Баланың ішінің қатуы қауіпті ме?

Емшектегі балалар арасында кездесетін аурудың түрі көп. Олардың бірі – іш қату. Іш қатқаны қандай да бір дерттің белгісі. Оған жүрдім-бардым қарауға болмайды. Аталған қиындыққа кез-келген ата-ана өмірінде кем дегенде бір рет бетпе-бет жолығады. Сондықтан, оны емдеуде дәрігер кеңесі артықтық етпейді. Тараз қалалық №2 емхананың балалар дәрігері Перуза Тәжібаева аналарға мынадай кеңес береді.

Баланың ішінің қатуы қауіпті ме?

Іш қату деген не?Жауап: Жаңа туылған сәби болсын, мектеп жасындағы бала болсын, кез-келген жаста іш қатуы мүмкін.

Өйткені, іш асқазан–ішек жолдарының дұрыс жұмыс істемеуінен ағзадағы айналым процесі бұзылады. Іш туа бітті тоқішек пен тікішектің анатомиялық кемшілігінен болуы да мүмкін. Мұны медицинада аганглиоз, тік ішек ахалазиясы деп атайды. Одан да басқа дерттің түрлері бар. Бірақ, оны тек дәрігер анықтайды. Егер баланың іші осы сырқаттардың салдарынан жүрмей жатса, онда тез арада балалар хирургына көрсеткеніңіз дұрыс. Дәрі-дәрмекпен дерттің бетін қайтара алса, жақсы, қайтара алмаса, хирургиялық жолмен ота жасау қажет. Ал, егер мұндай кемшілігі жоқ бола тұра, іш қатса, ең алдымен баланың жеген асын дұрыстаған жөн. Ал, жас балалар арасында жиі кездесетін себебі – олардың асқазан, ішек жолдары әлі ересектер секілді қалыптаспаған. Кейде балалардың ағзасына келіп түсіп жатқан тағам түрлерін жеткілікті деңгейде қорыта алмай, асқазан қалыпты жұмысынан ауытқуы мүмкін.

Балалар арасында ол неге жиі кездеседі?
Жауап: Емшектегі балалардың асқазан, ішек жолдарының дұрыс жұмыс істеуіне басты себепші – ас. Қазақ – ауру – астан, емі де – астан деп бекер айтпаған ғой. Сондықтан, балаңыздың іші қатса, ең алдымен жеген тамағын дұрыстаңыз. 6 айға дейі ана сүтімен қоректенген нәрестенің іші қата бермейді. Өйткені, бірқалыпты ана сүті баланың бойын енген қырық аурумен күресе алады. Ал, ботқа, шырын, ірімшіктерді кейінірек берсеңіз де, ұтылмайсыз. Ал, егер қосымша тағаммен тамақтанса, оны өзге түрлерімен алмастыра бермеңіз. Тәжірибе жасамаңыз. Өте нәзік, әлсіз асқазан «тәжірибелерді» қабылдауға дайын бола бермейді. Осының салдары асқазан дисфункциясына, қарапайым тілмен айтқанда іштің қатуына алып келеді.

Ал ересектеу балалар арасында да іштің қатуының себебі – дұрыс тамақтанбау. Олардың ішек жұмыстары қалыпты жұмыс істеуі үшін ас мәзіріні өзгертіп отырыңыз. Күнделікті езбе (пюре), ботқа жегізе бермей, сұйық тамақтарды көбірек тұтынғаны дұрыс. Тәтті шоколад, ұннан жасалған тағамдарды аса көп жегізбеңіз. Олар асқазан жұмысын баяулатып, астың қорытылуын қиындатады. Одан кейін, қимыл-қозғалыстың көп болуы шарт. Өйткені, уақытының көп бөлігін компьютер алдында өткізетін балалардың ішке түскен асы қорытылмай қалады. Күнделікті режимін дұрыс ұйымдастыру – маңызды фактор.

Кез-келген жан түбін аңдай бермейтін тағы бір себебі бар. Жүктілік кезінде анасының гормональды дәрілерді қолдануы, түсіктің белгілері, токсикоз, инфекциялық аурулар, алкогольді ішімдіктерді ішу, темекі шегу де бала ішегінің дисбактериозына алып барады. Кесерова тілігі арқылы босану мен шала туылғандығын да ұмытпау керек.

Балалардың асқорыту жүйелері қалыпты жағдайда екендігін қалай білуге болады?
Жауап:Оны дәретке отыруынан біле аласыз. Жаңа туылған сәби күніне неше рет ана сүтін емсе, сонша рет үлкен дәретке отырады. Ал, екі-үй айға толғанда бір күнде 2-3 рет қалыпты болып саналады. 1 жасқа толмаған балалар бір тәулік бойы дәретке отырмаса, іш жұмысы бұзылды деуге болады. Оған қоса, алты айға толмаған баланың дәреті қатты болып келуі де алаңдаушылық туғызу керек. Өйткені, балалардың үлкен дәреті сұйық та, қатты да емес ботқа түрінде болса, қалыпты деп есептелінеді. Ересектеу, яғни мектеп жасындағы балалар өздігінен дәретханаға бара алады. Дегенмен, ішін босатқан сәтте, қатты күшеніп, я ауырсынып, жыласа да ол ем-дом жасау қажеттігінің белгісі. 6-7 жастан бастап дені сау балалар күніне кем дегенде бір рет, әйтпесе, 2-3 ретке дейін үлкен дәретке отырады.

Баланың ішінің қатуына әсер ететін өзге де факторлар бар ма?
Жауап: Бар. Мысалы, психо-эмоционалды әсерлер. Ата-анасының қатал жазасынан қорқу, мектептегі, балабақшадағы достарымен арақатынасында қандай да бір жағдайдың орын алуы, жақын адамдардан айырылу, ата-анасының ажырасуы секілді кез-келген оқиға бала санасына кері әсер етеді. Іштің қатуының себебі осында жатуы мүмкін. Мәселен, баланың тамағы ауырып, сіз оған түрлі дәрі-дәрмектерді бере бастадыңыз. Бірақ, дәріні шамадан тыс көп ішкізген болсаңыз да, ол ішті жүргізбей тастайды. Сондықтан дәрігермен ақылдасқан жөн.

Іштің қатуын қалай емдеуге болады?
Жауап: Балардың іші қатса, мына кеңестерді есте сақтаңыз:

  • Емшектегі баланы кем дегенде 1,5 жасқа дейін емізіңіз.
  • Іші жиі қататын бүлдіршіндерге банан, қара өрік, өзге де жеміс-жидектердің шырынын, езбесін, қайнатпасын беруге болады. Бірақ, тек 4-4,5 айдан соң ғана.
  • Алғаш бергелі отырған тамағыңызды аз-аздан ғана дәм татқызыңыз. Өйткені, оның ағзасы түрлі «таныс емес» тағамдарды қабылдауға дайын бола бермейтіндіктен, іш жүрмей қалып не болмаса, кеірісінше, іші өтуі мүмкін.
  • Сұйықтықты жиі ішкізіңіз. Сұйықтық асқазандағы астың тез сіңуіне әрі асқазанның қалыпты жұмыс істеуіне себепкер болады.
  • 6 айға толмаған баланың іші қатса, ақырын ғана массаж жасап көруге болады. Ол үшін шалқасынан жатқызып, ішін сағат тіліне қарама-қарсы бағытта сипаңыз. 3-5 минутқа дейін жасалған массаж баланың ішкі жұмысын ретке келтіруге көмектеседі. Одан кейін, екі аяғынан ұстап, жай ғана ішіне қарай бүгіңіз. Ішімен жатқызуға да болады. Бірақ, бұл қалыпта ұзақ ұстамаңыз. Іші мен мойны ауырып кетуі мүмкін.
  • Егер бұл аталған іс-әрекеттер нәтижесіз болса, сабынның кішкен ғана бөлігін алып, құйрығына енізуге болады. Ол үлкен дәреттің жолын жұмсартып, ауыртпай шығуға көмектеседі. Немесе вазелин мен балалар кремін алып артқы тесігін майлаңыз.
  • Сіздің тарапыңыздан жасалатын соңғы әрекет деуге болар, мұнан соң жылы қайнаған сумен клизма жасаңыз.
  • Іші әлде де жүрмесе, ертерек дәрігерге барыңыз. Өздігіңізден дәрі бермеңіз. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, іштің қатуы ішек жолындағы туа бітті кемшілік салдарынан да болады.
  • Ересектеу балалар суды көп ішіп және жеміс-жидекті, ірі ұнтақты ұннан пісірілген нанды, бидай талқанын, арпа, сәбіз, қызылша, мейіз, жаңғақты, асқабақ және күнбағыс шемішкелерін кебірек жеу қажет, бұл тағамдардың әсері іш жүргізетін дәрі-дәрмектен артық болмаса, кем емес. Ішек жолдары қатпас үшін тамақтану ережесін бұлжытпай сақтауын қадағалаңыз. Қайнатылған, қуырылған астан гөрі табиғи жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін жиі тұтынуын қадағалаңыз. Одан кейін бір орында тапжылмай отырмас үшін спортпен айналысқаны дұрыс. Тіпті, күнделікті ұйқыға жатар алдында жаяу жүріп серуендеуге дағдыландыру – іштің қатуына қарсы жақсы тәсіл.

фото: pottytrainingpower.com

Ұқсас мақалалар

Балам жиі ауырады. Неге?

Гипертермия

Балалар арасындағы тершеңдік

Дене қызуы: себебі, салдары, қызуды төмендету амалдары

Яндекс.Метрика