Тәй-тәй, балапаным, келе ғой!

Сәбиіңіздің аттаған алғашқы қадамдары – жаңа өмірге басқан қадамы. Бұл – ата-ана үшін үлкен қуаныш, айтып жеткізе алмайтын бақыт.

Қашан?
Бұл сұрақ көптеген ата-аналарды мазалайтыны белгілі. Кейде сәбиі тым белсенді болса, ата-аналар ерте жүріп кеткендігіне уайымдай бастайды (бұл баланың әлі қатаймаған аяқтарына зиян болуы мүмкін деп ойлайды). Ал кейбірі керісінше, сәбиінің тез қадам басқанын қалайды, уақыт өткен сайын неге жүрмейді деп мазасы кетеді. Педиатр мамандардың айтуынша, әр баланың даму ерекшелігі әртүрлі: біреуі ерте, біреуі кеш дегендей. Бірі 10 айлығында алғашқы қадамын басуға талпынып жатса, бірі – туылған күніне қарсы, енді бірі одан да кешірек бастайды.

Алғашқы қадам, Первые шаги
фото: detki.kz

Өзінің алғашқы қадамын басар кезде бала физиологиялық және эмоционалдық жағынан дайындықтан өтуі керек. Асықтырудың да, «тежеудің» де қажеті жоқ. Көршіңіздің сәбиі 10 айлығынан бастап жүріп кетсе, ал сіздің балаңыз 1 жасқа толса да, әлі жүрмесе, уайымдамаңыз. Алайда, егер 14 айдан асып кетсе, онда дәрігер маманнан (невролог пен ортопед) кеңес алуыңыз керек.
Балаңыздың даму ерекшелігі көптеген факторларға байланысты: мінез-құлқына, темпераментіне, тұқымқуалаушылығына, денсаулық жағдайына, тіпті салмағына да. . . 8-10 айлығынан бастап-ақ бала (кейде одан бірнеше апта ерте не кеш) төсекке сүйеніп, екі аяғына тұра бастайды, кейін анасының саусақтарынан қатты ұстап алып, бөлмені шарлап жүреді. Алайда, анасының саусақтарынан ұстап жүрген қадамдарынан өз бетімен жасаған қадамдарына дейін бірнеше апта өтуі мүмкін.

Қалай?
Сәбиіңіз өз бетімен жасаған алғашқы қадамынан кейде құлап (денесінің тепе-теңдігін сақтай алмай), басын ұрып, денесін ауыртып алуы мүмкін, сөйтіп кейбірі жүруге деген ынтасы мен қызығушылығын жоғалтады (кейде қатты ауырып қалса да байқалады).

Дегенмен, сәбиіңіздің алғашқы қадамдарын жасауға дайындығын қалай аңғаруға болады? Егер ол ешкімнің көмегінсіз, сүйемелдеуінсіз (анасының саусақтарына, төсекке, орындыққа), екі аяғында 20 секундтай өзі тұра алса, онда алғашқы қадамдарын жасауға аз қалды деген сөз. Арасында өзіңіз де демеп, мақтап, ынтасы мен қызығушылығын оятып қойыңыз. Өзіңіз сәл алысырақ тұрып, сәбиіңізді «келе ғой» деп шақырыңыз. Сізге өзі жүріп жетсе, мақтап қойыңыз.

Алғашқы қадам, Первые шаги ребенка
фото: namewoman.ru

Мынаны білуіңіз керек:

  • Өз бетімен жасаған алғашқы қадамдарынан бала міндетті түрде құлап, соққы алады. Балаңыз үшін қатты қобалжымаңыз, әйтпесе ол жүруді қауіпті нәрсе деп қабылдап (ол анасының қабағын түсінеді, дауыс ырғағын да сезеді), талпынысын басып тастауы мүмкін.
  • Егер бала өздігінен тегіс жерге құласа, зардап шекпейді. Бұл жағдайда оған айналасындағы заттар қауіп тудыруы мүмкін: орындықтың не үстелдің бұрышы, есіктің жақтауында тұрған үлкен құмыра, т.б. Сондықтан айналасын қауіпсіздендіруге тырысыңыз: үстел мен орындықтың бұрыштарын орап, есіктерді тіреп, розеткаларға бітеуіш бекітіп қойыңыз.
  • Алғашқы қадам балаңыз жүріп кетті деген сөз емес, бұл әрекетті толықтай игеру үшін бірнеше апта уақыт кетеді.
  • Алғашқы кезде баланың жүрісі қызық болып көрінуі мүмкін, ересектердікіне мүлдем ұқсамайды. Көбіне 1 жасар сәбилер табанын сыртқа қарай айналдырып, жүргенде аяқтарымен кең адымдап, тізесін сәл бүгіп жүреді. Оған қоса, денесінің тепе-теңдігін сақтау үшін көмек ретінде, екі қолын алға қарай созады (құлап қалған жағдайда қорғанған сияқты). Ал 3-4 жасар балалар ағашаяқта жүрген сияқты, тізесінің бұлшықеттерін бүкпейді, жүрісі ересектердікіне ұқсай бастайды.
  • Сәбиіңіз жүре бастағаннан соң, түрлі ауытқушылықтардың алдын-алу үшін (майтабандылық пен аяқтарының қисаюы) оны ортопед маманға жиі көрсетіп отыру қажет. Ол сізге алғашқы аяқ киімдері туралы да кеңес беруі мүмкін.

Қазақ халқы ырымдап, «Тұсау кесер» рәсімін де жасайды. Баланың тұсауын екі аяғына жіп немесе кішкентай жіңішке арқан байлап, сыйлы, үлкен кісіге кестірген. Бұл – сол адамға ұқсасын дегені. Ол сәбиге батасын береді. Артынан әжелер шашу шашып, сәбилерінің алғаш басқан қадамдарына «құтты болсын» айтады.

Ұқсас мақалалар

Майтабандық

Балаға аяқкиім таңдау

Яндекс.Метрика