Жыныстық қатынас (сұрақ-жауап)

Жүктілік кезіндегі жыныстық қатынас тақырыбы әйелді де, еркекті де алаңдатады, ойландырады, түрлі күмәндар тудырады. Асылында, көптеген жұбайлар үшін жүктілік кезінде жыныстық қатынас жасаудан қорқудың қажеті жоқ.

Жүктілік кезіндегі жыныстық қатынас жасауға (жақындасуға) бола ма?

Әрине, болады. Қалыпты жүріп жатқан жүктілік кезінде жыныстық қатынас ешқандай кері әсер бермейді. Жүктілік кезіндегі жыныстық қатынас туралы мына жерден толығырақ оқи аласыз.

Аяғы ауыр әйел үшін төсек қатынасында қандай күй (поза) тиімді?

Ол жағы, алдымен, жүктіліктің қай уақытында екендігіне қарай анықталады. Дәлірек айтсақ, жүктіліктің алғашқы айларында ішіңіз шықпайды. Демек, ол кезде басқа, кейін ішіңіз шыққанда басқа позалар тиімді болады. Тиімді күй дегеніміз сіздің және жолдасыңыздың көңілінен шығатын, сіз үшін көп күш жұмсауды қажет етпейтін күй.

Жүктілік басталғалы жыныстық қатынасқа деген қызығушылығым жоғалды. Себебі неде? Қалыпты жағдай ма?

Аяғы ауырлағандардың арасында көбі жүктіліктің алғашқы апталарында жыныстық қатынасқа деген құлшыныстары мен ынталарын жоғалтады. Ол уайымдайтын мәселе емес. Жүкті әйелдің бойында гормондық өзгерістер болатындықтан, төсек қатынасына әрқашан «тәбет» бола бермейді. Егер сол үшін жолдасыңыз қабағын түйіп жүрсе, жағдайды түсіндіріңіз. Аз уақыт сабыр етсін.

Жыныстық қатынасқа байланысты мәселелер жүктіліктің алғашқы трименонында (триместрінде) кездеседі. Екінші триместр дегеніміз жұбайлардың төсек қатынасындағы нағыз қолайлылық мезгілі. Ал үшінші триместрде әйелдің қарны үлкейіп кететіндіктен біраз ыңғайсыздықтар туындап жатады. Бірақ ондай ыңғайсыздықтардың барлығы жыныстық қатынасты шектеп тастайды деуге келмейді.

Жүктілік кезіндегі секстің қандай ерекшелігі бар?

Әдетте, әйелдер оргазмға (тояттау) оңайлықпен жете қоймайды. Ал жүктілік кезінде жамбас бөлігінде (атап айтсақ, қынаптың үстіңгі жағына) қан жақсы жүріп тұрады. Соның арқасында клитордың (күйіттік, тылақ, шүртекей) сезімталдығы артады. Әйелдің жыныстық қатынаста тояттауына себепкер мүшенің бірі — клитор. Ол сезімтал болса, тояттау да тез болады.

Жыныстық қатынас кезінде жатырдағы сәби соққы алмайды ма?

Жоқ. Жатырдың ішінде қағанақ болады. Қағанақ — амниотикалық сұйықтыққа толы қапшық. Жыныстық қатынас кезінде болуы мүмкін түрлі соққылардан сол сұйықтық қорғайды. Қауіп қынаптан қан немесе амниотикалық сұйықтық аққанда, ауырсыну байқағанда болуы мүмкін.

Тояттау кезінде жатыр қысылады екен. Ол сәбиге зиян емес пе?

Оргазм сезіміне жеткенде жатырдың тарылатыны (жатыр контракциясы) рас. Бірақ өте қысқа уақытқа, бірнеше минутқа созылады да қайта қалпына келеді. Одан сәбиге келіп-кетер зиян жоқ. Керсінше, пайдалы. Өйткені жыныстық қатынастан өзіне қажеттісін алып, тояттаған әйелдің ағзасы жақсы жұмыс жасайды, қан айналымы жақсарады. Ал ол дегеніміз жатырда жатқан сәбиге жағатын табиғи процесс.

Жыныстық қатынас кезінде аздап қан кетті. Ол ненің белгісі?

Жүктіліктің алғашқы жартысында төсек қатынасы кезінде қан кетсе, ол туралы гинеколог-дәрігерге айтыңыз. Жалпы, жүктіліктің екінші жартысында қан аз кетсе (бірнеше тамшы), қатты алаңдаудың қажеті жоқ. Өйткені қынап аймағында қан жақсы жүреді. Кішкентай қылтамырлардың аздап бүлінуінен де қан кетеді.

ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ! Мына жағдайларда жыныстық қатынасқа түсуге болмайды:

  • жатыр мойны уақытынан бұрын ашылғанда: жатырға инфекция кіруі мүмкін;
  • бірнеше рет іш тастау (бала тастау) жағдайы орын алса, жүктіліктің алғашқы апталарында қатынас жасамау керек;
  • көп қан кеткен жағдайларда, қайта қалпына келгенше күте тұру керек;
  • уақытынан бұрын болатын толғақтар кезінде;
  • қағанақтың орналасуында ауытқулар болса (ол жағын гинеколог-дәрігер анықтайды).

Ұқсас мақалалар

Бойға баланың бітуі қалай жүреді?

Жүктілік кезіндегі жыныстық қатынас

Іші шыққан әйел қалай ұйықтау керек?

Яндекс.Метрика