Балалар арасындағы тершеңдік

Балалар арасында тершеңдік жиі кездеседі. Сәби ұйқыда жатқанда малшынып терлейтіндіктен ұйқысы бұзылып жатады. Мұны ата-аналар түрлі себепке балайды. Дәрігер не дейді екен? Тараз қалалық №2 емхананың жоғары санатты дәрігер-педиатры Шолпан Пралиева жауап береді.
Тершеңдік, терлеу
Тер деген не? Оның басты белгілері қандай?
Жауап: Тер – ағзаның зат алмасу процесінің бірі десек қателеспеспіз. Кез-келген адам терлейді. Бала да дүниеге келген соң 3-4 аптадан кейін тер бездері жетіле бастайды.
Балалар ересектерге қарағанда жиі терлейді. Өйткені, сәби ағзасы ересектердікіне қарағанда қалыпқа әлі түсе қоймаған. Тер бездері де солай. Тері астының клетчаткасында тері бездері орналасады. Олардың өзегі терінің сыртына кішкене саңылау түрінде ашылады.Тер бездері алақан, маңдай, қас, мойын, арқа, шаш терісінде көбірек болады. Ересек адамның тер бездері арқылы күніне ағзадан 900 мл-ге дейін сұйықтық шығарылады. Бала ағзасы өзгерек. 4 жасқа дейін олар өте аз терлейді. Өйткені, тердің шығуын реттеп отыратын жүйке жүйелері әлі бір қалыпқа түсе қоймаған. Тек 5-6 жас аралығында ғана толық жетіле бастайды.

Кейде жас балалардың шамадан тыс терлейтіндігін байқаймыз. Оның себебі неде?

Жауап: Айтып өткенімдей, кішкентай баланың жүйке жүйелері әлі де жетілмегендіктен ағзаны шамадан тыс қызып кетуден сақтайтын бірден-бір амал – терлеу. Бұл да бір адам жаратылысының ерекшелігі. Сондықтан, ата-ана баласының терлегеніне қарап байбалам салудың қажеті жоқ. Ал, егер, шамадан тыс терлейтіндігін аңғарса, онда себеп басқада болуы мүмкін. Мысалға алар болсақ, өте қалың, ауа өткізбейтін киім кигізу немесе үстіне таза, жұмсақ мақта емес, синтетикалық мареиалдардан тігілген көрпе жабылса да терлеу процесі жылдам жүре бастайды. Салдарынан ұйқыда жатқан бала шошып оянып, ұйқысы бұзылуы да мүмкін. Екінші себеп, ауру. Ағзасы дертке ұшыраған бала да шамадан тыс терлейді. Дерт меңдеген ағзасы әлсірегендіктен, жиі-жиі сұйық шыға бастайды. Жоғары көтерілген дене қызуы да тердің себепшісі. Кейде қатты жылағаннан да, денесі терге малшынуы мүмкін. Д дәруменінің жетіспеушілігінен де тершеңдік байқалады. Ал, егер балаңыздың дені сау болса, тердің басты себебі біреу-ақ – шамадан тыс қозғалыс.Өсу қарқыны өте жылдам жүруде. Ол үшін уайымдамаңыз.

Кейде, әсіресе, бірнеше айлық балалардың терісі қызарып кететіні бар. Ол осы терлеумен байланысты емес пе?

Жауап: Ия, тердің шығуымен байланысты. Нәрестенің денесінің қызуы көтерілген кезде тер бездері түскен салмақты реттеуге әлі де шамасы жетпейтіндіктен майда қан тамырлары кеңейе бастайды. Оны нәзік сәби денесінің қызаруынан байқаймыз.Тіпті, қолтық астына, шабына, мойнына қызыл бөртпелер шыға бастайды.

Бала терлемес үшін не істеу қажет?

Жауап: Өсіп-жетілгенше баланың әрбір бойындағы өзгеріске ата-ана жауапты. Сондықтан, «адам болған соң терлейді де» деп қол сілтей салуға болмайды. Онымен, күресу қажет. Әрине, мен қалыпты жағдайдағы терлеуді айтып отырғаным жоқ. Шектен тыс синтетикалық, ауа өткізбейтін қалың киімдермен қымтай берген дұрыс емес. Басындағы бас киімінен бастап аяғындағы аяқ киіміне дейін табиғи мақта-матадан болғаны жөн. Бөлме температурасына да мән беріңіз. Ең қолайлы деп +20 саналады. Жиі-жиі желдетіп отырыңыз. Жаз айы болса, ашық терезе астына жатқыза беруге болады. Өзге салқын мезгілде басқа бөлмеге ауыстырғаннан кейін ғана терезені ашыңыз.

Денесін майлы креммен сылағаннан гөрі, құрамында суы барын қолданыңыз. Тіпті, кремнің орнына қызарған аймақтарға арнайы балалар ақ ұнтағын (присыпка) сепсеңіз де болады. Денесін әрдайым таза ұстаңыз. Ол үшін жиі-жиі шомылдырып тұрыңыз. Ондай мүмкіндік болмай қалып жатса, жиі тер шығатын аймақтарды өте аз мөлшерде калий перманганаты (ауызекі тілде марганцовка дейміз) қосылған жылы суға малынған жұмсақ дәкемен немесе мақтамен сүртіп тұрыңыз. Итошаған, түймедақ шөптерінің тұнбасымен шайындырсаңыз да құба-құп. Бұлар да қажетсіз термен күресте таптырмайтын көмекшілер.

Бала тершеңдігіне тұқым қуалаушылықтың әсері бола ма?

Жауап: Болады. Ата-анасының бірі табиғатынан тершең болса, баласына да берілуі мүмкін. Дегенмен, жастайынан онымен күресті бастаса, емдеп-жазуға болады. Өйткені, дер кезінде қолға алынбаса, уақыт өте келе, яғни бала есейе келе аяқтың, қолтықтың астынан әрдайым жағымсыз иістің шығып тұруына апарып соғады.

Тершеңдік дәрігерге жүгінудің себебі бола ала ма?

Жауап: Үйде аналар тердің себебін анықтауға тырысып, онымен күресуі қажет. Денесіндегі майда қызыл бөртпелер 2-3 күнге дейін жазылмай, керісінше, түсі өзгере бастаса, дәрігерге міндетті түрде барыңыз. Өйткені, бөртпелерге инфекция түсуі мүмкін. Ондай кезде тек арнайы дәрілермен емдеуге кірісеміз. Тағы да қайталап айтқым келеді: бала бойындағы кез-келген дертке біз, үлкендер жауапты болғандықтан, алдын-алыңыздар, кешіктірмеңіздер.

фото: babyblog.newlifehotels.com

Ұқсас мақалалар

Гипертермия

Баланың ішінің қатуы қауіпті ме?

Балам жиі ауырады. Неге?

Балалардағы ұйқысыздық. Онымен қалай күресеміз?

Яндекс.Метрика