Бала, ұрпақ, перзент туралы мақал-мәтелдер (Екінші бөлім)

Қазақ халқының бала, ұрпақ, перзент, ұл, қыз туралы мақал-мәтелдері (Екінші бөлім)
***
Балаға пышақ бермесе, бір жылар,
Пышақ берсең, екі жылар.
***
Бала соққан кездіктің басы жарық.
***
Баланың ұяты – әкеге,
Қыздың ұяты – шешеге.
***
Бала ханнан үлкен, ашамай нардан үлкен.
***
Балалық шағы – ханның тағы.
***
Болар елдің баласы он бесінде «Баспын» дер,
Болмас елдің баласы отыз бесте «Жаспын» дер.
***
Бойың жетсе де, ойың жеткен жоқ.
***
Есер баладан ерке бала жаман.
***
Бойдақты ұлым бар деме,
Бұқаны малым бар деме.
***
Боранды күні бала құтырар,
Желді күні ит құтырар.
***
Емшек бермесе де, емізік берген ана бар,
Бақпасаң да, басыңды сүйер бала бар.
***
Ер бала ата-анаға таяу,
Қыз бала үйге жаққан бояу.
***
Ер бала он бесте отау иесі.
***
Еркенің көзі кеппес, жорғаның тері кеппес.
***
Еркенің көзі жасты, етегін бұзау басты.
***
Ер ұғыл (ұл) тап, еркеленіп жат.
***
Жалғыз баласы атқа шапса, анасы үйінде отырып тақымын қысар.
***
Жақсы бала еліне бас болады,
Жаман бала еліне қас болады.
***
Жақсы ұл – көңіл тоғы,
Жаман ұл – мұрын боғы.
***
Өзі жығылған бала жыламайды.
***
Тайдың мінгені білінбес, баланың істегені білінбес.
***
Кіші баланың ұятын үлкен бала көтереді.
***
Күнсіз гүл өспес,
Күтусіз ұл өспес.
***
Қазанға жақын жүрме, күйесі жұғады,
Балаға жақын жүрме, бәлесі жұғады.
***
Жақсы бала – сүйік,
Жаман бала – күйік.
***
Жаман да болса ұрпақ қалсын,
Өз орнында отың жансын.
***
Баланың сөзі батпандай,
Келіннің сөзі кетпендей.
***
Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады.
***
Жалғыз ұлы бар кісінің шығар-шықпас жаны бар,
Екі ұлы бар кісінің өкпе-бауыр, жалы бар,
Үш ұлы бар кісінің бұқарада малы бар, қорасында қолы бар,
Төрт ұлы бар кісінің аспаннан салған жолы бар.
***
Жыламаған балаға емшек бермейді.
***
Жылауық болса да, баланың бары жақсы,
Бақырауық болса да, түйенің бары жақсы.
***
Жылайтын баланың үш күн бұрын көзі қышиды.
***
Жылайын деген бала әкесінің сақалымен ойнайды.
***
Жауатын күн – ыстық, болатын бала – пысық.
***
Итпен ойнасаң, үрерсің,
Баламен ойнасаң, күлерсің.
***
Іштен шыққан шұбар жылан.
***
Кісі болар баланы кісісінен танимын.
***
Кекшіл бала – дықшыл.
***
Көңілсізден көзсіз бала туар.
***
Ұлың көңілшек болса, атының соры,
Қызың көңілшек болса, басының соры.
***
Күтсең ата-анаңды, кешірер атаң қатеңді,
«Алғыс алған адам» деп, халық алар батаңды.
***
Күлшелі бала – сүйкімді.
***
Қараның баласына қазан мен сөз керек.
***
Қарағайға қарап тал өсер,
Қатарына қарап бала өсер.
***
Қошқар болар қозының маңдай алды дөң болар,
Адам болар жігіттің етек-жеңі кең болар.
***

Ұқсас мақалалар

Бала, ұрпақ, перзент туралы мақал-мәтелдер (Бірінші бөлім)