Бауырына салу дәстүрі

Бауырына салу — қарт ата-әжесінің тәрбиесінде болуы үшін, оларға ермек болып, көз қуанышы болуы үшін ең тұңғыш немерелерін қарауларына беру дәстүрі. Бұл дәстүр еншісін алып шыққан ұлының тұңғыш баласын ата-анасынына беруімен сипатталады. Қазіргі қазақ қоғамында мұндай дәстүр бұрынғыдай жиі кездеспейді.

Ұлдарынан туылған алғашқы немерелерін ата-әжесі немесе жақын туыстарының уақытша тәрбиелеуге және бағып-қағуға алу бұрынғы қазақ қоғамында жиі кездесетін болған. Көп жағдайларда ата-әжесі алады. Ал туыстарының бауырына басып алулары өте аз болған деуге болады.

Бауырына салу бала асырап алу дегенді білдірмейді. Сондықтан бауырына салғандарын (баланы) оның туған ата-анасынан, туған бауырларынан айырмайды. Бала өскеннен соң қаласа, ата-анасына кетеді немесе сол шаңырақта қала береді. Қазақ халқында әсіресе тұңғыш немересін бауырына ұлдың әке-шешесі салады. Ел аузындағы «Бірінші немере — үлкендердікі (ата-әжесінікі)» деген сөз осы дәстүрден қалған. Бірақ олармен қатар баланың ата-анасы да тәрбие береді.

Ата-әжесі — үлкен әке-шешесі
Ата мен әжесіне еркелеп өсіп немесе жақын ағайындарының тәрбиесінде болып есейген балаға бауырына салған адамдар әрдайым ыстық көрінеді. Өздерінің ішінен шыққан балаларынан кем көрмеген атасы мен әжесі үлкен ата-анасы болып саналады. Бірақ «кімнің баласысың (қызысың)?» деген сұраққа өзінің туған әкесінің атын атап жауап береді. Өйткені әкенің аты – әке, ананың аты – ана. Оларды бауырына басқандардан ешкім алмастыра алмайды.

Ұл бала есейіп, келін түсірсе, ата-әжесінің үйіне түсіреді. Ал қыз ұзатылса, ата-әжесінің шаңырағынан ұзатылады. Егер ата-әжесі өмірден өтіп, олардың шаңырағына ие болатын басқа да немерелері мен балалары болмаса, онда бауырына басып алған немересі сол шаңырақты сақтап қалады.

Бауырына салу дәстүрінің Құнанбай әулетіндегі орны

Бұл дәстүр тек ата-әжесінің тұңғыш немересін бауырына басуларымен шектелмеген. Жоғарыда айтқандай, туған-туыстар да жақындарының балаларын бауырларына басқан. Мысалы, бауырына салу дәстүрі қазақтың бас ақыны саналатын Абайдың әкесі Құнанбай әулетінің бұлжымас салтына айналған еді.

Құнанбай қажы көп әйел алған. Алғашқысы Күңкеден (азан аты — Әйбөбек) туылған Құдайберді (Шәкәрімнің әкесі) болатын. Күңке бәйбіше Құдайберді жалғызсырамасын деп, Ұлжанның Абайдан соңғы баласын, Ысқақ (1847-1900), бауырына салып, өз тәрбиесіне алды. Бұл жағдай — аталған әулеттегі бауырына басу дәстүрінің бір ғана мысалы.

Ұқсас мақалалар

Бесік той (Бесікке салу)

Шілдехана (Шілдехана тойы)

Ашамайға мінгізу

Бала асырап алу