Жасанды жолмен ұрықтандыру

Өкінішке орай, табиғи жолмен ұрықтану мүмкіндігі адам ағзасының физиологиялық жағдайына немесе денсаулығына байланысты барлығында бола бермейді. Жетілген ағзаның табиғи жолмен ұрықтануға қабілетсіздігі бедеулік деп аталады. Бедеуліктің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Ал олардың алдын алу үшін (жою үшін) дәрі-дәрмектер мен хирургиялық әдістер қолданылады.
Алайда, мұндай әдістер де кейде оң нәтиже бере бермейді. Ағзаның табиғи жолмен ұрықтану қабілетін қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда жасанды жолмен ұрықтандыруға жүгінуге болады. Оның бірнеше әдістері мен жолдары бар. Төменде соларға сипаттама беріледі.

Жасанды жолмен ұрықтандыру

Жасанды ұрықтандыру әдістері

Шәуеттің (еркектің жыныстық жасушалары бар ұрығы) жасанды инсеминациясы

Бұл – қарапайым әдістердің бірі. Лабораторияда күйеуінің (егер бедеулік физиологиялық ауытқулар салдарынан болса, әйел ағзасынан алынады) не донордың (егер жолдасы бедеу болса немесе жалғызбасты, күйеуге шықпаған әйел болса) шәуеті алынады. Ұрықтың өміршеңдігін ұзақ уақытқа сақтап қалу үшін оны ерекше өңдеуден өткізеді. Овуляцияның қолайлы күндерінде (цикл бойынша үш рет: овуляцияның алдында, овуляция кезінде және овуляциядан кейін) шәуетті тікелей жатыр қуысына енгізеді. (Кері жағдайда емделу шарасы жатырдың ішкі инсеминациясы деп аталады.) Емделу шараларының тиімділігін арттыру үшін алдын ала аналық жыныс безін ынталандырып алады, яғни бір цикл ішінде біреу емес, бірнеше аналық клетка өсіп жетілу үшін әйел ағзасына гормондық дәрі-дәрмектер енгізіледі (бұл әдіс суперовуляция деп аталады).

Жасанды инсеминация төмендегідей себептер болса ғана жасалады:

  • Аталық ұрықты қынаптан жатырға өткізбейтін әйелдің жыныстық жолынан шығарылатын цервикальды шырыштың ерекше қасиеті;
  • Жұптың біреуінің бедеулігі;
  • Жыныстық қатынасқа түсетін жұбының болмауы (жалғызбастылар).

Емделу шараларын өткізер алдында әйел адам кешенді (жалпы) тексерілуден өтуі тиіс. Оның ішінде – гинекологқа қаралу, ішкі жыныс мүшелерінің УДТ (УЗИ), жасырын инфекцияларға анализдер тапсыру, инфекция (гепатит (сары ауру, бауырдың қабынуы), сифилис (мерез), АИТВ (ВИЧ)) және қанның тобы мен резус-факторын анықтау үшін анализдер тапсыру, қан гормондарын тексеру. Сонымен қоса, жүктілікке рұқсат берілген терапевтің қорытындысы (кейбір әйелдерге денсаулығына байланысты бала көтеруге тыйым салынған) да қажет.

Жасанды инсеминацияны өткізу үшін қолайлы жағдайлардың бірі тым болмаса жатыр түтігінің біреуінің өткізу қабілетінің болуы болып табылады.

Жолдасының шәуетімен инсеминация жүргізу мүмкіндігін анықтау үшін арнайы сараптама жасалады, яғни спермограмма.

Жасанды инсеминация әдісі қаншалықты нәтижелі? Әйелдің жасы неғұрлым кіші болса, оның инсеминация нәтижесінде жүкті болу мүмкіндігі соғұрлым жоғары (30 жасқа дейін – 50%, ал 35 жасқа таман нәтижелілігі 20%-ға дейін төмендейді). Сондықтан емделу шаралары жас әйелдерге тағайындалады.

Экстракорпоральды ұрықтандыру

Бұл әдістің мәні ананың ағзасынан тыс аналық клетканы ұрықтандыру және өсіп-жетілген ұрықты (эмбрион) жатырға енгізу болып табылады. Әдетте жатыр түтігінде өсетін ұрық пен аналық клетканың даму кезеңдері экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ – ЭКО) кезінде осылайша жасанды түрде жүргізіледі.

ЭКҰ төмендегідей себептер болса ғана жасалады:

  • жатыр түтігінің өткізу қабілетінің жоқтығы немесе жатыр түтігінің мүлдем болмауы (оның ішінде жатырдан тыс жүктілік немесе зарарсыздандыру (стерилизация) себебінен операциялық әрекет жасалған болса);
  • эндокринді ауытқушылықтың салдарынан болған бедеулік;
  • аналық жыныс безінің әлсіздігі;
  • жыныс мүшелерінің дамуындағы туа біткен ауытқушылықтар;
  • цервикальды шырыштың болмауынан жатырға аталық ұрықтың (сперматозоид) түспеуі;
  • әйел ағзасының аталық ұрықты жойып тастайтын антиденелерді бөліп шығаруы;
  • несеп-жыныстық жолдардың созылмалы қабынулары;
  • жыныстық қатынасқа түсетін жұптың біреуінің бедеулігі.

ЭКҰ шараларын жүргізер алдында да әйел және оның жолдасы (немесе донор) жасанды инсеминация кезіндегідей дәрігерлік тексерілуден толық өтуі тиіс.

Экстракорпоральды ұрықтандыру қалай жүргізіледі? ЭКҰ әдісі инсеминация әдісіне қарағанда, өте күрделі. Ол бірнеше кезеңдер бойынша жүргізіледі.

Бірінші кезең – аналық жыныс безін ынталандыру және фолликулдардың (аналық клетка өсіп-жетілетін «көпіршіктер») өсуін бақылау (УДТ (УЗИ) көмегі арқылы). Ұрықтануға дайын бірнеше аналық клеткалардың болуы ұрықтану мүмкіндігінің бар екендігін білдіреді.

Екінші кезең – ана ағзасынан аналық клеткаларды «шығару». Фолликулдар қынап арқылы өткізіледі (анестизия көмегімен және УДТ бақылауы арқылы).

Үшінші кезең – алынған аналық клеткаларды алдын ала қозғалғыштығын арттыру үшін арнайы өңдеуден өткен аталық ұрықпен ұрықтандыру.

Төртінші кезең – алынған эмбриондарды ерекше құнарлы ортада өсіру.

Бесінші кезең – эмбриондарды жатыр қуысына ауыстыру. Арнайы катетердің (дененің қуыстарына енгізілетін арнайы түтік) көмегі арқылы ұрықтанғаннан кейін 2-5-ші күндері жасалады. Емделу шараларының тиімділігін арттыру үшін әйел ағзасына бір уақытта 2-3 эмбрион енгізіледі.

Пайдаланбаған артық эмбриондарды мұздатып қатырады. Емделу шарасы сәтсіз болған жағдайда оларды қайта экстракорпоральды ұрықтандыру үшін екінші рет қолдануға болады.

Экстракорпоральды ұрықтандыру әдісінің нәтижелілігі 25-40%-ды құрайды.

Аталық ұрықтың интрацитоплазмалық инъекциясы (жоғарыдағы суретте)

Бұл әдістің негізі – ЭКҰ, ал айырмашылығы – ананың ағзасынан алынған әрбір аналық клетка микроскоп арқылы арнайы инъекциялық тамызғыштың көмегімен ана ағзасына енгізілетін бір ғана аталық ұрықпен ұрықтандырылады.

Аталық ұрықтың интрацитоплазмалық инъекциясы төмендегідей себептер болса ғана жасалады:

  • шәуетте дұрыс дамыған аталық ұрық мөлшерінің жеткіліксіздігі;
  • аталық ұрықтың аз қозғалғыштығы немесе өмір сүруге қабілетсіздігі;
  • ЭКҰ әрекеті кезінде алынған теріс нәтиже, қорытынды.

фото: Science Photo Library

Ұқсас мақалалар

Ертерек жүкті болудың 7 амалы

Жүкті болуға қолайлы күндерді анықтау

Жүктілікті жоспарлау

Бедеулік және оның себептері

Comments 29

Яндекс.Метрика