзіндік ем жасаумен айналыспаңыз, бұл өте қауіпті.

Ауру баланың өте қыңыр, жылауық болатынына дайын болыңыз. Ауырған жаман екенін бала түсінеді: ойнап жүгіре алмайды, төсекте жатып азап шегеді. Сондықтан ата-анасы оған жақсы болсын деп ерке баласының барлық талаптарын орындауға тырысады. Оларға көп көңіл бөледі, кез келген ойыншықтарды, жеміс-жидектерді, тәттілерді сатып алып береді. Бірақ бұл қажет пе? Себебі мұны байқаған бала «ауырсам, әкем мен анам бәрін орындайды екен» деп ой түйеді де, кейде еш жері ауырмаса да ауырды деп жылайды.

Бұл – баланың мұндай әрекетін мүлдем назарға алмаңыз, аяушылық білдірмеңіз дегеніміз емес. Бірақ әрбір әрекетіңізді байқап жасаңыз, әйтпесе соңы қуантарлық жағдайға апармайды.

Жалғасы: Ерке балалармен қарым-қатынас

Comments 2

  • Ия, мақала ұнады, бірақ еркенің жолын кесу туралы тақырып, баланың емдеуіне ауысып кетті екен? Жатқан ерке, жалқау, қырсық осымен қалай күрес жүргізсек екен?

  • Бул макаланы окып шыктым,арине бала болган сон еркелейдi,онын устiне ата-анасына еркелемегенде кiмге еркелейдi?! Бырак бул макаламен мен мулдем келiспеймiн деген соз емес,десе де, уакытымен сабиiнiздi еркелеткенде турган ештене жок. Есейген сон озi-ак еркелiкти кояды. Менин кызым да тунгi 1 – 2 ге дейiн менiмен ойнагысы келедi.Кайтемiн))),ойнатамын. Ертегi айтсам,сабi болса да кызыгушылыгы аса жогары таптiштеп барын сурайды.Тiптi кейде ертегiмiз бiткен жерiнен ары карай созылып кететiнi де бар))). Десе де,кызым «акылды тентек», кiп-кiшкентай болса да барын угады.Кыз бала анасына жакын деп бекер айтылмаган гой,менiн конiлiмнiн сал тускенiн байкаса, касыма келiп менi кушактайды.Мундайда сондай бiр керемет сезiмге боленемiн.Аналык сезiм – улы сезiм! «Балалы уй-базар» деп тегiн айтылмаган. Балаларымыз дiн аман болгай!!!Амин!!!

Яндекс.Метрика