Бесік той (Бесікке салу)

Бесік той — дәстүр, отбасындағы тұңғыш нәресте дүние келгеннен кейін, қырқынан шығарылғаннан кейін жасалатын той-думан. Бесік тойда жас нәресте нағашылар жұртының әйелдері әкелген бесікке бөленеді. Бесік тойға еркектер қатыспайды.

Бесік той тек алғашқы перзенттің бесікке бөлену құрметіне жасалады. Ал бесікті алып калетін жақта «Бесік алып бару» дәстүрі бар: бесік тойға апаратын заттар мен жабдықтарды көрші-қолаңдар көреді.

Бесік той фото, Бесікке салу фотосы

Басқа жұртқа келін болып түскен қызы бірінші босанғанда, төркіні алып барады. Бесіктің жасауын қыздың анасы дайындайды, ал балаға қажетті басқа да заттарды қыздың туған-туыстары алады (заттар нәрестенің жынысына қарай әр түрлі болады). Оған қоса, бесік апарушы жақ құдағиларына берілетін киітін, зергерлік бұйымдары мен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған киітінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады. Оны «Тоғыз апару» деп те атайды. Тоғыздың ішіне бағалы киімнен бастап ұсақ заттарға дейін кіреді.

Бесік той өткізетін жақтың адамдары құдағиларын күтуге қызу дайындық жасайды. Келетін қонақтарды үлкен құрметпен қарсы алады. Өйткен олар келіндерінің төркіні әрі жаңа құдалар емес пе?! Бесік тойға жиналған қонақтар дайындалған асқа отырып, шүйіркелесе әңгімелесіп, жаңа құдағиларымен танысады. Шай ішіліп, не бір әңгімелер айтылады. Сонан соң «бесікке салу» рәсімі болады. Құдағилары алып келген бесікті ашпас бұрын сол үйдің немесе әулеттің басқа келіндері көрімдік сұрайды. Бесікті ашатын сыйлы, көп бала тәрбиелеген әрі жасы үлкен әжей көрімдігін береді. Бесікті көрінген адам аша бермейді.

Жаңа бесікке нәрестені бөлемес бұрын бесікке салушы әже бесіктің жабдықтарын орындарына қойып, шашу ретінде алып келген шайлық тәттілері мен ұсақ сыйлықтарын, ақшалай араластырып, бесіктің түбек байлайтын тесігінен өткізіп, қолын тосқан әйелдерге «тыштыма» деп үлестіріп береді. Тыштыма анасы мен әжесін «бесік тойға кетті» деп, үйлерінде күтіп отырған жас балаларға «Сендердің де ұл-қыздарыңның бесік тойларына жете берейік!» деген тілекпен беріледі.

Бесік тойға жиналған әйелдер әкелінген бесікке байғазыларын береді. Бесікке баға беріліп, «Сыйға – сый» дегендей бесік әкелушілерге киіт беріледі. Құдағилар білезік пен жүзіктерін бір-біріне сыйлайды. Бесік жыры әндері айтылып, би биленіп көңіл көтереді.

Бесік тойға келетін қонақтардың арасында еркектер болмайды. Өйткені бесік төңірегіндегі шаруалар әйел адамдарға жүктелген міндет деп қабылданған.

Қазіргі уақттағы бесік тойлардің көбі кафе, тойхана, ресторан секілді орындарда өткізіледі. Оның себебі бесік той өткізетін үйдің дайындықтары мен дуаманның әуре-сарсаңдарын жеңілдету.
фото: pr-hal.kz

Ұқсас мақалалар

Құрсақ шашу (Құрсақ той)

Бала асырап алу

Шілдехана (Шілдехана тойы)

Ашамайға мінгізу

Бесік жыры туралы

Бесіктің жабдықтары

Баланы бесікке бөлеудің артықшылықтары

Comments 4

  • Біздің батыс өңірінде бесік тойын барлық қазақтар сияқты әспеттеп жасайды. Бір айырмашылығы, келіннің төркіні бесік, жасауларын әкелмейді, тек өз тартуларын ғана әкеледі. Бесік, жасауларын сол үйдің әжелері, жақындары дайындайды. Баланы бесікке салғаннан соң, бесік үстіне сол ауылдың атақты, зиялы адамдарының киімдерін жабады. Сондай адам болып өссін деген түсінік.

  • Бұл мақаланың авторы кім. Қай жақтікі???

  • Біздің солтүстік өңірде де нағашы жұрты ешқашан бесік алып бармайды. Қалжасын, сый сияпатын, тарту таралғысын жасайды. Бізде ата әжелері келіні босанғаннан кейін бесік жасатып, төсегін,түбегін, шүмегін дайындайды. Ол бесікке келесі туған сәбилердің бөленуі міндетті болып саналады. Өйткені шаңырақтың иесі өз баласын, немере шөберелерін өз қолымен көтереді. Оған келіннің шешесін қосудың қандай қажеттігі барын түсінбеймін. Басқа жолға түсіретін осындай шала шарпы нәрселерді бар қазаққа балауға болмайды деп ойлаймын.

  • Келннин төркіні бесик және жабдыктарын алып келетін дәстүр ертеден бар , мен туғанда (биринши балмды ) , шешем қалжасын , бесигин алып келген

Яндекс.Метрика