Ажырасудың балаңызға тигізер әсері

ҚР Статистикалық агенттігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда 2010 жылы елімізде 144 357 отбасы заңды түрде үйленсе, оның 40 982-ң некесі бұзылған. Бұл әрбір тіркелген төртінші некенің соңы ажырасумен аяқталады деген сөз. Әсіресе, менталитеті батыстанып бара жатқан Солтүстік өңірлерде әрбір үшінші неке бұзылса, оңтүстіктегі ахуал да оңып тұрған жоқ. Ондағы әрбір алтыншы некеге тұрғандар айырылысып тынады екен. Әрбірінің себептері бар. Бірі – тұрмыстық жағдайды алға тартса, енді бірі мінездерінің сәйкес келмейтіндіктерін айтқан. Не десек те, ажырасудың аты – ажырасу. Одан қоғамға да, адамға да келіп жатқан пайда шамалы. Басқасын айтпағанда, екі ортада шырылдап бала қалады. Оған ата-анасының екі жаққа бөлініп кеткендігі оңайға тимесі анық. Ажырасу баланың психикасына салмақ салады.Әр бала мінезіне сай екі жаққа бөлінуін түрліше қабылдауы мүмкін. Кейбірі қасақана теріс жолға түседі, қылмысқа ұрынуы да ғажап емес. Бұл балаңыздың «кек алудағы» бір тәсілі десек те болар. Керісінше, сирек болса да күнделікті кикілжің мен ұрыс-керістен шаршағандықтан бұл амалдың дұрыстығын құптайтын балалар да табылады. Ол, айтып өткеніміздей, баланың мінезі мен айналада болып жатқан өзгерістерді қабылдауына байланысты.
Ажырасудың балаңызға тигізер әсері, АжырасуӘке немесе шеше отбасын тастап кетсе, жанұядағы тәртіпті (ол, әрине, бұрын қалыптасқан болса) түбегейлі өзгертуге тура келеді. Бір немесе бірнеше баламен жалғыз қалған ана оларды асырау үшін қосымша табыс көзін іздеп кетеді. Бала тәрбиесі екінші орынға ысырылатыны анық. Осы ретте, күні-түні жалғыз қалған бала бетімен кететіндігін жасыра алмаймыз. Оған қоса, ата-анасына деген «өкпесі» оның қандай жағдайға ұрындыратыны беймәлім.

Сүйеушісі, асыраушысы болған ерінің тастап кетуі де әйелге психологиялық тұрғыдан оңайға тимейді. Күйеуіне деген реніші әке мен баланың ортасын ажыратуға итермелейді. Өйткені, «бірге тұрғанда әке болып жарытпаған ол кейін де балаға дұрыс тәрбие беріп қырқ қылмасы анық» деп есептейді. Сөйтіп, өзіндік тәкаппарлық пен жалған намыс отбасын ойрандап қана қоймайды, ұл-қызының ішкі дүниесімен есептесуге мүмкіндік бермейді. Бірақ, қандай жағдай болмасын (мейлі, ішкіш болсын, мейлі, тасжүрек болсын) әкенің аты – ӘКЕ, ананың аты – АНА. Әке де, шеше де өз еркімен бас тартпаған жағдайда балаларымен кездесіп тұруға заң жүзінде рұқсат берілген.

Отбасылық ахуал тұйыққа тіреліп, ажырасудан басқа амал қалмаған жағдайда ортада бала болса, мынаны жадыңыздан шығармаңыз:

  • «Ол әлі кішкентай, түсіне бермейді» демеңіз. Ересек адамдарша сөйлесіп, мән-жайды ұғындырыңыз. Ата-анасын бірдей жақсы көретіндіктен оған таңдау қиынға түседі.
  • Бүлдіршін ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс-керістің куәгері болған жағдайда оның көзінше ауыр сөздер айтпаңыздар! Бір-біріңізді жазғырып, кінәламаңыздар! Сіз үшін екінші жартыңыз болған адам жер бетіндегі ең оңбаған болып көрінгенімен бала үшін одан артық адам жоқ. Сондықтан, сүйікті адамы туралы жағымсыз пікірлерді естіртудің қажеті шамалы.
  • Ажырасқаннан кейін әкесінің немесе шешесінің заттарын лақтырып, өртеп, көзін құртуға тырыспаңыз. Керісінше, бірге түскен суреттерін қабырғаға іліп қойыңыз. Одан сіздің алыстамағаныңызды, керісінше қай уақытта да қасында болатыныңызға сенімді болады.
  • Кеткен әкесінің немесе шешесінің кішкентай баласын өте қатты жақсы көретіндігін жиі-жиі еске салып отырыңыз.

Ең соңында айтарымыз, ажырасуға дейін бармай-ақ қойыңыздар. Осындай ауыр сатыдан өтуге тура келетін балаңыз үшін қаншама ауыр болса да екінші жартыңызды кешіре біліңіз. Өзіңіз де көп кешікпей-ақ, асыққан шайтанның ісі екендігіне көз жеткізесіз.

Comments 7

  • Мен осы «кездесіп тұру» дегенді түсінбеймін..
    балаға күш жігерін салып, оны тәрбиелеу ісіне, жол сілтеп, жөн үйрету ісіне толыққанды араласпаса, кеткен әкенің баламен «кездесіп тұрғанынан» не пайда?
    Бұл жерде ананың тәкаппарлығы мен жалған намысы емес, әділеттілік тұрғысынан қараған дұрыс болар.
    Бірнеше баласын асыраймын деп, күн түн бел жазбай жұмыс істейтін ана, баланың әр кездегі қилы мінезіне көніп, бар жауапкершілікті көтеретін, ши шықса жазаға тартылатын, сөгіс есттитін ана да, ал айына бір рет бір тал кәмпитін алып келіп, баласын бір иіскеп кететін әкеде қандай жауапкершілік бар?

  • Бала үшін мен сонда күйеуімнен таяқ жеп, әрі қарай неше түрлі сөз айта беруіне көнуім керек пе? Ол жаман сөздерінің, істерінің барлығын балалардың көзінше айтады, істейді. Сонда не балалар үшін шыдауым керек ия?! Адамды жазғырып, қуырып, асатын адамдар болады. Күйеуімнің тепкісін көріп, қартайғанданда ауру болып түсінгенін қажет етпеймін. Қазір , менің ойымша еркектер ұсақталып кетті. Әйеліне күшін көрсетіп, еркек екенін әйеліне дәлелдейтін ер адамдарды кісі санамаймын. Және олардан тезірек ажырасу қажет. Ажырасудың дұрыс емес екенін мен де білемін, діни кітатардан оқығанмын. Амалым құрыды. Бірнеше рет қосылып, бірнеше рет ажырастық. Енді заң жүзінше ғана жүремін. Ал,балаларымның психикасының бұзылғанын қаламаймын. Ертең ол өзінің отбасына соны істемейтініне кім кепіл бере алады. Менің екі ұлымның өмірде әйел-ананы сыйлап бақытты өмір сүруіне барлық жағдай жасаймын.

  • Әрине, бұндай қиыншылықты басынан өткізбеген адамға ақыл жазу оңай шығар. Ерлі-зайыптылардың арасында болатын келеңсіз жағдайлардың куәсі болған баланың қандай азамат болып өсерін кім біледі ? Сондықтан, уакытында осы шешімді қабылдап заң жүзінде ажырасып кеткеніме әлі күнге деин тәуба деймін. Дұрыс емес дейтіндер көп, әрине. Алайда, қызымыз екеуміздің еңсеміз көтеріліп, адам қатарына қосылғанымыз анық.

  • қазіргі заманның еркектері шынымен ұсақталып кетті. әсіресе өсек аяңға өте жақын. мен де бала үшін деп барлығына шыдап ажыраспай журуге қарсымын. отбасына туыстары мен әке шешесі араласып отбасын солар басқарып отыруына мүлдем қарсымын. менін отбасым солай күйеуім шешесі мен туыстарының айтқанынан шығалмай отбасын бұзуға барып отыр. күнде айқай шу ұрыс керіс болған үйден бала қандай тарбие алады? наборот ажырасқан 1000 есе артық бала үшін де ана үшін де.

  • Менде бала ушін отбасын сактау керек дегенді куптаймын арине.Бирак әкесі бала тарбиесіне көңіл бөлмесе кара басының камын ойлап бос уакытын баска айелдермен өткізгенді ұнататын акенін барынан жогы жаксы емеспе. Менің 4балам бар.Жолдасым екеуміз кунде урысып керісіп отырамыз.Себебі куйеуимнін баска айелмен коніл косып жургенине 2.5 жыл болды.Айтканынын бари отирик уйден шгып кетудин амалын тауып отрады.осы уакытка дейін балдар ушін деп шыдап келе жатрмын. Өзінің әйелін адам есебіне санамаган еркектін не керегі бар.Менің ойым айырлсып балдармен тыныш өмір суру.

Яндекс.Метрика