Тар жамбас жағдайындағы жүктілік және босану

Жамбас сүйегінің кіші (тар) болуы жүктілік пен босану кезінде біршама қиындықтар тудырады. Табиғи жолмен босану мүмкін болмағанда, кесар тілігі арқылы босануға тура келеді.

Тар жамбас ұғымының екі түрлі мағынасы бар:

анатомиялық тар жамбас — жамбас сүйегінің сыртқы пішінінің кішкентай болуы;

клиникалық тар жамбас — жатырдағы сәби басының әйелдің жамбас қуысындағы тесіктен үлкен болуы;

Тар жамбас кезіндегі босану ұрық маңы суының (амниотикалық сұйықтық) ерте төгілуі, босану қызметінің кемшіліктері, шарананың ерте ажырауы, шарананың туылу және ерте босану кезеңінде қан кету, ана мен баланың босану кезіндегі ауыр жарақаты, сонымен қатар, босанудан кейінгі іріңді қабынбалы аурулардың жоғары жиілікте болуымен сипатталады. Бұндай жағдайдағы босануды рациональді жүргізу акушерлік іс-тәжірибеде қиын бөлімдердің бірі болып саналады.

Тар жамбастың пайда болуына мынадай жағдайлар себеп болады:

жас кезіндегі рахит ауруы;

омыртқа, сүйек-буын аурулары, жарақаттары;

жиі және созылмалы аурулар;

жыныстық жетілу кезіндегі (пубертат) эмоционалды күш түсіру;

дұрыс тамақтанбау;

 

Тар жамбас жағдайында босану

Жамбасы тар немесе тарылған әйелдің жүктілігінің соңғы апталарында жатырдағы сәби басының кіші жамбас қуысына тұрақты орналаспауынан жатыр түбі жоғары тұрады, нәрестенің жатыр ішіндегі қозғалысы артып, дұрыс жатпай, қағанақ суы мезгілінен бұрын кетуі мүмкін. Босанудың бірінші және екінші кезеңдері ұзаққа созылып, мынандай асқынулар байқалады:

  • қағанақ суының алдын ала немесе ерте кетуі;
  • кіндік қынапқа түсіп, нәрестенің тұншығуы;
  • толғақтың әлсіреуі;
  • жатыр мен жатыр мойнының жарақаттануы, жыртылуы;
  • нәрестенің туыт жолдарында жарақаттануы.

Тар жамбасты акушер-гинеколог мамандар арнайы өлшем әдістерімен анықтап, қажет жағдайда кесар тілігі арқылы босандырады.

Яндекс.Метрика